Алтынбек Мақсатхан. "Өліара"

Алтынбек Мақсатхан. "Өліара"

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтындағы Филология факультетінің 1 курс студенті Алтынбек Мақсатханның "Өліара" деп аталатын әңгімесін ұсынамыз. Әңгіме жас автордың әдебиетке деген алғашқы қадамы. Шығармадағы сюжет дәл осы жастағы жастардың көкейінде жүрген көкейкесті мәселені қозғап отыр. Әңгіме тілі жатық. Алтынбекке сәттілік тілейміз, қаламың қайтая берсін!

Жадырап-жайнап, ағаш біткеннің жапырағы жайқалып жаз мезгілі де жақындап келеді. Жақындаған сайын лүпілдеп соғатын жүректер дүрс-дүрс соғып, бір жағынан қуаныш, бір жағынан қорқыныш билейтін сәт бұл тағы.

Бейбіт үйінің жалғызы еді. Осыдан екі жыл бұрын атасы дүниеден озғанда, қайткенде де «адам боламын» деп сөз берген болатын. Қазіргі бар ойы сол сөзін абыроймен ақтау. Болатын бала екендігі белгілі еді. Біліміне сенгесін алдағы аламанда барын салары анық. Мүмкін бұл біреулерге аламан емес, лоторея сияқты болуы да мүмкін. Себебі бағың мен бабың қатар шаппай, ақсаң-ақсаң етіп жүргеніңде «менмін» дегендерге алдыңды оратқызып, аяғында тапталып қалуың мүмкін. Осылай ойланып-толғанып, кесіп-пішіп жүргенде соңғы қоңыраудың соғылғанын білмей қаласың. Есіңді елмен бірге қолыңдағы қара қаламыңды ұстап отырып, сынақ тапсырып жатқанда ғана жинайсың. Бірақ Бейбіт ондайлардың қатарынан емес-ті. Төртінші сыныптың әдебиетіндегі Ахмет Байтұрсыновтың Крыловтан аударған мысалын жақсы білетін ол ерте бастан қамданды. Ақыры өзін де, ата-анасын да алаңдатпай, әбігерге түсірмей мамандығына қажетті 117 балын қанжығасына байлады. Ертеңінде әкесі «ұлым, бірдеңеге ілінсе» деп қыс бойы жемдеп, одан көкке шығып құтыртқан жуан қошқарды сойып, алыс-жақын ауылдағы ағайын-туыс, Бейбіттің ұстаздарын, жора-жолдастарын тегіс шақырды.

Оның мектеп қабырғасында жеткен жетістіктері де бір төбе еді. Әсіресе сурет салғанды жаны сүйетін. Сонымен не керек, қос чемоданын құшақтап, қос бетін анасына, маңдайын әкесіне искетіп тұрып іштей күрсінді. Алматыға дейінгі 1748 шақырымдық жол былай тұрсын, ол тіпті де алыс жолға аттанғалы тұрғанын сезді. Санасында тек: алдымда заңғар жетістіктер, биік белестер, ару Алматы, шегінерге жол жоқ деген ой болғанымен де, қас-қағым сәтте өткен секілденген балалық шағы көз алдына келгенде, қимай жылап тұрған анасына қосылып, көзінен ыстық жасы үзіліп түсті. Енді жыламаймын, жыласам жөргегімді кім көтереді, жасымды кім сүртеді деді іштей өзіне серт беріп. Автобусқа отырғанда өзінің мүлдем басқа қоғамға тап болғанын, оянғанда анасының қасында болмайтындығын шынымен ұққандай болды. Аудан орталығына жеткенше ойлы-шұңқыр жол бұрын мазасын қашырып, кәдімгідей жынын келтіретін. Бірақ бұл жол енді қайтқанда ауылына бастап келетінін түсінгенде ашуы бірден тарқады. Ал ол «қайту» қашан болатыны Тәңіріге ғана аян еді. Орталықтағы Автобекетте сәл аялдаған соң сапарлары әрі қарай жалғасты. Бекеттен үстінде қырық жамау болмаса да жұпыны киінген, сәл жағымсыз иісі шығып тұрған, сол бекеттің аула сыпырушысы өзінің үйін біз жүретін жолда екенін айтып, жолай ала кетуін сұрады. Бұл үйіне осылай жетіп жүрген бір байғұс екен. Мұның сырын жергілікті жүргізушілер әбден біліп алған. Әлгі ағай отырғанда да алдыңғы кабинадағы жайлы орынға бірақ секірді. Жақтыртпаған жүргізуші оған жекіп тастады да, артына қарай қуып жіберді. Байқұс кірерге тесік таппай, жан-жағына қарауға ұялып, көзін терезеден алмады. Жеті-сегіз минуттық жолдан соң әлгі ағай түсіп қалды. Бейбіттің ойына: білімсіздің күні осы, әркімнің қабағына жалтақтаумен таңың атып, кешің батады. Мұндай «ит өмір» сүргенше, сүрмеген артық деп, алдына қойған мақсаттарын одан да берік, одан да мығым еткендей болды.

Екі күнді өткеріп, ажарын Алатау айшықтаған, талайлардың жұлдызын жаққан Алматыға да жетеді. Университетке құжаттарын тапсырып, жатаханаға орналасады. Басында басы айналып,  Алматының ауа-райы жақпай, одан қалса қала түгілі университеттің этаждарында адасып жүреді. Бірде жатаханадағы дөңгелек көзілдірікті апай:

- Қай жақтан келдің? – деп, жаймен ғана, елемегендей сұрап еді.

- Солтүстіктенмін! - деп әдемі қоңыр, қазақы үнмен жауап берді.

- Солтүстіктен деймісің, онда да қазақтар тұрады екен-ау?! - деп таңданысын жасырмады.

Бейбіт:

- Әрине апай, сіз қалай ойлап едіңіз... деп тұрғанда жатахананың өзге тұрғындары да жетіп, әңгімелері бөлініп кетті. Әйтпегенде Бейбіт апайға біраз нәрсенің бетін ашып, көзін шұқиын деп тұрған еді.

Университеттің алғашқы курсында жұлдызы жасындай жарқыраған Бейбіт достарының да, ұстаздарының да алдында біраз беделге ие болып қалған еді. Ешкіммен керағар болып көрген емес-ті. Сөйтіп ертегідей шапшаңдықпен өткен 1 жылы да ақталып, ауылға барып, сағыныштан сарғайған ата-анасын бір қуантып қайтады.           

Бейбіт жаңа оқу жылына жаңа күш, шалқыған шабытпен келген. Тіпті, ол ойламаған төңкерістер мен күтпеген жағдайларға тап болады. Қызық болғанда оны топ жетекшісі қылып сайлапты. Әйтпегенде бұрынғы шайтандай шашы жалбыраған қыз Бейбітке тіпті де ұнамайтын. Өзіне зор жүк пен жауаркершілік артылғанын білсе де іштей риза еді.

Бұл жылдың басында да өзінің басының қатты айналғандығын сезеді. Айналғанда да допша домалайтын халге жетті. Бірақ бұл жолы жақпай қалған ауа-райы да емес, су да емес-ті. Керісінше бір нәрсе қатты жағып қалған соң болған іс. Ол есі кірген екі аяқтының бәрі ауратын – ғашықтық дерті еді. Бәлкім, бұған дейін ешбір қызға көз салмаған Бейбіттің бірден махаббаттан басы айналуы біреулерге қызық болуы да мүмкін. Рас, ол бұрын қыздарға көз салмағанымен, оның артынан жүгіргендер аз болмаған. Өзі сыпайы, түр-келбеті келісті, білетіні көп жігіт еді. Керек десеңіз бойынан сегізінші өнер де табылатын. Сонымен Бейбіт ғашық болған бұл қандай қыз, қыз емес-ау қай бағы жанған ару десеңші. Кім білсін, бірақ бағы жанған қыз ба әлде Бейбіт пе? Әлде, екеуінің де бағы жанды ма екен!

Бейбіт мас болған адамдай сабақтан келді де төсегіне құлады. Жастығын құшақтап жатып терең ой, тұңғұйық қиялға батып, тәтті ұйқыға кетті.Түсінде қол ұстасып теңіздің жағасында, тек екеулері бір-біріне көздерін түйістіріп тұр екен. Бұл тыныштықты ешбір күш бұза алмастай көрінді. Тек теңіздің ерке толқындары аяқтарын самал желдей өбіп өткен секілді. Қызық, аспанда тек бір-біріне жақын екі жұлдыз ғана жымыңдап тұрғандай. Әлбетте жақсы түс адам жанына медеу емес пе? Егерде біреу қимайтын тұсына келгенде түртіп оятып жібермегенде. Сағат таңғы жетілердің кезі. Бейбіт апұл-ғұпыл киініп, айнаның алдына барып үстін реттеп, күндегіден қарағанда ерекше сәнденді. Үстіне досының қымбат әтірін сеуіп, ол қызды көремін деген үліп еткен үмітін құшақтап, лезде жатахананың есігіне тартты. Университет табалдырығынан аттамай жатып араның ұясындай құжынаған халық арасынан көзімен сүзіп сол қызды іздей бастады. Аудиторияға кіргенде қиялдағы аруы өзі отыратын орынның дәл жанына жайғасқанын көргенде есі шығып кете жаздады. Бұл не деген бақыт деп ішінде бір түсініксіз нәрсенің аттай тулағанын сезді. Шыбын жаны шыр-пыр болып, тірі аруақтай серейіп тұрған Бейбіті:

- Отырсаңшы, тұра бересің бе солай, - деген профессордың даусы селк еткізді. Басында қыз Бейбітті елей қоймаған-ды. Бейбіт қадамдарын нық басып қыздың қасындағы орынына келіп отырды. Өне-бойында тылсым күш пайда болып, екеуі отырған жер әсем бір әуенге тербеліп тұрған секілденді. Ақыры ебін тауып танысудың сәті түсті.

-Сәлем, - деді Бейбіт басын изеп.

-Сәлем.

-Мен Бейбіт болам.

-Аружан... - деді жай ғана салқын үнмен.

Басында әңгімелері онша жараса қоймағасын, Бейбіт соңғы жоспарға көшті. Қызға сыбырлап, досына жаздырып алған өлеңді оқығаны сол-ақ екен, Аружан еріксіз күліп, Самарқанның көк тасындай жібіп сала берді. Өзінің осы топқа қалай тап болғандығын, бәрін-бәрін айтып берді. Әңгімелері жарасып-ақ кеткен болатын. Бейбіт жатаханаға келгесін көп ойланды, беліне дейін төгілген қолаң шашы, сызылған, еркелеген қылығы, алма мойын, мөлтілдеген құралай көздері, шиедей еріндері, көз алдына келгенде кеудесін шаттық кернеп, қуаныштан айқайлап жіберді. Тіпті, екеуі тілдескен кездегі ойларының бір жерден шыққандығы кездейсоқтық емес деп сендірді өзін.

Күн өте екеуінің арасы тіптен жақындай түсті. Бірге сабаққа дайындалды, бір-біріне ерекше көзқараспен қарауды әдетке айналдырды. Бейбіт оған салған суреттерін көрсететін. Бірақ та мынау - мен, мынау - сен  деп ашып айтқан жоқ болатын. Аружанға әсіресе теңіз жағалауындағы қос ғашықтың суреті қатты ұнаған еді. Десе де, олар мұнан арғыға барған жоқ. Аружанның бұрыннан жүретін, бәлкім сүйетін жігіті бар еді. Бейбіт оны кейіннен білді. Аружанның да шалыс қимылға бармай жүргендігі содан болар деді ішінен. Жоқ, олай болмай шықты. Аружан да Бейбітті әбден таныған болуы керек. Бірде екеуі оңашада қалғанда басын иығына қойып, ұзақ отырды. Бейбіт те не болып, не қойып жатқандығын түсіне алмады. Осы сәт, дәл осы сәт ұзаққа жалғассын, тіпті аяқталмасын дегендей тыпыр етпеді. Тек осының бәрі өңім бе деген болуы керек, көздерін жыпылықтатып, саусағының ұшын ғана қозғалтты.

Аружан:

- Бейбіт, маған қарашы, - деді ағынан жарылғалы тұрғандай. Екеулерінің көзі алғаш тым жақын қашықтықтан түйіскендері осы еді.

- Сен маған ұнайсың! - деді Аружан үні сәл, нәзік қана шығып. Бұл сөзді қайта-қайта, неше мың рет естігісі келді. Тіпті «менде сені, мен де, мен де ұнатам» деп бар даусымен айғай салуға да бар еді. Қалайша, бір адам екі бірдей адамды жақсы көруі мүмкін? Жоқ, мүмкін емес, бұнысы енді жай қалжың деп қабылдаса да, жүрегінің түбінде ақиқатқа айналғанын қалап еді. Бұл қалай деп сұрағысы келгенімен батпады.

Сол жылы қыста Аружан жүріп жүрген жігітіне ойламаған жерден тұрмысқа шығып кетеді. Ал Бейбіт бос қиялдың жетегінде қалып қойғанын, бақыт құсын жоғалтқанын білгенде, аспан опырылып төбесіне түскендей күй кешті. Айналасы қара түнекке боялып, өмірінің өліарасына тап болғандай еді. Содан бастап үлгілі шәкірт оқудан да, өнерден де бірден баз кешті. Тұншыққан мекенде тұра алмасын білді. Заттарын жинастырып, жолдасына:

- Кетіп барамын, атамды сағындым, - дегеннен өзге артық ештеңе айтпады. Бар ойы бәрінен безіп кету болатын. Сөйтті де.

Оның қайда кеткенін ешкім де білген жоқ. Іздегендер де шамалы еді. Себебі, мұндағылар ауылға кетті деп болжады. Ауылдағы байқұс ата-ана болса ұлдарының жаз шыға жететініне сенімді еді. Төрт күн өткенде жаңалықтардан Алматы шатқалынан ер адамның мәйіті табылғанын, тек денесі сақталмағандығын хабарлайды. Шамасы қасқырларға жем болған. Қасында ешқандай құжат болмағаныны да айтылады. Сол маңайдан табылған жолдорбаның ішінен екі-үш кітап, киім-кешек және он шақты салынған сурет табылды. Суретте теңіз жағасындағы қыз бен жігіттің суреті бар екендігі айтылады. Дәл сол жаңалықты көріп отырған ауылдағы ата-ана бейқам болғанымен, Аружан жүрегі аузына тығылғандай күй кешіп, құлап түседі.

Қызық, сол күні аспаннан қос жұлдыздың құлағанын көргендер жетерлік. Мұндай жағдай өліарада сирек ұшырасады.

Алтынбек МАҚСАТХАН

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты

Филология факультетінің 1 курс студенті

Дайындаған: Ардақ Құлтай

А. Құлтай