Басы
2-бөлім
Алдыңғы аптада үйіндегі әпкесі мен жездесі қонаққа кетіп, Әлидің жалғыз қалғанын естіген жатақханалық Жақсылық үйін сұрап қоймаған соң, Зарина екеуін қонаққа шақырған. Бір қолымен Заринаның қолын ұстап, екінші қолына пакет ұстап Жақсылық жадырап кіріп келген еді. Амандасып, хал сұрасып болғаннан кейін, пакеттің ішінен виноны алып мұздатқышқа сап қойған-ды. Сосын Жақсылық кішкентай балалар сықылды бірден компьютер бөлмеге кіріп кеткен.
-Міне ыдыстар. Күріш әне (буфеттің жоғарғы жағын көрсетіп). Ет пен сәбіз мұздатқышта,-деді Заринаға үй иесі. Зарина озат оқушылар сияқты басын изейді.
-Ей, Әли, тез! Кел!-деген Жақсылықтың дауысы шықты да, Әли компьютер орналасқан бөлмеге кірді.
Зарина ас бөлмеде газ плитасына тамақ пісіріп жатты, ал екі жігіт астың дайын болуын күтіп, компьютер ойнады.
-Кәзір... күте тұршы,-деді Жақсылық ойынды тоқтатып қойып. Шыжбалақтап ас бөлмеге кетті. «Мг, гм, мг, гм»,-деп еркелеткен дауысы шықты. «Әлі піспепті, кішкене тұрсын»,-деді сосын. Шайнаңдап Әлидің қасына келді де, күліп қойып, ойынды жалғастырды.
Тамаққа отырғанда Жақсылық Заринамен қатар отырып ап, оның мойнынан иіскегіштеп, қалжыңдап түртпектей бергенінен Әли өзі жалғыз жеке мемлекет сияқты боп қалғандай өзін ыңғайсыз сезініп, қысылып қалды. Ал Зарина қарсыласпайды. Көзінің қиығымен қарап, жымияды.
-Кел, ішіп жіберейік,-дейді Жақсылық үш рөмкеге вино құйып жатып.
-Мен ішпеймін, құймай-ақ қой.-Заринаның қарсылығы Жақсылыққа ұнаған жоқ.
-Ішсей...
-Болмайды!-Жақсылық оған разы емес кескінімен сәл қарап тұрды да:
-Жарайды...-дей салды. Әли екеуі екі рөмкеден тартып алды.
-Ерте жатайық, ерте тұру керек. Біз қайда жатамыз?-деп, өз-өзінен шиқ-шиқ етіп күліп, Әли мен Зарина күлді ме дегендей екеуіне қарағыштайды; олар өтірік жымиысты.
Әпкесі мен жездесінің екі кісілік төсегінің жамылғысын ашып, шифонерден таза ақжайманы Заринаға ұсынып жатып:
-Мынаны төсеп жатыңдар. Өзінікін бүктеп, анда қоя сал!-деді қолымен бұрыштағы орындықты көрсетіп. Жақсылық бір қулығын жасырғандай Әлиге көзін қысып қояды.
Әли көз іле алмады. Есігі жабулы бөлмеден анық емес дауыс шықты. Сөйлесіп жатыр... Құлағы елең қағып, ұйқыға жібермеген, керісінше бойында қуат пайда болды...
Ертесінде Әли оянғанда Зарина шай дайындап жүр екен.
-Қайырлы таң!
-Жақсылық қайда?-деді Заринаға.
-Далада.
Ұясының қасында байланып, күнге қыздырынып, алдыңғы екі аяғын созып, Жақсылықтың сипалағанынан рахаттанып ит жатыр. Әли оның жанына отыра кетті.
-Басым ауырып, ұйқым кеп тұр,-деді Жақсылық есінеп. Әли бірдеңені түсініп қойғандай күліп жіберді. –Жоғей, ондай ештеңе болған жоқ.
-Білеміз ғой,-деді Әли кекете.
-Шын айтам,-деп, ол түрін сабырлы күйге өзгертті. Итті сүйсіндіріп басынан біраз сипап-сипап алды да: -Просто... Заринаны аядым... Ертеңгі күн бар... әйтпесе...
-Үйленетін ойың бар ма?
-Өзің қалай ойлайсың?.. Оны жатақханаға кіргізе ме?-деген Жақсылықтың қалжыңына Әли әбден қарқылдаған.
Жалғасы
Автор (жолдаған): Әлішер Рахат
Дайындаған: Ернұр Серік
сурет: nstarikov.ru