Әлібек Байбол. Тұрмыс парадокстары

Жазушы-драматург, сыншы, аудармашы, әдебиеттанушы әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институтының II курс докторанты Әлібек Байболдың "Тұрмыс парадокстары" атты әңгімелер циклынынан кезекті шығармаларын ұсынамыз. "Тұрмыс парадокстары", бұл – қазақ қоғамына жаңаша призмамен қарау, бұл – сезімдер тарихы, бұл – біз көрген, біз сезінген Уақыт.

***

АЛЫСТАҒЫ ЖАҚЫНЫМ

(Тұрмыс парадокстары №10)

– "Кекеш келін" басталды, "Кекеш келін" басталды!
– Кеттік, кеттік!
– Тхапки! Друф – сенің теңің емес (Бихан).
– Ме-ме-мен... Д-д-д-друф мы-мы-мы-мырзаға... (Тхапки).
– Сен сөйлеп болғанша таң атады. Бәрі – кекештігіңнің кесірі (Бихан).
– Не боп жатыр, мұнда? (Друф).
– Аға... Мен... (Бихан).
– Мы-мы-мы-мырза... (Тхапки).

Әлібек БАЙБОЛ. Тұрмыс парадокстары

***

– Сізбен таныссам деп едім. Атыңыз кім?
– Маржан. Бірақ, құрбыларым Марина дейді.
– Марина... Марина... Ерекше есім екен.
– Маржан! Атым – Маржан.
– Айттыңыз ғой, оны!
– А-а-а, иә, иә.
– Марина... Марина... Ерекше есім.
– Ма..!
– Білем, – деді жігіт шылымын асыға шегіп. Содан соң жерге тастап, кроссовкиінің бас жағымен мыжып-мыжып жіберді. Темекі шоғы сөйтіп барып сөнді, сөйтіп барып «бақиға жетті». Жігіт шылымды таптаған сайын тап бір ләззат алатындай, сол қылығынан. Жүзіндегі жымиысты – мысқыл, мысқылды – ашу, ашуды – кек, кекті – қорқыныш, қорқынышты – қобалжу, қобалжуды – еркіндік, еркіндікті – мейірім, мейірімді – адамға деген сүйіспеншілік алмастырып үлгерді, бір сәтте. Осының бәріне жарты-ақ секунд уақыт кетті. Қыз шегіншектеді. Ер бет-бедеріндегі ЕҢ ӘУЕЛГІ мысқыл кісі мысын басады екен... (Бұ күйге басқаша атау да беруге болар еді, әттең, әттең, әттең. Кеш. Кеш. Өтіп кетті, жылт етіп. Нажағайдан да жылдам. Зу-зу. Тарихта атаусыз қалды). Мұны айтып отырған – МЕН. Бірақ, қыз дәл осылайша ойламауы да мүмкін. Нақтырақ айтқанда ойлап, ойланып та үлгермеді. Оған мұршасы да келмеді. Жан-дүниесіндегі жарылыс сыртқа шыққан жоқ, іште қалды.

– Карантин басталғалы бері әншілер тойсыз қалыпты, – деді. Деді жігіт. Жігіт. Маржан, Марина мырс етті. Мырс еткендей болды. Жігіт уатцабын ашып, жаңа ғана «дың» етіп келген аудио хат-жазбаны тыңдады. Басын ғана... Содан кейін ноқатты тақтайдай түп-түзу сызық ортасына ойыстырды, содан кейін соңына бір-ақ тақады. Мазмұны – ұғынықты. Күлді. Жоқ, бұл – күлкіге ұқсас іс-әрекет. Алайда, күлкі емес. Иә, иә, күлкі емес. Анық нәрсе. Бұл – күлкі мен мысқыл арасын жалғар көпірден тұсауы кесілмеген бала ұқсап қалт-құлт етіп әзер өткен сезім. Сезік те болуы ғажап емес. Жігіт сүгіреттер жиналған қорды қопарып, карантин кезіндегі 3-4 (жоқ 5-еу, иә, иә, 5-еу, әлі есімде) фотоны статусқа салып, астына былай деп жазды: «Архив. 2020». Жігіт қателесті, түзету енгізейін: "Архив. 2020. 20 шілде". Дұрыс, 20 шілде. Өйткені, дәл сол күні... дәл сол күні...
– Не дедіңіз?
– Мен сөйлеген жоқпын ғой.
– Біреу... Әлде, қағыс естідім бе?!
Жігіт жан-жағына қарады да, қарады да... шегіншектеді.
– Қызық! – деді жігіт ұялы телефонын қалтасына асықпай сүңгітіп.
– Не дедіңіз?
– Ештеңе!
– Ертерек аяқталса ғой, – деді қыз.
– Ау?
– Ештеңе! – деді Марина. Маржан.
Жігіт тағы да шегіншектеді. Жан-дүниедегі жарылыс телехикаядай іркес-тіркес жалғаса берді. Шетсіз... шексіз... Санада сан сұрақ. Бірінші қайсысына жауап берген абзалырақ. Немесе абзал. Білмедім. Ойлануға уақыт жоқ. Уақыт екеуін асықтыруда...
– Не дедіңіз? – деді қыз.
– Ештеңе!
Марина. Маржан жан-жағына қарады да, шегіншектеді.
– Бүгін керемет көңіл-күймен ояндым, – деді жігіт.
– Бүгін көңілді боп ояндым дегіңіз келген шығар? – деді Марина.
– Филологсыз ба?
– Финансист.
– Финансист?
– Финпол!
– Финпол?
– Нархозды бітіргем. "Учет және аудитты". Кейін финполға жұмысқа орналастым.
– А-а-а! – деді жігіт, қызға аңырая қарап. Шегіншектеді. – Финпол!
– Ау?
– Ештеңе.
– Бүйректің дәрісі бар ма?
– Аптека жабық.
– Білем, мен Сізден сұрап тұрмын.
– Түсініп тұрмын.
Жігіт Маржан, Маринаға жыланға арбалған торғайша қарап тұрды. Бөтен де емес, таныс та емес. Бұл кім болды екен деп біршама ойланды. Ол ойға шомған сайын Ұйқы өз патшалығына сүйрелеп әлек. Сүйкімді қыз оны құшақтай жөнелді... Екеуі ұзақ әңгімелесті, сыр шертісті. Бір-біріне не дегені жөнінде хабарым жоқ, шынымды айтайын. Тек ел естімесін дегендей сыбырласқанын ғана білем. Бары – осы. Бір кезде:
– Кешіре гөр, о-о-о-о-о-о-о, Құдай-й-й! – деп жігіт аспанға қол созып, сәл қалықтап барып көзден ғайып болды. Келесі күні супермаркетте тастай қатқан сұлу қыз туралы жаңалық бүкіл Алматыға тарады...

ПОЙЫЗДАҒЫ МІНАЖАТ
(Тұрмыс парадокстары №11)

Теміржол бекеті. Сағат – кешкі 7.
Жігіт вагонға ентіге енді де, демін басу үшін шабаданының үстіне отыра кетті. "Үлгердім-ау, у-у-у-у-ф!" – деді естілер-естілмес қана.
– Бауырым! Жолды бөгемей... шамалы шетке ығыссаң... – деді бетінде тыртығы бар бейтаныс. Оның даусы да, түр-тұлғасы да елден ерек боп көрінді, жолаушыға.
– Әрине, әрине! – деді ол сыпайыгершілік танытып.
– Сақ жүр! – деді жаңағы жан арқасынан қағып. Қолы ауыр екен.

Жігіттің:
– Рақмет! Алла разы болсын! – дегендегі сөзі қатты естілді білем, бәрі тегіс жалт қарады. – Құдай күнәларымызды кешірсе екен, – деп күбірледі. Файл ішіне ұқыптап салған билетіне бір қарап алды-дағы, өзді-өзімен: "7-ші орын... 7-ші орын... 7-ші орын..." – деп ілгері жылыстады. Бір купенің жанынан өтіп, өзінікіне тоқтады да, білінер-білінбес қана иіліп:
– Саламатсыз ба?!
– Сәлем!
– Кешіріңіз! Бұл – менің орным еді.
– А-а-а... – деді қыз еш саспастан.

– Жарайды. Отыра беріңіз. Кешке ауыса салармыз да, – деп ол терлеген қыр мұрнынан сәл ғана төмен түскен көзілдірігін түзеп, заттарын орналастырып, үстіндегі кәстөмін іліп, дәретханаға барып беті-қолын жуған соң ғана біршама жеңілдеп, шаршағаны басылғандай.

Трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс...

Жігіт жарықты жағып, жамбастаған қалпы кітапқа ден қойды. Қыз шемішке шағып, музыка тыңдап отыр.

– Кешіріңіз!

– Не болды?..

– Ойым бөлініп жатыр, – деді ер көзілдірігін көтеріңкіреп.

– Бопты.

– Рақмет!

 Екеуі ара-тұра кезек-кезек терезеге телміріп, иен дала, жазық жерге қарап-қарап қояды. Жанынан бағандар, тал-теректер, ескі үйлер, андыз-андыз стансылар өтіп жатты, өтіп жатты.  

– Сапарға шықсам құлазитыным бар. Үйді сағынып.

– Неге?   

Жолсерік көңілді кісі екен. Келіп "Қара жорға" мен лезгин жұртының биін билеп берді. Екеуі – мәз. Бойжеткен мысалынан кісінің шын көңілмен рақаттана күлгенін сонда тұңғыш рет көргені, жолаушының. Түн баласында бір сиқыр, тылсым бар. Мәселенки, таңертең көрген адам түнде басқаша, өзгеше күйге енеді. Кей-кейде мінезі, іс-әрекеті танымастай өзгереді. Демек, түн бақырбастыға барынша әсер ететін ұқсайды, өне бойына ерекше күш дарытады немесе керісінше, таң атқанға шейін бір қасиетін уақытша «ұрлап» алады, кемітеді. Ой, тақырыптан ауытқып кетіппін, кешірім сұраймын. Содан...

– Біз Шаттық шаһарынан Арман қаласына сапар шегіп барамыз! – деді манағы бетінде тыртығы бар бейтаныс.

– Көрдің бе? Көрдің бе? Ол бағанағы... – деді жігіт шошығаны соншалық орнынан атып тұрып, "сізден" "сенге" қалай көшкенін аңдамай.

– Кім? Қайсы?

– Қазір ғана өтті ғой, Құдай-ай.

– Қияли...  

***

– Біз қайдамыз, өзі?

– Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын.

– Тіріміз бе, өліміз бе?

 – Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын, – деді қыз қорыққанынан бір сөз-сөйлемді екі дүркін қайталағанын байқамай.

– Жұмақтамыз ба?

– Жұмақ қараңғы ма?

– Белгісіз.

 – Онда, Тозақта шығармыз.

– Кетші, қумай. Қиял.   

– "Тозақ – ыстық" дегенді діни кітаптан оқып ем. Ал, мына жер жанға жайлы...

– Жолаушылар, сабыр сақтаңыздар. Пойыз аударылды. Пойыз аударылды. Сабыр сақтаңыздар, – деген жолсеріктің даусы алыстан құмыға шықты.

– Қабырғам-ай!

– Басым-басым! – деп қыз ойбайлап қоя берді.

– И-и-и-и, қабырғам-ай. Өмірдегі арманым – қыз баланың қолын ұстау еді.

– Басым-басым!

– Сол арманның орындалуына көмектесші.

– Қайдасың?

– Міне, мына жерде. Дәл осы жерді... сені бұрындары көрген секілдімін. Тауарих қайталана ма?

– Қайдан білейін! Қызық екенсің, өзің. Апат кезінде сондай орынсыз сұрақ қоя ма екен, адам деген?!.

– Бұл – соңғы сәтіміз шығар...

– Өлімнен... ажалдан қорқам.

– Қорықпа! Қолыңды... қолыңды созшы! Имандай шыным, қорықпа! – деген сөзді жігіт өте сенімді, асқан өршілдікпен айтты. Қыздың қолы қараңғылықты қақ жара дәл жігіттің жүрек тұсына кеп тұрақ тапты. Ердің қуанғаны сондайлық көзінен жас ыршып шыққаны бар емес пе (сол тамшы жерге түсіп, гүлге айналды. Ғажап гүлге). Арада шамамен 7 минуттық үнсіздік орнады.

– Рақмет! – деп жігіт дірілдей кеберсіген ернін алақанымен сүртіп, сынған көзілдірігін шешеді. – Рақмет! Рақмет, саған! Енді, өлсем де арманым жоқ.

– Қумашы, қиял. Үнсіздіктен соң. – Қызық сезім.

– Қандай? Айтшы.

– Түсіндіре алмаспын. Оны тек сезіну керек.

– Мынау – саған! Сізге! Саған!

– Үрей сейілді, сенесің бе? – деді бойжеткен бозарған, әрі келісті кеспіріне  қан жүгіріп...

– Алла күнәларымызды кешірсе екен, – деп жігіт бетін сипады.   

(Сол тамшы жерге түсіп, гүлге айналды. Ғажап гүлге). Жігіт жақшаны ашып, сол гүлді алып шыққаны сол еді, айнала-маң нұрға малынды. Сәуле-сәйгүлікке мінген Жарық жарқ-жұрқ еткен алдаспанымен Түнекті түре қуды. Пойыз шойын жолдан шығып, қапталдағы қара үйге барып соғылған екен. Полиция, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен "Жедел жәрдем" жетті, уақиға орнына...