Живопись занятие для слепцов.Пабло Пикассо Суретші бүгін өз автопортретін салмақшы болды. Тақтасын дайындап, қарындашын Buck Nobleman ұштағышымен ұштады. Студент кезден келе жатқан ескі бұйымның жүзі қайтқан ба, әлде суретшілік шеберлігі сыр бере бастаған ба, қарындаштың грифелін қайта-қайта сындырып ала берді. Ұштағышты орындықтың қол қоятын қос жақтауына кезек жанып, ұштады-ау, әйтеуір. Ол сурет салуды бастамас бұрын әдетінше тулақтай полодноны көз мөлшерімен ұзындығын үшке, енін екіге бөлді. Сосын өзінің дәл қазіргі кескін-кейпі қандай екеніне ой жүгіртіп, қарындашымен басын қасыды. Сосын келбетім келісіп тұрған жоқ шығар, сірә... - деді, өзімен-өзі сөйлесіп. Пәтерде айна деген атымен жоқ еді. Суретші оң қолындағы тыртықтың тегіс терісін сұқ саусағымен сипап өтті, үш ай бұрын, әйелімен ажырасып келген күні, жуынатын бөлмедегі айнаны ұрамын деп жаралап алған естелік тыртығы. Қабағы қатулы, көзі үңірейген, қанын ішіне тартқан адамның айнадан қарап тұрғаны ызасына тиген еді. Өз келбетіне не үшін ашуланғанын да білмейді. Сен бөтен адамсың! Танымаймын сені! Не қарайсың, әкеңнің ауызы!.. - деп жұдырығымен айнаны ұрып қалған. Қолы қатты жараланды. Үш ай дегенде әзер жазылды-ау. Айнадағы өз бейнесін бөтен адам қып көргенін жүйкесінің жұқарғанына теліп, көңіліне алмаған. Өткен күндері айнамен бірге мыңдаған сыныққа айналып, зор жүктен арылғандай жаны жадырап, келеңсіз оқиға тез ұмыт болды. Мейлі, ол өзінің суретін айнаға қарамай-ақ салады!.. Ол үшін суретші тәнінен ажырап өз-өзіне сыртынан қарау керек. Міне, мынау сан алуан бояумен жұмыс жасайтын суретшінің түссіз, сұрғылт бөлмесі, өзі дәл ортасындағы ескі орындықта арқасын тік ұстап, кербез отыр. Шашы өскен, сақал-мұртын алмағалы алты айдын жүзі өткендей, жабағылана ұйысып, бет-пішініне салқындық ұялатқан. Тік мұрынды, бет сүйегі сәл шығыңқылау. Салпиған ерні ұйпаланған сақал-мұртының арасына біткен бөтен дене сынды. Жанары сынық, оң жақ көзі сол жағына қарағанда сәл қысық (бірақ екеуін бірдей қып салу керек). Бала кезінен сағат атаулыны тақпаса да қолында сағат бар сияқты көрінді, - кішкентай жүрек тық-тық етіп тұрғандай. Солғын түсті киімінің әр жеріне жұққан бояулар суретшінің өзін де суретке айналдырып жібергендей әсер қалдырады. Еденде шашылған бос қалбырлар және бояулардың көз жасын сүртіп кірленген бірнеше шүберек қалдықтары жатыр; ол суретшіге әйелін еске салды, соның қалған-құтқан көйлектерінің бірі болуы мүмкін, әлде шеберханаға айналған пәтердің пердесі ме? Олай болса оны да кезінде әйелі сатып алған болу керек. Терезенің оң жақ қабырғасындағы үш қабатты сөренің үстіңгі екеуі ұсақ-түйек заттарға лық толы, астыңғы сөреде бір-екі аяқталмаған туындысы жансыз заттай қан-сөлсіз сұрлат тартып, бір-біріне сүйенген. Кенет суретшінің қарындашы қарлығаш қанаты ұшындай қимылдап, ақ полодно бетін шимайлай бастады. Пәтер іші кемпірқосақтай сан алуан бояуларға толып, дүние суретшіні шыр көбелек айналып жатқандай болды. Мұндай шабыт келмегелі қашан?! Автопортретімді өзіме қарамай-ақ саламын! дейді тісінің арасынан ысқырып: - мен керемет суретші емеспін бе?! Ол сыйқырлы сыры бар ғажап туындысын таң ата толық аяқтап, қалжыраған күйі төсегіне келіп құлады. Санасын торлап алған өрмекші-мұң сетінеп, бойы жеңілдеп сала бергендей. Өмірі салмаған суретін кескіндеп, сол суретке өзінің жанын қоса салып жіберді ме дерсің! Жастыққа басы тиген сәтте ұйқы періштесі суретшіні қанатына іліп, түстер әлеміне алып кетті. Түсінде аппақ әлемде жүр екен. Аспан мен жер, қаңырап бос тұрған қала үйлері, жолдар, бағаналар, тіпті үстіндегі киімі де ақ түсті. Үп еткен жел жоқ, меңіреу тыныштық. Айналасына таңырқай көз тастайды. Жап-жарық болса да көлеңкесі көрінбейді. Енді бір қараса ол осынау аппақ әлемге қара бояумен сурет салып жүр екен... Көлеңке іздегені болар. Түс ауа біреу түрткендей селк етіп оянып кетті. Күн сәулесі пердесі ысырылған терезеден төгіліп, бөлме ортасындағы түнде салған суретке түсіп, кел, көрейік деп шақырып тұрған сияқты. Суретші автопортретіне барды да полодноның бетіне жапқан матаны аша берді... Мүмкін емес... Мүмкін емес.... Суретші көз алдында бірінен соң бірі өте бастаған бала күнгі оқиғалар тізбегін көріп, әбжыланға арбалып қалғандай қозғалыссыз тұр. Мүмкін емес... Мұғалім ауырып қалды, үйлеріңе қайтыңдар... деген қуанышты хабар, ауыз үйдегі бөтен аяқ киім және түкпір бөлмеде мына автопортреттегі адаммен аймаласып жатқан анасы. Арғы жағы тұманды, еміс-еміс елестер: анасы адам баласына тіс жарма деп ұрысып жатыр; мына суреттегі адам қалтасынан әдемі сағат алып шығып, ешкімге айтпа, мен саған мынаны берем деген сәт; сағаттың иесін әкесіне айтқаны; сотта әкесін таңдауы, қалаға көшіп келгендері. Иә, дәл өзі! Мұрыны, көзі, бетінің пошымы да айна қатесіз! Қалай бұл? Өзі сол адамға ұқсайтын болғаны ма, әлде миының терең қатпарында жатқан бейнені санасыз әрекетпен салып тастаған ба? Бейсана әлеміндегі адам өзінің автопортреті болып алдында тұр. Иә, мұрным да, көзім де осындай болуы керек, кішкене әжім түскен шығар деп мына сызықтарды жібергем, шашымды қалыңдаттым... Тіпті қолына тағып қойған сағат та сол... Суретші санасындағы сансыз ойлардың ішінде адасып, айнаға қарауға деген қорқыныштың пайда болғанын жан-жүрегімен сезді.