Жәди Шәкенұлының "Алтын жүзік" атты әңгімесін ұсынамыз.
Ол алтын жүзікті жақсы көретін. Әрі үнемі басқалардың қолындағы жүзікке зер салып қарап жүретін еді. «Қарашы, анау жас қыз саусағына жүзік салып алыпты. Не деген бақытты, ә!», – деп тамсанушы еді. Оның көздерінен: «Сен маған қашан жүзік сыйлайсың?» деген тәтті сезімнің арайын көруші едім.
Біз оны жерлеп қайтқанда қапалақтап қар жауып тұрды. Көптің көзінше айттырмаған қалыңдыққа егілудің ретін таппай, көз жасымды жұтумен болдым.
Ертесі қайта бардым. Қара жер төсінде әппақ қарды жамылған ұзын жал топырақ жатыр. Басын қанаттың арасына тығып, ұйықтаған арудан аумайды. Шолпанның ана сүтін лайламаған кіршіксіздігіне куә болғысы келген ұлпа қар күміс ұнтағындай жылтырайды. Қабір топырағын құшақтап жылағым келсе де, көбік қардың майда мамығын таптағым келмеді. Із түсіруге қимай шылбыр тастам жерге тізе бүктім. Сонымды сезді ме, мазардың томпиған жал топырағы қар астынан бұлқынып шыққысы келгендей бүлкілдеп қозғалып жатты. Мен егіліп отыр едім.
Сол түні көп жыладым. Оған арнаған жүзікті алақаныма салып, аймалаумен болдым. Манағы қар жамылған қабір әппақ той көйлегін киіп түрегелген шолпанға айналып, маған қолын созады. Мен жүзікті салайын десем, қолым жетпеді.
- Шолпан, Шолпан! Бұл саған арналған жүзік еді ғой, - деп кемсеңдеймін.
Қалжырап қатты ұйықтасам керек. Таң қараңғысында оянып кеттім. Қолымда жүзік жоқ.
Басымды көтермек едім, көкірегіме шеңгелін салған әлдекім жүрегімді суырып алды. Саусақтарын ұсынған Шолпанның елесі қайта көрініп, кірпігім ауырлап, тұла бойым үскірік шалғандай суынып кетті. Көзімді аша алмадым. Маужыратқан тәп-тәтті ұйқы уыздай ұйытып барады. Бір ғажабы, ұйқы дегеніміз жұлдызсыз қап-қара тымық дүние екен. Сол қараңғы әлемнің тұңғиық биігінде менен алыстап бара жатқан қияқтанған имек айды көрдім.
Оқтай зымырап ұзаққа ұшқан имек айдан мен де қалар емеспін.
Жақында ғана байқадым. Ол ай емес, әлсіз сәуле шашқан алтын жүзік екен.
Автор: Жәди Шәкенұлы
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com