Жаңбыр суы арықтар арқылы осы арнаға кеп қосады. Өзен секілді, төмен қарай сарқырап ағып жатыр. Биігірек көлік жолын жоғарғы бағыт етіп, бетондар қиғашынан тұр. Көліктер зу-зу етіп өте шығады. Арна мен тротуардың, көлік жолы мен қиғаш бетондардың арасын бөліп темір қоршау орналасқан. Тротуардың бойындағы скамейкалар мен қиғаш бетондардың ортасында тып-типыл болған жасыл шөптер мен жасанды сияқты көрінетін қою жасыл түсті аласа шыршалар өскен. Күнді анадай жерде, арнаның үстіндегі көпір көрсетпейді, көлеңке. Көпірдің жанында төмен, көлік жолынан арнаға түсетін арнайы баспалдақтан адамдар жоғары-төмен шығып-түсіп жатыр. Арнаны жағалап анда-санда итпен серуендеп жүргендер мен қол ұстасқандар өтеді. Аспанды көк түсті қып көрсеткісі келмеген жұқа бұлт торлағандықтан, күннің сәулесі өткір емес. Маусым айы. Теректің мақта іспеттес мамығы көгілдір түстің бергі шетінде қалқып жүр. Самал жел соқса, мамықтардың қозғалыстары жылдамдап кетеді де, сәлден соң қайтадан баяу ғана тербеле билейді. Мақсаты жоқ мамықтар не істеп, не қоярын білмей, сан бағытқа бет бұрады, кейіннен айнып қалып, кері шегінеді. Қызық.
Әли скамейкада белгілі бір бағыты жоқ, не істерін білмей жүрген мамықтарға қарап отыр. Ол кеше Жақсылықпен Зарина туралы сөйлескеннен кейін Заринаны түсінде көрген...
ΘΘΘΘΘ
Айналаның бәрі жасыл. Жазық далада біркелкі өскен шөп қалың, әрі тізеден асады. Жапырағын көтере алмай, салбыраған бірен-саран ағаш көзге түседі. Жүзі аппақ, қап-қара көзі «мені кешірші», – деп тұрғандай, үтіктелгендей қара шашын еркіне жіберіп қоя бергендіктен, әрбір қадам басқан сайын бірдей көтеріліп, сол қалпы жотасына төгіледі. Зарина үстіне киген қою қызыл түсті ұзын көйлегінің арты сүйретіліп жүр. Көйлек оң жақ санынан төмен қарай тіліне кесілгендіктен, оған ыңғайлы. Көйлектің тілігінен балтыры жарқылдайды. Зарина қалың шөптен аяғын оңай алып, жеңіл жүгіреді. Артына жалт бұрыла қарайды да, еркелей, «жете алмайсың», – дегендей күлімсірейді.
ΘΘΘΘΘ
Теректің мамықтары әуеде арлы-берлі ерігуде. Әли скамейканың желкесіне шіренгендей шынтағын қойды. Жел үп етіп еді, Әлидің кеудесінде еркіндікке ұқсас бір сезім жанып-өшті де, ол рахаттана көзін жұмды. Оң жақ санынан төмен қарай тіліне кесілген көйлек киген Зарина жап-жасыл жазық далада жүгіріп жүр.
Жалғасы
Автор (жолдаған): Әлішер Рахат
Дайындаған: Ернұр Серік
сурет: mota.ru