әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің білімгері Ерсін Оспанбектің тырнақалды әңгімесін ұсынамыз.
Ит ғұмыр
1
Қайғы-мұңға, қуаныш-шаттыққа толы, біреуге күрделі, біреуге жай ғана өтер-кетер ертегі іспеттес өмір табалдырығын кімдер аттап, кімдер тастап кетпей жатыр дейсің бұ заманда.
Өмір – дәлірек айтсақ, біздің қоғам "қапқаны шапқыр, тазысы алғырлардың" заманы. Төбесінен қиқу көтертпес мұндай жандарды Алла тағала барының қадірін білу үшін, қолда барын қайтып алып, тоқтықтың қадірін білу үшін, неге ашықтырып алмайды екен?! Сонда қоғамда барға тәубе дер мәдениеттілер мен саналы санаттағылар терезесі тең өмір кешер еді ғой, тәйірі. Ех, өмір-ай! Қолғанат қаламын үстелге қойды. Бұдан әріге шамасы жетпесін, қаламы шаппасын түсінді. Әжім басқан бетін тарамыс шаруа қолымен мәпелей сипады. Икемге келмей ұйып қалған қос аяғын уқалап, орнынан тұрды. Ақырын басып далаға шықты.
Меңіреу дала, құлазыған тыныштық. Жан-жағына барлай қарады. Кенет дарбаза жақтан қыңсылаған әлдебір тіршілік иесінің үнін құлағы шалып қалды. Дыбыс шыққан жаққа жүрексіне бет алды. Таяп та қалды. Әлгі бір дауыс тым жақыннан естілді. Жанына келсе, ит екен. Әбден қалжырап, құр сүлдері қалған бейкүнә хайуан. Тағдыр тауқыметін бастан кешкен қаңғыбас төбет. Алайда, мына бір саудыраған сүйегіне қарап, "төбет" деудің өзі қиын. Бір мезетте Қолғанаттың жүрегі шым ете қалды. Иә, сол! Ақтөстің күшігі. Көз астындағы қанға малынған сүйелінен байқады, таныды. Былтыр ес білер шағында жоғалып кеткен, ерке күшік. Ақтөс те жалғыз баласын жан ұшыра іздеп, келмеске кеткен-ді. Бірақ, бұл күшік мұнда қайдан жүр?!
Ақтөс – өте ақылды ит болатын. Қожайыны Қолғанаттың ғана құйған тамағын қомағайлана ішіп, басқаның тамағына бас көтеріп те қарамайтын. Сол Ақтөс жазда күшіктеді. Алғашқы төртеуі тар дүние құшағына сыймай, шетінеп кетті. Тек бесінші күшік қана аман қалды. Оң көзінің астында сүйелі бар күшікті Қолғанат алақанына салып, еркелетіп, өз туған баласындай бақты. Ана сүтін емірене еміп, қожайынының қолында өскен күшік, ет қоңы жиылып, балпанақтай боп семірді. Үйшігінен шығып, аулада асыр салып ойнайтынды шығарды. Бірде анасының құлағынан тартқылап ойнаймын деп, таяқ та жеп алды. Сөйткен күшік бір күні ұшты-күйлі жоғалды. Қолғанаттың баспаған тау, аспаған асуы қалмады. Таба алмады.
"Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында" дейді қазақ. Ерке күшік жоғалар күні Қолғанаттың қаладағы досы, әр сөзін сылап-сипап сөйлер сырбаз кісі Арман келген еді қонақ болып. Көрші орыстардың үйде ит асырайтын әдеттеріне қызығып жүрген Арман, балпанақтай күшікті көргенде бей-жай тұра алмады. Ақтөс пен Қолғанаттың көзін ала бере, зып етіп көлікке салып үлгерді. Тезірек қоштасып, қайдасың қала деп тартып кете барды.
2
Өзгелерге еліктеп ат та қойып алды. Мойнына қарғыбау іліп, есік алдында отырған орыс кемпірлерге:
- Мой верный друг, Шарик, - деп танауын көтере, көкірегін бір қағып қоятын. Арман өзі жалғыз ілікті жан. Кең құрсақ, кебеже қарын қатыны екі баласымен төркініне кетіп қалған-ды.
Шарикке қала мүлде ұнамады. Анда-санда Арманмен көше кезгені болмаса, күні-бойы үй ішінде, төрт қабырғаға телміріп отырады. Арман күнде жұмыста. Алдына бір жапырақ ет пен бір шыны су қойып кетеді. Барға қанағат деп соны талғажау етеді.
Соңғы күндері тамаққа мүлде зауқы соқпады. Анасын, Қолғанаттың аялы алақанын, ауылдың саф ауасын сағынды. Терезеге телміріп, ашына ұлыды. Бөлмені ары-бері кезіп ұзақ жүрді. Арман қорылдап, қалың ұйқыны құшып жатыр. Далаға шыққысы келіп, есікке жақындады. Тұмсығымен түрткілеп көрді. Темір сабаз мыңқ етер емес. Болмаған соң аяғымен бір-екі рет тартып көріп еді, ашылды да кетті. Сытылып сыртқа шықты.
Түн. Айнала жап-жарық. Зуылдап өтіп жатқан көліктер. Шарик не істерін білмей абдырап қалды. Ішінде отырғаны болмаса, бетпе-бет кезігіп көрмепті.
Әбден ашығып, ішегі шұрқырап, әл-дәрмені қалмай, жолдан өте алмасын біліп, өзі тұрған жолды бойлап жүріп келе жатқан Шарик, тамақ иісі мұрныңды жарар бір кафенің есігінен зып беріп ішке кірді.
Қаз-қатар тізілген орындықтар. Әр-әр жерде екі-үш адам. Сыра ішіп, темекі шегіп, құж-құж әңгіме үстінде. Осынау көрініске телміріп тұра бергісі келмеді. Жан-жағына алақтай қарап, алға қарай беттеді.
Қыз бен жігіт отырған жерге келіп, тілін салақтатып отыра кетті еркелей. Адам баласы қызық қой, тәйірі. Өз басын алып жүре алмайтын иттен қорқып, кафе ішін азан-қазан шуға айналдырып кеп жіберді. Шарик жан дәрмені қалмай зыта жөнелді. Артына қарамай жүгіре берді, жүгіре берді. Әлден уақытта бір саябаққа келіп, жаны жай тапты. Алқына тулаған асау жүректің тепсіне лақтырған қан толқындары, мидың тамырына сыймай жарылып кете жаздады. Қатты қүйінді. Қайың түбінде ойланып жатып ұйықтап кетіпті. Керемет түс те көріп үлгерді. Ақтөс анасы, Қолғанат қожайыны үшеуі аулада ойнап жүр екен. Қолғанат кішкене таяқты алысқа лақтырады, бұл барып алып келеді. Мәз болып арқасынан сипайды, иесі. Адамның аялы алақанын көрмегелі қай заман. Өне бойы балқып барады. Қолғанат келген болар, мені тапқан екен ғой деп орнынан ұшып тұрды. Біреу баж ете қалды. Жас сәби екен алдында тұрған. Көңілі құлазып сала берді. Кері бұрыла бергенде, қара таспен біреу қақ шекеден салып кеп жіберді. Шаңқ ете қалды. Ауыр соққыдан есеңгіреп қалған бойын лезде жиып, басы ауған жаққа қаша жөнелді. Қинала қыңсылдап келеді. Өзін қинап қойған өмірге налып келеді, жетім ит. Көзінен жайлап жас ақты. Алдынан қарсы ескен самал жел, жұбату айтқандай көз жасын сүрте береді.
Бұл ұзақ жүгірді. Күнәлі қаланы да артқа тастады. Өзегі өртеніп, кеудесі ызаға булыққан тіршілік иесі әлсін-әлсін ұлып қояды.
Жүрісі баяулайын деді. Төрт аяқ қаудыраған сүйекті арқалап келеді. Өзімен жарыса асқазаны да жарыса ұлып қояды. Тамақ емес таяқ болды жегені. Әлгі тас тиген жер тызылдатып ауыртып барады. Шым-шымдап көз алдынан жаспен таласа қан тамады.
Бәймәлім бағыт. Бір ауылға кіргенін сезді. Мұнда тыныштық. Адам қарасы білінбейді. Қаладағы жабайы халық табы байқалмайды.
Шарик бұралаңдап келіп, бір дарбазаның тұсына құлады. Өне бойы қанға малынған ит, өз туған жері, туған үйі, қожайыны Қолғанаттың қолына келіп жығылғанын білмей, мәңгілік ұйқыға кетті.
Автор: Ерсін Оспанбек
Сурет: mesto-pod-solncem.org