Асхат Өмірбаев. Ең текті қалыңдық (ертегі)

Асхат Бақытұлы Өмірбаев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылында дүниеге келген. Осы өлкеде 1999 жылы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті бітірген. 2004 жылы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмәмдаған. "Мен сізге ғашықпын" атты прозалық кітабы жарық көрген.

***

Ерте заманда қазақ даласында текті ханның жалғыз ұлы болыпты. Ол "Елдегі ең текті қызға үйленсем ғой, шіркін!" деп армандайды екен. Ол Атырау мен Алтай, Жетісу мен Сырыарқаны шарласа да өзіне лайықты қыз таба алмапты. Сұлу да көп, сылқым қызда көп, сұлтан олардың қайсысын таңдарын білмей, әбден басын қатырыпты. 

Содан кейін ол қарамағындағы бектер мен шонжарларды, байлар мен көпестерді, ақсүйектер тұқымынан тараған игі жақсыларды жинап: 
– Уа, ағайындар! Кеше сіздердің көз алдарыңызда өскен бала едім, міне ат жалынын ұстайтын ер жігіт болдық. Жар сүйіп, текті ұрпақ өрбіткім келеді. Маған хандықтағы ең текті қызды таңдауыма көмектессеңіздер деймін. Текті қыздың белгілерін айтсаңыздар, - дейді сұлтан. 
–  Сұлтаным, қыпшақ аруларының бәрі қарақат көзді, қиғаш қасты, тал шыбықтай бұралаған арулар. Бірінен бірі өтеді. Сізге лайықты текті қызды таңдау қиынға соғады, - дейді бас уәзір. 
– Қазақ қыздарының бәрі ұяң да инабатты, сыпайы, жүріс-тұрысы салмақты, өздері сызылып тұрады, - дейді бектердің бірі. 
– Етегі ұзын, кең көйлек киген, басына бөркі бар арулар жөнсіз, әдепсіз сөйлемейді. Орынсыз жырқылдап күлмейді, - дейді шонжарлардың жуаны. 
–  Салт-дәстүрден аттамаған, үлкен-кішіні сыйлаған, - дейді байлар. 
– Кешқұрым жалғыз жүрген қызды көрмедім. Қазақ қыздары менен опа-далап алып, шектен тыс боянбайды, - дейді көпес. 
– Иә, расында маған лайық аруды табу қиын-ау! – дейді сұлтан. – Игі жақсыларым, ақыл-кеңестеріңізге мың алғыс! Барша жұртқа жар салайық, хандықтағы жақсы деген қыздарды сарайға шақырыңыздар, лайықты жар табылып қалар, - деді сұлтан. 
Сөйтіп, хан сарайының маңындағы ақсүйектер өз қыздарын сұлтанға жар болғанын қалап, ханмен құда болғысы келіп, әрекетке көшіпті. 
Ең бірінші болып бас уәзірдің қызы Күнімай қыз сарайға келіп, сұлтанға жолығыпты. Қыз алтын жалатылған табаққа толған апорт алманы ұсынып: 
– Әкемнің сізге беріп жіберген сыйы еді, қабыл алғайсыз, сұлтаным! - дейді Күнімай. 
– Әкеңіз беріп жіберді ме? Бірақ мен... – Сұлтан ойланып қалады. 
– Сізге сыйлығым ұнамай қалды ма? – деп шыдамсыздана сұрайды ару. 
– Әке-шешемнен басқа ешкім менің сөзімді бөлмеп еді, сыйлығыңызды кері алып кетіңіз, - дейді сұлтан қабағын шытып. Күнімай мүлт кеткенін сезіп, тілін тістеп алады. 
Екінші болып бектің қызы Айбегім келеді. 
– Сұлтаным, хандығымызды гүлдендірген хан иемізге мың алғыс! Әкем сізге мына сыйлықты беріп жіберіп еді, - деп ыдыс толы қара балықтың уылдырығын ұсынады. Сұлтан сыйды алуға ұмтылып, қолын ұмсына бергенде қыз маужырап, есінеп қоя береді. Сұлтан тіксініп қалады. 
– Адамға қарап есінеген әйел затын көрмеппін, - дейді ол қабағын түйіп. Қыз сасқалақтап, қолымен ауызын жаба қояды. 
- Әкеңіздің сыйлығын қабыл ала алмаймын, - дейді сұлтан. Қыздың екі беті нарттай қызарып, теріс бұрылып, сарайдан шығып кетеді. 
Үшінші болып байдың Айжүзік деген қызы сұлтанға келеді. 
- Алтыннан ардақты, қорғасыннан салмақты сұлтаным, әкемнің кішкене сыйлығын қабыл алғайсыз, - деп жүзім толы себетті ұсынады. Осы кезде сұлтанның ақ мысығы қыздың аяғына оратылып, еркелей береді. Қыз шыдамай мысықты аяғымен нұқып қалады. Мұны байқап қалған сұлтан: 
– Жүзім көз тартарлық болғанымен, өзі ащылау екен деп әкеңізге айта барарсыз, - дейді сұлтанның көңіліне кірбің түсіп. 
– Бірақ сұлтаным, сіз жүзімнен дәм татып көрген жоқсыз ғой, - деп таңырқайды бай қызы. 
– Тірі жанға ықыласыңыздан-ақ адамның көңілі қалады екен. "Әуелі тамағыңды емес, қабағыңды бер" деген мақалды біліп жүргейсіз. Мысық та адамның өзіне қарай қараса, солай қабылдайды, - дейді сұлтан. Мысық қыздан аулақ кетіп, сұлтанның алдына келіп жатып алады. Сұлтан мысықты сипап еді, жануар рахаттана пырылдап, еркелей бастады. Оңбай қателескенін білген байдың қызы төмен қарап, есіктен шығып кетіпті. 
Төртінші болып шонжардың қызы Сырғалым бағын сынауға келіпті. Бұл кезде сұлтан түскі асын ішкелі жатыр еді, сұлу қызды өзімен бірге тамақтануға шақырады. 
Сырғалым әкесі секілді тамақты апыл-ғұпыл, асап жейді екен. Мұны көрген сұлтанның қайбір тәбеті тартсын! Ол аз болғандай қыз сұлтанның алдында сылаң қағып, қылымси сөйлейді-ау! Батылдық үшін қымыз құйып, өзі бірінші болып сіміріп салыпты. Сұлтан шошып кетіп, орнынан атып тұрды! Жанында тұрған күтушілердің өзі сабырлы сұлтанның ешнәресе жемей, үстел басынан оқыс тұрып кеткеніне таңырқап қалды. Тіпті, сүйікті асы – асылған етті, қазы-қарта мен жал-жаяны әкелсе де дәм татпады. Күзетшілеріне: 
– Мына қызды үйіне апарып тастаңдар! – деп бұйырды. Екі қарауыл қызды екі қолынан сүйреп, сарайдың сыртына шығарып, күймесіне отырғызып жіберді. 
Сұлтан сылқ етіп орындыққа отыра кетті. "Бүйтіп қалыңдық таңдағаным бар болсын!" деді іштей. Осы оқиғадан соң ешбір қызды қабылдамай қойғанын ішіңіз сезіп отырған шығар. 
Ертеңінде таң атпай жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда қарапайым киініп, жанына күзетшілерін ертпей, жаяу сарайдан шығып кетеді. Қараса, өзіне келмек болған ақсүйектердің қыздары базарда сауда жасап, әңгімелесіп тұр екен. 
– Қыздар, естідіңдер ме, сұлтан өзіне қалыңдық іздеп жүр екен, естуімше оған бас уәзірдің қызын айттырғалы жатыр екен, - деп қыздар сыңғырлай күлді. Жақын жерде тұрған сұлтан қыздардың айтқан сөзін тыңдамай-ақ қояйын деп еді, бірақ әңгіме өзі жайында болған соң жұрттың пікірін білгісі келді. 
– Сұлтанның қалыңдығы болуға мен лайық емеспін бе? – деді дуанбасының қызы - Меңгүл тәкәпарлана мұрнын көтеріп. 
– Ибәй, сенен басқа қыз таусылып қалды ма? Мына маған қарасайшы, түр десе түрім, бой десе бойым бар, мен бас уәзірдің қызынан да әдемімін. Ол қыздың адам сүйсінер қылығы жоқ, соны айтпаңдаршы, суқаным сүймейді, - дейді базар бастығының қызы - Пәтигүл. 
– Оны қойшы, ана күзет бастығының қызы - Жұлдыздың суыт жүрісі ұнамайды, - деп қыздар оны жамандап, өсектей бастады. 
Сұлтан бұл қыздардың сөзін одан әрі тыңдағысы келмеді. Базар есігінің алдында бір байшыкештің әйелі күйеуіне шапылдап ұрсып жатқанын көреді. "Тәңірі сақтасын, - дейді жігіт іштей. – Бұл әлгі маған қызын жіберген бай ғой. Шешесі би, әкесі құл үйден қыз алмаспын. Күйеуін сыйламаған анадан қайбір жақсы қыз тусын!". 
Кенет себелеп өткінші жаңбыр жауады. Сұлтан ұзыннан ұзақ созылған базарды аралайды. Адамдар ханның алым-салықты азайтқаны дұрыс болғанын, диқандарға тегін жер бергенін айтып жатыр екен. Сұлтан ашық аспан астында біреудің бидай сатып отырғанын көреді. 
– Жаңа ғана жаңбыр жауды ғой, сіздің бидайыңыз неге құп-құрғақ? – дейді сұлтан. 
– Жаңбыр жауғанда астығым су болып қалмас үшін бетін қалың киізбен жауып қойдым, - дейді саудагер. Сұлтан саудагердің сөзіне сенбей, жейдесінің жеңін түріп, қолын мөшекке батырып жібереді. Расында, бидай құп-құрғақ екен. Сұлтан саудагердің адалдылығы тәнті болып, бір алтын ділда беріп, астығын түгел сатып алады. Бір қап бидайды тұрмысы төмен, көпбалалы ананың отбасына сыйлап жібереді. 
Сұлтан базарды аралап келе жатып бал сатып отырған әйелдерді жағалап жүрген бір жұпыны киінген бір баланы көреді. 
– Апайлар, бір қасық бал беріңдерші, анам ауырып жатыр еді, – дейді бала. Саудагерлер балын балаға тегін бергісі келмейді. Сұлтан балаға көмектескісі келеді; бірақ базарда бал сатушылар тым көп екен. Ол қай сатушының балы таза болса, баланың анасына ем қонарын түсінеді. Барлық құмырадағы бал толы екен де, біреуінікі жарты құмыра ғана екен. Бір қызығы, бағасы бірдей болып шығады. 
– Сіздің балыңыз басқа сатушылардан аз болса да бағасы неге бірдей? – деп таңдана сұрайды қарапайым көрінген сұлтан. 
– Құмырамның балға толмағынына уайымдамаймын. Омартамнан шыққан бал осы ғана. Бірақ балымның таза екеніне күмәніңіз болмасын, – дейді сатушы әйел. 
– Балыңызды таза екенін қайдан білемін? - дейді сұлтан. 
– Ол оп-оңай, - дейді сатушы әйел балдың бір түйірін сұлтанның қолына жағып. Сол сәтте бал жабысқақ болмай, теріге оңай сіңіп кетеді. 
– О, мынауыңыз керемет екен, әйтсе де балдың бәрі теріге сіңуі мүмкін ғой, - дейді сұлтан. Әйел бір қасық балды табақтың ортасына салып, үстіне екі есе таза су құйып, шайқай бастайды. Табақты қанша шайқаса да, су балмен араласпапты. 
– Охо, мұндай кереметті бірінші рет көріп тұрмын! Таза балды тағы қалай тексеруге болады? – дейді сұлтан. Әйел күнге табақты шығарып, шайқай бастағанда су балдың бетін шайып, ар жағынан араның ұясына ұқсас алты қырлы ұяшықтар пайда болыпты. Сұлтан жанында бал сатып тұрған басқа сатушыларға: 
– Сіздер осылай жасай аласыздар ма? – деп сұрағанда ешқайсысы үндемепті. Бал сатушы әйелге риза болған сұлтан үш алтын ділданы қалдырып, балды балаға беріп, ауырып жатқан анасына шипа болсын деп тілек айтады. 
Базардың бұрышында бір әдемі қыз сүт сатып тұр екен. Оның сүтін жұрттың бәрі таласып сатып ала бастапты. Мұны қызғанған басқа сүт сатушылар қызға «Біз секілді сүтіне аздап су қосып қой, сонда пайдаға кенелесің» дейді. 
– Мен олай жасай алмаймын. Өйткені Жаратушыдан қорқам. Егер мен елді алдасам, сиырымның сүті азайып кетеді. Өзім де абыройсыз боламын. Жаратқан сиырымды берекелі қылып, сүтін мол етті. Мен осыған қанағат қылуым керек, - дейді қыз тартыншақтап. 
Сұлтанға қыздың жауабы ұнап қалды. Қыз сүтін сатып үйіне қайтқан кезде соңынан жігіт те ілеседі. Қыз үйінен заттарын апарған соң табиғат аясына барып, құстардың құйқылжыта салған әнін тыңдамақ болады. Өзен жағасына келіп, беті қолын жуып жатқан сүйкімді қыздан көзін алмаған сұлтан оны ұнатып қалды. Қыз өзенде жүзіп жүрген аққуларға жем шашып, құстардың жұбы жазылмай бірге жүргенін қызықтап жүр екен. "Шіркін, осы қос аққу секілді менің де арқасүйер азаматым болса ғой.." деп армандай бастады. Жігітке мұндай сұлулардың талайы кезіккен, бірақ бұл қызды сұлу дегеннен гөрі перизаттай сүп-сүйкімді деуге болар. Жігіт қызды сырттай бақылап, қайтып келе жатқанда алдын бөгейді. 
– Қарындас, "қыздың жолы жіңішке" деген, жолдан алдымен сіз өтіңіз, - дейді. Қыз ер адамға тік қарамай, басын изеп амандасып: 
– Ер адамның алдынан кесіп өтпеуші едім, - деп қыз сыпайылық сақтап, жігітке жол береді. 
– Екеуіміздің барар жолымыз бір екен, - Бірге жүрсем қайтеді? 
– Атай көрмеңіз, - дейді қыз беті мен құлағының ұшына дейін қызарып кетеді. – Әке-шешем көрсе, оңдырмас. Мен сіздің соңыңыздан жүре берейін. 
– Охо, - деді жігіт күлімсіреп. – Қалауың білсін, сұлу қыз! 
Жігіт қызға күлкілі әңгімелерді айтып беріп еді, қыз жырқылдап күлмек түгілі, ауызын ашқан жоқ! Тек ботаның көзіндей жәудіреген көздері ұшқын ата, күлімдеп қана қойды. Біраз жүрген соң қыз үйіне кіріп кетеді. 
Сұлтан жаяу жүріп шөлдеп қалып еді, қыздың үйіне бас сұғып, су ішіп алмақшы болады. Қараса, қыздың әке-шешесі бағана өзі бидай мен бал сатып алған саудагерлер екен. Сұлтан қыздың шешесі ас ішердегі тазалық, киім киісі тиянақты, әңгіме айтқанда зейінді, жүрісі ұқыпты екенін байқайды. Олар су сұраған жігітке сүт беріп, қонақ қылып күтеді. Сол кезде сұлтан "шешесін көріп, қызын ал" деген мақалды есіне түсіреді. Үй иелеріне алғыс айтып, сарайға қайтады. Қарапайым киімдерін шешіп, сәнді киініп алады. 
Сарайға келген сұлтан әкесіне: 
– Әке, мен өзіме лайықты қалыңдық таптым, - дейді. 
– Бәрекелді, балам! Ол қыз інжуге тағылған лағыл болса, мен неге қарсы болайын. Саған ол қыздың қандай қасиеті ұнады? – дейді хан. 
– Ол қыздың шешесі өте сыпайы екен. Әкесі ақкөңіл, жарқын жүзді жан екен. 
– Сенің отбасын құрып, ұрпақ өсіргенің дұрыс. Ол қай ақсүйектің қызы екен? - дейді хан. 
– Әке, ол шаһар имамының қызы - Имангүл, – дейді сұлтан. Хан ойланып: 
– "Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық" деген балам. Мен бұған бүгін көз жеткіздім. Сен тумай тұрғанда, жас күнімде сол қызды саған атастырып едім, арада талай жылдай өтіп, есімнен де шығып кетіпті. Жас күнімде жаныма нөкерлерімді ертіп, аң аулауға шықтым. Аңның қызығына түсіп, серіктерімнен адасып қалдым. Жолда маған бір топ аш қасқыр шабуыл жасады. Атымды қоршап жан-жағынан тартқылады. Ат тұрмақ, өзіме қауіп төнді. Сол кезде бір кісі мені қасқырлардың қоршауына түскенімді көріп, қол ұшын берді. Болмысы бекзат, өзі діндар адам екен. Осы жақсылығы үшін әрі жақсы адаммен құда болғым келді. Сол кезде ханшайым шешеңнің аяғы ауыр еді. Әлгі адамға "Егер әйелім ұл туып, сенің жұбайын қыз туса, екеуін аттастырайық" деген едім. Міне, сол текті қалыңдықты өзің де іздеп тауыпсың, қолыңды жай балам, батамды берейін, – деп хан ақ тілегін арнапты. Сөйтіп, сұлтан имамның қызына үйленіп, бақытты өмір сүріпті.