Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Алданазарова Аяжанның шығармасын ұсынамыз.
Алданазарова Аяжан Алданазарқызы, 2000 жылы 15 қарашада Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ селосында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің, “Қазақ филологиясы” мамандығының 2 курс студенті.
***
“Асқан алып – ата затым сұрасаң, Асқан дана – ана затым сұрасаң”, – деп ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, өз Отаныңның, өз еліңнің патриоты болғанға не жетсін! Отан дегеніміз – ел бірлігін, бостандығын, ел мен жерді қайтсек сақтап қаламыз деп құрбан болған ата-бабаларымыз. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным – картадан паң қарайтын, Алтай мен Атырау, Ертіс пен Еділ аралығындағы ұланғайыр атырап. Қазақстан дегенде көз алдыма шалқыған жайлау, жазық дала, табиғаты өте көркем сұлу пейзаж бірден келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында, “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, “Туған елге” ұласады. Мәселен, “Ауылым – әнім” атты әнді айтқанда, “Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін” деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – деген болатын. Сондықтан менде оқырмандарға туған жерім туралы мағлұмат беруге тырыстым.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, қасиетті Ырғыз топырағынан шыққан Өтебай Қанахиннің мынадай тамаша лебізі бар: “Жұмақ дегеніміз – өзің жарық дүниеге келген жылы ұяң – ата қонысың, туған жерің, өскен елің, басқа ештеңе де емес». Қаламгер айтқандай мен үшін жерұйық – Ырғыз өзенінің екі беті мен Ор өзенінің солтүстік-шығыс алқабын алып жатқан, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қарабұтақ өңірі. Қарабұтақ жері – аса бай, сулы, нулы, құрақты көлдері бар, белуардан келетін бозды дала. Атауы – табиғат жаратылысына байланысты, “Бұтақ” түрікше өзен-сала дегенді білдіреді екен, “Қарабұтақ – қара өзен”. Қазақстанда Украина халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың жер аударылып, көп жылғы айдауда жүрген кезіне байланысты жерлер баршылық. Бірақ ұлы Кобзардың алғаш қазақ жеріне тоқтаған, қазақтардың өмірімен тұңғыш танысқан жері – осы Қарабұтақ. 1848 жылы майда Т.Г.Шевченко А.П.Бутаковтың экспедициясының құрамында Арал теңізіне жіберіледі. Оның міндеті топограф-суретші ретінде бұрын ешкім зерттемеген шөл аймақтағы үлкен су қоймасының – Арал теңізінің картографиялық суреттемесін, теңіз жағалауындағы рельефін түсіру болатын. Экспедицияға жолшыбай Қарабұтақ бойынан форттық бекініс салу да жүктелген еді. Қазақстанда айдауда болған кездерін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен 1966 жылы Қарабұтақ орыс мектебіне Т.Г.Шевченко есімі берілген және кеңшар кеңсесінің алдындағы алаңға ескерткіші орнатылған. Жыл сайын ескерткішке Украина елінен қонақтар келіп гүл шоқтарын қояды. Ол қазір де екі халықтың достығын бейнелеп тұрғандай.
Елдің игі жақсысы, халық жадында, ұрпақ зердесінде қалары кім? Әрине, аталы сөз айтып, елге ес бола білген би-шешендері, ардақты батырлары елге, ұрпаққа өнеге боларлық тұлғалары қалмақ. Қазақ халқында жиі кездесетін бес дау – жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы, ар дауы. Осындай дауларды ел тарихын, салтын, әдет-ғұрпын жетік білуінің, ақыл-ойға жүйрік, тілге шешендігінің, билердің әділ шешімдерінің арқасында елдің ауызбіршілігі бұзылмаған. Кіші жүздің Кенже биі атанған – Былшық би, 1860 жылы қазіргі Қарабұтақ ауданындағы Ақсуат жайлауында дүниеге келген. Атасы Әбдібай дәулетті кісі болыпты. Әкесі Сейіт кезінде Есет (Көтібаров) батырмен үзеңгілес дос болып, жақсы сыйласқан. Төртқара руында өткен әйгілі жиындарда аталық сөздерді Былшық би бастайды екен. Төртқараның алқалы жиыны айтулы Былшық бисіз тарамаған, дауы шешілмеген. Сол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы Лев Балюзек 1886 жылы 28 жастағы Былшық биге “Известный народный Мудрец” – деген баға беріпті. Большевиктер қазақ зиялыларын алғашқы рет қудалаған отызыншы жылдарда алғашқы құрықты Былшық биге салғаны тегін емес. Былшық би 1928 жылы ұсталып, 1933 жылы Ақтөбе түрмесінде қайтыс болады. Былшық би көз жұмар алдында тәңірге жалбарынып, жалғыз тілек тілепті.
“Өмірге армандап, көп өкінбеймін,
Сүйегім шықса барып, өз аулымда”,– деп, туған жерден топырақ бұйыруын армандаған. Сол кездегі заман зұлматы биге туған жерінен топырақ бұйыртпады. Қазіргі таңда Қарабұтақ ауылынан көше есімі берілген және 10 шақырым қашықтықта қыр басында Былшық (Құтаяқ) Сейітұлының кесенесі орналасқан.
Қарабұтақ жері қазақ тарихында қалған дүбірлі оқиғалардың куәсі болған. XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бас кезінде қазақ елінің көрген қасіреті өте ауыр еді. Ол әуелі қарақұйындай қайта-қайта соғып, халқымыздың ұйқы-тұйқысын шығарған жоңғар шапқыншылығын бастан кешірді. Оған оңтүстік өңірді басып алған Қоқан, Хиуа бектерінің легі қосылады. Міне, осы кезеңде Кенесарының патша үкіметі тартып алған қазақ жерлерін қайтаруды көздеген көтеріліс бастағанын білеміз. Кенесары “жер, су елдікі, атамекен жерден айрылу – елдіктен айрылу. Елді ер қорғайды” деп ұран тастап, қол бастады. Патша үкіметінің дүмпуі күшейіп, Кенесары қолы Ырғыз, Торғай алқабына жылысып, көтеріліс орталығы Кіші жүзге ауысқан кездегі Кенесары жорығының елеулі кезеңі Қарабұтақ жерінде, Қарабұтақ, Талдық, Ор өзендері бойларында өткені, хан ордасының Кілемжайғанға келіп тігілгені тарихтан белгілі. Қарабұтақ жерінің басым көпшілігі Мұғалжар жоталары, таулы-тасты шатқалдар, терең сайлар мен жыралар көп кездеседі. Солардың бірі – Үңгіртас. Үңгір адамға қызмет көрсеткен орын болған. Осы аймақта өткен талай оқиғалардың тілсіз куәгері дерегін бірде кешегі Кенесары сарбаздарының қарауыл құрған жері десе, бірде талай жапа шеккен жандарға да, ұры-қарыларға да, қашқындарға да пана болған деген қилы-қилы әңгімелер бар. Сондықтан болар, Үңгіртасты ел аузында кейде "Көлеңке тас" деп те атайды. Отаршылдық езгіден құтылуға ұмтылған қозғалыстар елімізде аз болған жоқ, солардың ең ірісі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі еді. Көтерілісті халық батыры Амангелді Иманов басшылық етті. Қарабұтақ ұлт-азаттық көтерілісінің туын көтеріп, Хан Ордасы тігілген Жұмағазыны хан сайлаған Үймола жері. 1916 жылғы ұлт-азаттық Қарабұтақ көтерілісі де қазақ тарихында елдің елдігін, ерлігін танытқан, қазаққа тән асқақ рухты паш еткен, тағылымы мол оқиға болған.
Ырғыз өзенін бойлай қоныстанып, бүкіл Қарабұтақ өңірін жайлаған қалың елдің атқа мінген азаматтары арасында бойға біткен ерекше дарынымен көпшілікке кең танылған талантты адамдар аз болмаған. Бұл ретте ұлттық көркем әдебиетіміздің әйгілі классиктері, көркем сөздің хас шеберлері Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев ел есіндегі есімдер. Әрбір Қазақстандықты өзінің жанға жағымды үнімен баурап алған, тележүргізуші, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Гүлназ Әлімгерейде қасиетті Қарабұтақ топырағынан. Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер бізді елмен тарихпен және болашақпен байланыстырады. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей менде аға-апаларымызға еліктеп, білікті маман болып, Отаным үшін игі жұмыстар атқарғым келеді...
Тарихи сырлары, түрлі аңыздары, даңқты азаматтары бар, анамдай болған туған жерімді, аққудай киелі елімді әрқашан мақтан етемін.