Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Асхат Қасенғалидың шығармасын ұсынамыз.
1993 жылы ШҚО, Ұржар ауданында дүниеге келген. 2011-2015 жалдары саясаттану, 2017-2019 жылдары тарих мамандығы бойынша білім алған. Алматы қаласындағы "Жастар Үні" ұйымында қызмет етеді.
***
Ауылымды сағындым. Бармағалы біраз жылдың жүзі бопты. Туған жердің топырағына табаным тимегеніне төрт жыл. Іштей өзімнен, қарт Тарбағатай мен адуынды Алакөлден ұялып жүрмін. Балалық шақта топырағына аунап, саф ауасын жұтқан қасиетті мекенім "Мені ұмытты ма?" деп кейіп жатқан болар. Жөн-ақ.
Сұрағанға тілеген. Телефондағы келесі әуен сәйкестіктен бе, әйтеуір ішкі көңіл күймен астасып шықты. Құлаққапта:
"Ауылым, аңсадым,
Аппақ таңыңды.
Тұнық кешіңді, алма бағыңды
Өзіңе барып, қуып сағымды,
Іздеймін бала, балғын шағымды", – деп Жұбаныш ән салып жатыр. Жұбаныштың әні жанға жұбаныш.
Менің туған өлкем жайлы сізге бір сыр шертейін. Оқи отырыңыз. 1993 жылдың сәуірінде дүние есігін 9 айлық құрсақ деген "жұмақтан", Ұржар деген "жәннатқа" ауыстырыппын. Иә, мен жұмақта туған баламын. Асан қайғы Ұржарды көрсе, Жерұйықты іздемес болар. Жер жәннатты осы екен деп, Желмаясын бір сипап, жалғанды жалпағынан басар еді. Өйткені Ұржар расыменде жердің жұмағы. Тарбағатайдың күнгейін құшақтай орналасқан бұл мекеннің шығысын Алакөлдің толқындары шайып жатыр. Ұржар. Атаудың да шығу тегі қызық әрі жұмбақ. Бір деректе ол "үріп ауызға салғандай әдемі" деген мағынаны білдіреді десе, енді бір деректе "жаугершілік заманда ұры-қары жарына көп тығылып, майдан салған" деседі. Әр аңыздың бір шындығы бар. Сондықтан қос атаудың қайсысы дұрыс деп бас қатырмаймыз, екеуі де бірдей өтірік һәм бірдей шын.
Ұржардың бойы толған тарих. Топырағы түркілердің жорығын, тасы қазақ-қалмақ соғысын, ағашы ақ пен қызыл атысын айтып береді. Бұл өлкенің топырағынан Қабанбайдай ер түлеп шығып, жауының жағын, жылқының жалын сан мәрте айырған дейді қарт тарих. "Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі" деген сөзді шынайы іске асырған Қазымбет батыр да осы өлкеде жан берген. "Ту түбінде тулап өлген Қазымбет" деген сөз содан қалған. Әнеу дөң басында найза алып, шығысқа қарап тұрған сол бабамыздың ескерткіші.
Ереуіл атқа ер салған, егеулі найза қолға алған сан батыр жанының жарасын Ұржарды қорғап, тәнінің жарасын Алакөлге шайып жазыпты деседі. Жоңғармен жаға жыртысқан қанды жылдардың естелігі көп мұнда. Тарбағатайдың өзі "суырлы тау" деп атаған қалмақ сөзі. Содан-ақ бағамдай беріңіз.
Уақыт өтіп, заман зымырап жатыр. Кейін орыстың озбыр отарлауын, оған қарсы ақберен алып, атқа қонған көтерлістерді, ақ пен қызыл атысқан қанды жылдарды, Анненковтың Ұржар маңында жан қалдырмай қырғын салғанын, Ашаршылықта Қытай асып, босып кеткен халықты көрген өлкенің тарихи қанды әрі мәнді.
Соңғы жылдары Ұржардың тарихын зерттеу үлкен қарқынға ие болды. 2013 жылы Ұржар маңынан сақ патшайымының қорымы табылды. Кезекті "Алтын адамның" табылуын жарыса жазып, жар салдық. Б.з.д 4 ғасырда бұл өлкеде массагеттің патшайымы билік еткен деседі. Табылған патшайымды "Ұржар ханшайымы" деп атады.
Бұл өлкеде талай сырды бүгіп, талай оқиғаның куәсі болған, өзінің ашылу сәтін, танылар уақытын күтіп жатқан жәдігерлер көп-ақ. "Найман қала" атанған ірі қамалдың орны жатыр, бірақ зерттеуші мен археологты күте-күте өзі де шаршаған сыңайлы. "Келсе келсін, келмесе уақыт жұтып, жоқ болайын" деп жатқан сыңайлы. Тарбағатайдан төмен тізілген бал-бал тастарда да талай сыр бар. Әр тасқа салынған тас дәуірінің суреттері бір ірі ғылыми зерттеуге арқа боларлықтай. Неандертальдықтар һomosapiensтер өздерін зерттеуді ұмытып кетерін білмеген-ау. Бұл менің өлкемнің тарихы терең, ашылмаған сыр сандық екенін айшықтап тұр. Келешек ұрпақ артқа бір қарап, тарих сағымында жойылып бара жатқан бұл жәдігерлерді қастерлеп, зерттер деген үмітім бар.
2011 жылы осы өлкеден арман қуып, Алматыға келдік. Тәніміз Қонаевтың қаласында болғанымен, жанымыз Қабанбайдың даласында. Эссені жазып отырып, іштей туған жерге саяхат жасап кеттім. Көлігім - санам.
Анам мына жерге қызғалдақ егетін, әкем көктемде қара ағашқа ұя орнататын. Ана өрде алғаш велосипед үйренген едім. Мына үйде бақытты балалықтың бал шақтары қалған. Аноу қораның төбесінде көгершін асырап, "құсбегі" болғам. Қызарып тұрған мына қызғалдақтар мен әктелген жеміс ағаштарында анамның жастық шағы бар. Ал мына ағып жатқан өзенге әкем ағам екеумізді балыққа апаратын. Ағам...
Бұл өлкені шексіз сүюдің тағы бір себебі ол менің ағам. Анау қырда томпайып жатқан қара қабір біреу үшін жәй төмпешік болса да, мен үшін ол осы өлкеге үнемі оралудың басты себебі. Онда менің асыл ағам жатыр. Ол Ұржарды шексіз жақсы көретін. Оның ауасын, табиғатын, тауын, суын, нуын. "Бұл өлкеден ешқашан кетпеймін" деуші еді. Сондықтан да болар, осында мәңгі қалды. Сөйтіп менің жүрегімді осы маңға мәңгі байлап тастады.
"Туған жер" дегенде табиғатын суреттейтін салт бар. Бірақ мен үшін туған жер тек табиғат емес, ол тарих, сағыныш, эмоция. Ұржардың табиғатын білгіңіз келсе, ел арасында оны "Екінші Швейцария" деп атайтынын айтқым келеді. Осыдан-ақ қандай сұлу, көркем екенін бағамдай беріңіз.
"Сенің үйің сен тұрып жатқан мекен емес, сен оралғың келетін мекен" деген сөз бар. Отанның ішінде отан болады. Кіші отан. Ол әр қазақ үшін қадірлі әрі қастерлі. Мен сізге бүгін өз өлкем жайлы бір сезімімді жаздым. Жеткізе алсам қуаныш, жетпей қалса өзіме деген реніш.
Біз жердегі жұмақ жайлы көп айтамыз. "Ең керемет жер қайсы" деп бас қатырамыз. Бір дүниені түсіну керек. Жұмақ әр ұлт үшін әр қилы. Арабқа сусыз болса да шөлі жұмақ, аварға жерсіз болса да тауы жәннат. Ал қазаққа сайын даласы, туған жері, атасының қызыл қаны төгілген, бабасының қара тері сіңген өлкесі ыстық. Жұмақ деген сенің жаның тыныштық тауып, күйбең тірлікті бір ұмытып, балғын балалыққа бір саяхат жасайтын қасиетті мекен. Демек, әр адамның өз туған жері оның Жерұйығы. Сондықтан мен сенімді түрде "жұмақта туған жігітпін" деп айта аламын!