- Негізгі бет
- Проза
- Әмірхан Балқыбек. "Қағанатты...
Әмірхан Балқыбек. "Қағанатты кітап құлатты"
ХҮI ғасырдың басы. Төңiрегiндегi тайпаларды уысында ұстап тұрған, ашық майданда қай-қай жауына да 3 миллионнан артық жауынгердi сақадай сай етiп қарсы қоя алатын қаһарлы ацтектер айналасы бiр-екi жылдың iшiнде жалпы саны 800-дей ғана болатын испан конкистадорларынан быт-шыт болып жеңiлдi. Ұлы ацтек империясының шаңырағы ортасына түстi. Ацтектердiң патшасы Монтесума испандықтармен бiтiмге келуге тырысып бақты, бiрақ испандықтарға Монтесумамен мәмiле емес, алтын керек едi, ақырында өзi келiп қолға түскен патшаны да сол алтынның жолына құрбандыққа шалып жiбердi.
Соншалықты күш басымдығы бола тұра ацтектердiң мұндай абыройсыз жеңiлiске ұшырауына не себеп? Ел бастаған көсемдерiнiң арсыздығы ма, әлде жауынгерлерiнiң Еуропа қару-жарағының алдындағы әлсiздiгi ме? Бәлкiм, жалқынына көзi түссе перiште де жолдан таяр алтынның қадiрiн дәл еуропалықтардай бiлмегендiктерi болар?
Жоқ, жылнамалар басқа себеп айтады. Олар бiр ауыздан ацтектердiң жеңiлiске ұшырауына кiтап кiнәлi едi дейдi. Иә, көнекөзi бар, жаңасы бар, кәдiмгi кiтап. Сол кiтаптарда баяндалатын аңыз-әфсана, бағзыдан сыр шертетiн тарихи жазбалар. Соларды есту, оқу арқылы қалыптасқан халықтық сенiмнiң осыншалықты сұрапыл iшкi қиратушы күшi болады деп кiм ойлаған?
Таратып айтар болсақ, ол замандағы ацтектер басқа Тәңiрлермен бiрге ақ адам бейнесiндегi Тәңiрге де (Кецалькоатль) сиынатын. Аңыздар бағзы бiр замандарда шалқар теңiздiң арғы жағындағы белгiсiз жақтан ацтектер елiне келiп, оларға жер жыртып, егiн егудi үйреткен сақалы белуарына түскен ақылды да мейiрiмдi ақ адам туралы әңгiмелейтiн. Тәңiрi ретiнде дәрiптелетiн сол ақ адамның кеме сияқты әлденеге мiнiп түпсiз теңiзбен келген жағына қайта кеткендiгi жайлы да баяндайтын. Табиғатынан көсе, қызылтәндi ацтектер қаба сақал испандықтарды көргенде ескi аңыздардағы сол адам-Тәңiрi өз балаларымен қайта оралған екен деп қалған. Ал, үндiстерде, жазмыштың көрсоқырлығы емес пе, ақ адам бейнесiндегi Тәңiрiнiң оралуы ақырзаманмен байланыстырылатын. Испан кемелерi, аңыз бойынша, сапарына адам-Тәңiрi осы жерден аттанып едi делiнетiн бұғазға зәкiр тастағанын көргенде, ақырзаман жайлы қорқынышты ойдың зәрелерiн ұшырғандықтары соншалық, ацтектер басбұзар осынау аз ғана тобырға ешқандай соғыссыз-ақ берiлуге бейiл болып қалған-ды. Испандықтардың тойымсыз дүниеқоңыздығы ғана оларды қолдарына қару алуға мәжбүр еттi. Бiрақ санадағы алғашқы сәттегi жеңiлiс кейiнгi қанды майдандағы желiктен анағұрлым күштi болып шықты. Тұрғын халқы 200-300 мың болатын ацтек қалалары (ол кездегi Еуропадағы ең iрi қалалардың бiрi Лондонның 200-ақ мың тұрғыны болғандығын ескерсек, мұндай оп-оңай жеңiлiстерге таң қалмасқа шара жоқ) бiрiнен кейiн бiрi тiзе бүгiп жатты.
Осылайша, ауыздан ауызға, кiтаптан кiтапқа көшiп келе жатқан аңыз әңгiмелер ацтектердiң түбiне жетiп тынды…
* * *
Тарих түртiп алған факты осындай. Ащы да болса ақиқат. Ендi ацтектердi атом бомбасымен де, ақырзаманмен де қорқыта алмайсыз. Олардан қорықсақ, сiз бен бiз қорқамыз.
Бiрақ тарихтағы оқиғалар қайталанады дейдi. Олай болса, сiз бен бiзге атомнан да, ақырзаманнан да емес, ең бiрiншi, осы өзiмiз оқып жүрген кiтаптардан қорқу кезеңi келiп тұрған жоқ па екен?..
* * *
Кiтаптан теперiш көрген тек ацтектер ғана ма екен? Тарих мынандай да деректердi мысалға келтiредi:
ҮIII ғасырда Орталық Азияда алғашында бiртұтас болса да кейiн қаққа бөлiнiп, ақыры құлап тынған түркi қағанатының соңын ала ұйғыр қағанаты дүниеге келдi. Дегенмен, өмiрi ұзақ болмады. Бiр-ақ ғасыр дәурендеуге мүмкiндiгi жеттi. Бiлуiмiзше, оның түбiне де кiтап жеткен.
Тарих мол байлыққа, шексiз билiкке ие болған ұйғыр ақсүйектерi бабалар дiнi Тәңiршiлдiктi ұмытып, Мани iлiмiмен әуестене бастады дейдi. Олар осы iлiмдi қалың бұқараның арасына да таратуға тырысқан.
Манихейшiлiк III ғасырда пайда болған дiн-дi. Ол өзiне дейiнгi ұлы дiндердiң – буддизм, христианшылдық және зорастризмнiң синтезi iспетi едi.
Оның талабы бойынша ет жеуге тыйым салынатын. Яғни, манихейшiлiктi ұстанған рухы асқақ көшпелi жауынгер ұйғырға ендiгi жерде малдың керегi болмай қалды. Ол амалсыз аттан түсiп, егiншiлiкпен айналысуға мәжбүр болды. Кешегi жауынгер қарапайым шаруаға айналды.
Манихейшiлiк өзiн ұстанған пендеге бұл дүниеге қызықпауды, үйленбей, қолдан келсе дүниеге сәби келтiрмей салт басты өтудi де уағыз ететiн. Сонымен бiрге нәпсiнiң қажетiн қанағаттандыру үшiн пұтханада қызойнақ жасауға да рұқсат беретiн.
Бұның бәрi ұйғыр ақсүйектерiн қарапайым халықтан алшақтатып жiбердi. Олар азғындықтың жолына түстi. Сол кездердегi ұйғыр ақсүйегiнiң сарайы жезөкшелердiң притонына айналды десек те болады. Түпкi нәтиже ертең елге ие бола алар тәнi-жаны сау ұл-қыздың азаюына, яғни демографиялық апатқа әкелiп ұрындырды. Ал ел ағаларының өзi тәкаппар да өр бекзададан гөрi мәңгiрген бәңгiнi көбiрек еске түсiретiн.
«Балық басынан шiридi». Ақсүйегi азса бұқара халық қайда бармақ? Айналасы бiр ғасырдың iшiнде кеше ғана болашағы зор iспеттi көрiнген ұйғыр қағанаты да тарих сахнасынан өшiп тынды. Жұртында манихейшiлiктi дәрiптейтiн сырт көзге бейкүнә көрiнер кiтаптар ғана қалды.
* * *
О баста кiтап жазу ғанибетi ғана емес, кiтап оқу да (бүгiнгi тiлмен айтқанда оқырман болу) санаулылардың, дәлiрек айтқанда қалаулылардың еншiсiне жазылған бақ болған секiлдi.
Көне кiтаптар мынандай тәмсiл айтады. Ұлы ұстаз Пифагор өз iлiмi қағаз бетiне түсiрiлуiне барынша қарсы болыпты. Шамасы, атақты гректi бұндай әрекетке итермелеген саф iлiмдi сауатты, бiрақ ниетi бұзық адамдар өз бас пайдасына, жамандық жолына пайдаланып кетедi деген қорқыныш болса керек. Қалай дегенмен де ұлы ұстаз iлiмiн қағазға түсiрiп, кейiнгi ұрпаққа мұра етiп қалдырғаннан гөрi өзi бiлетiн һәм сенетiн санаулы шәкiрттерiне оқытып-үйретудi жөн көрген, келер ұрпаққа да солар арқылы жеткiзгiсi келген.
Бүгiнгi ақшаның күшi немесе жеңнiң ұшымен жалғасу арқылы кандидаттық атақ алып жүрген кейбiр ғалымсымақтарды көргенде, қайран Пифагор, жарық дүниеге тағы да бiр келер ме едiң демеске лаж жоқ. Және қазақ топырағында келсе. Онда ол ана бiр ақбас академик ағаларымызға ғалым болудың, ұстаз болудың қандай мәртебелi iс екендiгiн тағы да бiр рет үйретiп кетер едi-ау! Қырық кандидат төрт кандидатқа айналар едi, бiрақ сапасы қандай! Ылғи сен тұр, мен атайын ғалым ұл-қыздар болар едi-ау!
Рас, бұл – бiзде арына, иманына, парызына адал ғалымдар жоқ деген сөз емес. Әйтпесе, қазақ ғылымы алға жылжыр ма едi!
* * *
Итальян жазушысы Дино Буццотиде қысқаша мазмұны мынадай новелла бар. Кейiпкерлерi екеу-ақ, даңқты физик Эйнштейн мен кәдiмгi дiни әңгiмелерден белгiлi жан алғыш Әзiрейiл. Әлдебiр кезектi ғылыми жаңалығына толғатып жүрген Эйнштейндi Әзiрейiл бұл дүниеден татар дәмiң таусылды, о дүниеге жүрер кезiң келдi деп асықтыра бастайды. Бiр емес, бiрнеше рет келедi. Әр келген сайын ғалымнан еститiн уәжi бiреу-ақ. Ғалым өмiрiнiң, бүкiл ғылыми iзденiсiнiң мәнi iспеттi жаңалығын ашуға тақау тұрғандығын, соны ашуға аз ғана уақыт болса да пұрсат беруiн сұрайды. Бұл уәжге Әзiрейiл де тоқтайды, ажал сәтi де бiрнеше рет ұзартылады.
Әзiрейiл соңғы келiсiнде жаңалығын ашып, мәз болып жүрген Эйнштейндi көредi. Қуанышының себебiн сұрайды.
Себебiн бiлгенде Әзiрейiлдiң не дегенiн бiлесiз бе?
«Сiздiң жаңалығыңыздың арқасында тозаққа баратындардың саны арта түстi. Қазiр тозақта той болып жатыр. Той иесi Iбiлiс. Сiздi асықтыруымыздың себебi де сол едi, жаңалығын тезiрек ашсын дегенбiз. Ендi керегiңiз жоқ, аман-есен жүре берiңiз»,– дейдi. Аңғал ғалым бармағын тiстеп қала бередi.
Пифагор тағылымы мен ойдан шығарылған осы новелла арасында жiңiшке болса да сәулелi байланыс бар.
* * *
Тұрсынжан Шапай дұрыс жазады. «Табиғатынан малшы болуға бейiмделiп жаратылған адам» ғалым болып кеттi. Өйткенi жақсылы-жаманды кiтап оқи алады, сауаты бар. Олай болса, шын қабiлет-қарымы ауылдағы қатын-қалашқа тақпақ шығарудан әрiге аспайтын сөзуар пенденiң неге атақты ақын болмасына. Өзiне-өзi демеушi болып, екi-үш кiтабын шығарса жетiп жатыр.
Ондайларға экологтың көзiмен қарағың келедi. «Кiтап – қағаз, қағаз – ағаш, ағаш – ауа. Ауаны ұрламағаныңыз жөн» деп.
* * *
Соңғы кезде кiтап оқырманы азайып кеттi деген пiкiр жиi айтылады. Солай ма?
Менiңше, оқырман азайған жоқ. Сүзгiден, дәлiрек айтқанда ауытқымалы сандық көрсеткiштен тұрақты сапалық деңгейге өтiп жатыр. Кешегi кеңес дәуiрiнде кiтап бiр қабырғаны тұтас алып тұратын пұтқа айналып кете жаздап едi. Қазiргi оқырман ондай асырасiлтеушiлiктен ада, есесiне сұранысы да шынайы.
Мына көршi Ресей әдебиетi орыс мұжығы сауатсыз болған кезде де әлсiз болған жоқ. Шамасы, әдебиеттiң мықтылығы оқырманның көптiгiмен анықталмайды ғой деймiн. Атақты Достоевскийдiң романдары 80 миллион орысқа 3-ақ мың данамен таралған кездерi болған. Бiрақ, сол Достоевскийлердiң тұсы басқа емес, орыс әдебиетiнiң дәл алтын дәуiрi болып саналады.
Кiтабының саудасын жүргiзiп, сол Достоевскийдi жоқтықтың құрсауынан алып шыққан кiсi әйелi болғандығын да ұмытпаған жөн.
Бiзде осы кiтаппен сауда мәселесi, оқырманмен қарым-қатынас дұрыс жолға қойылмай жатыр десек болады.
* * *
Өз басым қазақ әдебиетiнiң бiр тұрақты оқырманын, жанашыр оқырманын жақсы бiлемiн. Сол оқырман ертеректе басылып шыққан «Ғибрат наме» деген кiтапты бiр қойдың құнына бағалайды. Кiтап грузин ақсүйектерiнiң өкiлi, өз заманының бiлiмдi жандарының бiрi Сулхансаба Орбелиани деген кiсiнiкi болса керек. Қазақшаға тәржiмалаған, шамалауымызша, Мұзағаң (Әлiмбаев). Солай болып жатса, осындай кiтапты тәржiмалағаны үшiн де Мұзағаңа көп-көп рахмет айтуға болады. Тек аудармашы емес, кiтаптың шынайы бағасын бiлетiн зиялы оқырман ретiнде де. Бiрақ маған, шынымды айтсам, осы кiсi аударған Сағдидiң «Жәннаты» мен «Гүлстаны» аса ұнай қойған жоқ. Бәлкiм, өзбекше нұсқасын ертеректе оқығандықтан болар. Әлде Жұмекен аудармасының салқыны тидi ме?
Мұзағаңның тағы бiр аударма дүниесi «Маржан сөз». Мiне, бұл еңбек, үлкен еңбек. Бүгiнгi маған мәңгiлiктiң баламасындай болып әдемi естiлетiн шумер атауын да алғаш осы кiтаптан оқыған болармын-ау. Дәлiрек айтқанда, олардың мақал-мәтелдерiн.
* * *
Ацтектердiң түбiне кiтап жетiп тынды. Ұйғыр қағанатына да. Бiздiң түбiмiзге не жетуi мүмкiн? Менiңше, қазақтың түбiне жетсе Абылай ханның түсi жетедi. Иә, иә, сол түс… Бұл да аңыз әңгiме.
* * *
Гетенiң «Жас Вертердiң қасiретi» романы шыққан кезде, шығарманы оқыған бiраз жас атылып өлiптi. Романның әсерi күштi болған ғой. Роман бiраз деңгейде автобиографиялық та болып табылады. Бiрақ романның шын кейiпкерi Гетенiң өзi емес, өйткенi кейiнiректе романды бiтiргесiн өзi де атылып өле салмағанына өкiнген.
Менiңше, қазақта өлеңiмен ғана емес, өмiрiмен де өзiнен кейiнгiлердi бiраз елiктiрген, тамсантқан, тiптi әурелеген ақын бар. Ол – Мұқағали. Оған елiктегендердiң бiразы «Ұлы бола алмай iшемiз» емес, «Мұқаң бола алмай iшемiз» деп жүрiп сорлап қалды. Алыптардың кейде ергежейлiлермен осылай да әзiлдесiп ойнайтыны бар.
* * *
Екiнiң бiрi iшкiш болған деп бiлетiн Есенин табиғатында шымыр денелi жiгiт болған. Америкаға барғанда ондағылар оған спортшы болатын-ақ жан екенсiз деп тамсаныпты.
Сол Есенин келбеттi де жiгiт екен. Бет әлпетi бiр қарағанда бейкүнә перiштедей көрiнетiн болған болса керек. Алғаш кездескендер анадай тентек өлеңдер мұның қай жерiнен шықады екен деп те ойлайды екен.
Сол Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу айтыпты:
«Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса адамды да өлтiре алады».
Бiзге де сондай ақындар керек. Байрон, Лермонтов, Петефи сияқтылар. Жылауықтар емес!
* * *
Кiтап өлген жоқ… Кiтап өлмейдi… Кiтаптың ақырғы күнi – адамзаттың ақырғы күнi.
Бұл – Жазмыш.
2000 жыл.
Әмірхан Балқыбек “Қасқыр құдай болған кез” кітабынан
А. Оралқызы