Теодор Старджонның шын аты – Эдвард Хамильтон Уолдо. Оның тұңғыш романы «Адамнан да көп» 1954 жылы жарық көрді. Кейінірек «Мүлгіген асыл тастар» деген новеллалар сериясының негізінде 1957 жылы «Синтетикалық адам» романын жазды. Оқырмандарға олардан да басқа «Үйге апарар жол» новеллалар жинағы кеңінен таныс.
Ал Айзек Азимов жөнінде оқушылар молырақ білетін болса керек. Ол – биохимия ғылымдарының профессоры, жұрт жақсы көретін бірнеше оқулық пен ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы. Поль Френч деген лақап атпен балалар туралы да қалам тартып қояды. Оның оқушы қауымға көбірек ұнаған шығармасы – «Мен, робот» деген новеллалар сериясы. Сонымен қатар «Болат үңгілер», «Жалаңаш күн», «Кеңістік ағысы», «Аспандағы ұсақ тас», «Шаң тәріздес жұлдыздар», «Жаңғыру» романдарын да жұрт сүйсініп оқиды.
Тағы бір Америка фантасы – Роберт Шекли. Ол әсіресе әзіл-сықақ жанрын көбірек пайдаланады. «Мәңгілік корпорациясы», «Шексіздік арқылы саяхат» романдары – сәтті шыққан дүниелер. Аударылған ондаған әңгімелерінің өзі жұртшылықты өзіне баурап, тартып алып үлгерді.
Америка фантастарының алғашқы бестігіне кіретіндерінің бірі – Клиффорд Саймак. Висконсин университетінде журналистік мамандық алған. Сайман фантастика жанрында көптеген дүниелер жазды. «Күнді құрсаулайтын сақина», «Уақыт – қарапайым ғана нәрсе», «Бекетші стансы» романдары мен «Кең шалқар аула» повесі таңдаулы фантастикалық шығармалардың санатына енеді.
Біздің баспасөзде Америка фантастарының ішінен ең кең танымал болғаны – Рэй Брэдбери. Ол, сөз жоқ, дүниежүзіндегі маңдайалды фантастардың бірі. Оның он бестен астам кітабы, жүзден аса әңгімесі бар.
Тек фантастика саласында жазғандары – «Марс хроникалары» атты новеллалар циклі, «Фаренгейт бойынша 451» романы, «Сүйкімсіз қонақ» повесі, «Бақыт мәшинесі» жинағы.
Абдул-Хамид Мархабаев