Америкалық романист Гарри Синклер Льюис 1885 жылы 7 ақпанда Миннесота штатының Соук-Сентер қаласында өмірге келген. Әкесі Эдвинд Льюис дәрігер болса, анасы Эмми дәрігерелер әулетінен шыққан қыз еді. Бес жасында анасы өмірден өткенен соң, әкесі көп өтпей Изабель Уорнер есімді қызға үйленеді. Льюис қатал буржуазиялық жанұяда тәрбиеленген. Жас кезінде көріксіз, біртоғалығы себепті оны айналасындағылар мазақ ететін болған. Соның салдарынан жас жазушы жалғыз ойнағанды, оңашада кітап оқығанды ұнатқан екен. Ол Нью-Хейвендегі Йель университетінде оқуды армандаған. 1902 жылы Оберлин-академиясына оқуға түссе, арадан бір жыл өтіп өзі армандаған Йель университетіне ауысады. Жоғары оқу орнында жүріп Льюис алғашында өлеңдер жаза бастаған. 1906 жылы оқуын тастап социалистік коммунаға қарауыл боп жұмысқа кіреді. Бірақ университет сияқты коммуна өмірі де оны тез жалықтырып, 1906 жылы Нью-Йоркқа кетеді. Бұл қалада оның өлеңдері жиі-жиі жарияланып, өзі болса Тransatlantic tales журналына редактор болып орналасады.Бұл жерде де көп тұрақтамай Панамаға барып, канал құрылысына жұмысшы болып кіреді. 1908 жылы Нью-Хейвенге қайтып оралып, Йель университетіндегі дипломын алады. Осы уақытта оның топтама өлеңдері Сан-Францискодағы журналда жарияланады. Көп өтпей Синклер Вашингтонға барып, журналист болып жұмыс істей бастайды. Бірақ бірде бір жұмысқа тұрақтамай, бірінен екіншісіне көшіп жүреді. 1914 жылы тырнақалды романы Біздің мырза Ренн (Our mr Wrenn ) баспа жүзін көреді. 1915 жылы басылымдардың бірі Льюистің Табиғат хикаясы үшін мың доллар көлемінде қаламақы төлейді. Және бірнеше жобалар ұсынады. Осыдан соң ол журналистік жұмысын тастайды да, басылым ұсынысы бойынша хикаялар жаза бастайды. Еркін шығармашылық уақытында Сұңқардың ұшуы (The Trail of the Hawk, 1915); Жұмыс (The Job, 1917; Еркін кеңістікте (Free Air, 1919) сынды бірқатар шығармалар жазады. 1920 жылы шыққан Бас көше романын (Main Street) оқырмандар да сыншылар да жылы қабылдайды. Жалпы,Льюис өткен ғасырдың 20-жылдарындағы Америка әдебиетіндегі ең атақты жазушыларының бірі болды. Оның Бэббит (Babbitt, 1922); романына сыншы, журналист Генри Луис Менкен жоғары дәрежедегі әлеуметтік құжат деп баға береді. 1926 жылы жазушыны пулитцер сыйлығына лайық деп табады. Бірақ Льюис сыйлықты алудан бас тартады. Оның пікірінше, әдеби сыйлықтарға сенуге болмайды. Пулитцер-гелайық менен де мықты жазушылар бар дейді. Бұл сөздері оның абыройын асқақтата түседі. 1930 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына Швед академиктері құдіретті және мәнерлеп сөйлеу өнері мен сиқырлы һәм юморға толы жаңа тип пен кейіпкерлерді жазудағы ерекше қабілеті үшін Гарри Синклер Льюисті лайық деп табады. Нобель иеленген алғашқы америкалық жазушы 1951 жылы 10 қазанда Римде өмірден өтті.