- Негізгі бет
- Проза
- Ақылбай қарттың... (әңгіме)...
Ақылбай қарттың... (әңгіме)
Массагеттің оқырмандарына сиясы кеппеген жаңа әңгімені ұсынғалы отырмыз. Желісі өзге, ерек бітімді туындының сізге ерекше әсер етері анық. Бүгінгі жастардың қарым-қабілетін байқаңыз. Ұлт әдебиетін ұлықтау үшін алдымен оқу керек. Ендеше, әдебиетке ат ізін салған, ертең әдебиетті жасайтын жас жігіттің шығармасы назарларыңызда!
Ақылбай қарттың жасы биыл жетпісті алқымдады. Дүниеде көрген қызығы: екі ұл, екі қыздың әкесі атанған. Ұл-қызы қанаты қатайып, ұядан көргенін іліп ұшып, өмірде орнын тапқан. Үлкені – Марат мұнай таситын темір тізгіннің иесі, екінші ұлы Ерлан – қойшы. Мал төлдетеді. Екі қызы – мектепте мұғалім. Білгір педагог атанып жүр. Қай кезде қара қазақ үшін ұлдың орны ерекше, шаңырақтың тіреуі. Алпыс жыл отасқан Қалампыр кемпірімен кіші ұлы Ерланның қолында. Қартайғанда балаңа баладай мөлтілдейсіңнің кебі. «Немерең балаңнан тәтті болады» дегенді Ақылбай қарттың аузынан жиі естисің. «Құдайға шүкір, енді өліп кетсем де ризамын» , - деп Құдайға қолын жайып, алғысын төгіп қояды.
- Қой, қайдағыны айтпай! Құдайдан өлім тілегенше, өмір тілемейсің бе?! Әлі-ақ қожырап кеткен қойныңды жылытып жүрген мына немерелеріңнің қызығын көрерсің, - деп кемпірі Қалампыр тасын өрге домалатып отырады. Оған Ақылбай қарт ойын алысқа тастап:
- Е, кемпір, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Енді қанша жүреміз. Жазмыштың босағадан сығалайтын кезі де келді-ау, - деп, "Солай емес пе?" дегендей кемпіріне мейірлі көзін қадайды. Бұл өмірде өзіңе ризамын деп тұрғандай.
Қалампыр апамыздың жүрегі шеңгел тікенге басып алғандай шымыр ете түсті. Бір жайсыздық орнады. Әлдеғайып бір жаманшылықтың болатынын сезетін сияқты.
– Ой, кәрі ит, алжиын деген бе? – Қалампыр апамыз күбірлеп, өз-өзімен сөйлескендей орнынан тұрып, далаға шығып кетті.
Түс бесіннен ауған. Немерелері Мағжан мен Маржан мектептен қайтатын уақыт та таянды. Келіні - Гулжан мен ұлы Ерлан жұмыстан кеш қайтады.
- Әй, кемпір! Ана мектептен келетін балаларға шай-суың бар ма? Таяғына сүйеніп далаға шығып. Кемпірі жез самауырынға от жаға алмай тұнжырап жүр... Әлі жауап жоқ. – Ау, саған не болған? Жаңа түскен келіндей теріс қарап, ажарыңды көрсетпейсің ғой?
Кемпірі «Әй, қойшы» дегендей теріс қараған күйі қолын сілтей салды.
Қалампыр апамыз бойын билеген жайсыздықты жеңе алмай, көпке дейін жанталасып жүрді. Шалының терең сөздері құлағынан кетпей қойды. Шал мен кемпірдің түрпідей жиырылған ажарын мектептен келген Мағжан мен Маржан жадыратып жіберді. Ата-әжелеп мейіріңді қандырады. Ақылбай қарт пен Қалампыр апамыз төбесі көкке жеткендей қуаныштан бастары айналып, қимылдары ширап, біршама жасқа жасарып шыға келді. Ерке мінезді, кең қолтық ата-әженің әукәуімен жүрген, әсіресе, Мағжан тентектеу өскен. Келе сала атасының алды-артынан өтіп, кейде қуарған шалдың мойнына асылып алады. Тойған қозыдай томпиып алған ұлдың салмағына сарсу ұялаған шалдың буын-буыны қайдан шыдасын. Алласын аузына алады. Тентек ұлды жасқамақ болған кемпіріне, - заманың қалай болса, бөркіңді солай ки, кемпір, қайтесің, тиме құлыныма, - деп айналайынын айтып, сотқар ұлды одан ары құтыртып тастайды. Оған он бір жасар Мағжан борбайына шоқ салып жібергендей ойнақтап, үйдің шаңын көтереді. Маржан да табиғат берген нәзіктігі болмаса, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.
- Әй, қу тентектер, бүгін қатты кеттіңдер ғой. Не болды сонша тыпыршып, - қолын әуелгі әдетімен сермеп, - Әй, Мағжан, Маржан! – басын шайқап, шашылған киім-кешек, төсек-жастықтарын жинастырған болады Қалампыр апамыз.
Кеш батып, сиыр мөңіреп, қой маңырап шағын ауылды шаңға бөлеп, кешкі табын да келді. Әркім тиесілі малын бөліп алып, табын тез тарқайды. Бірі қалың қой-ешкісін, сиыр-тайыншасын бағындыра алмай айғайға басып шуласа, бірі бес ешкісін айдап, ысқырығы жер жарып, тап қайшылығын айғай-шумен теңейін дегендей – ол шулайды.
У-шу басылып, ел орынға отырғанда Ақылбай қарт дәрет алуға шықты. Шарбақтың бұрышынан айнала бергенде ту сыртынан сайтанның сапалағындай біреу сап етіп, шыңғырған дауысы қоса шықты. Тас кенеше жабысты. Сақтанатын сайтанның өзі-ақ мынау.
Ақылбай атамыз «Алла» деуге ғана шамасы келді. Ызғарлы өмірге еріп кетпей, шыдаған тамшы ғұмыр – өмір атты қалтырауық тал жапырағынан баяу салбырап тамып бара жатты.
Бір-ақ кеште қырық үйлі қараша ауыл азан-қазан болды да қалды. Бәрі Ақылбай қарттың қазасына дорба-дорба әңгімесін шұбырта әкеліп қоңыр тамға жинақтап жатыр.
- Құдай-ау, бағана ғана немересін мойнына асып шауып жүрмеп пе еді. Қап... - деп саса сарғайса, бірі:
- Қу бақыр дүниеден құтылған екен, жарықтық. Ұл мен қыз алдында аталы өлім болды. Не қарызы бар. Сайдың тасындай балалары осы өмірдегі тіршілігі, ана өмірге жамбасы майлы кеткен адам ғой, - дейді замандас шал.
- Өзі... Неден өлді? Қалай ауырмай-сырқамай сынып кетті, түсінбеймін. Жүрегінің талмасы жоқ еді.
- Шарбақтың бұрышына қисая кетіпті, қайран шал. Ажал келсе, қайдан да алар, еее! Ақылбай – ақылшым-ай, аруаққа айналды деген осы-ы-ы.
- Қалампыр кемпірге қиын болды, бір аяғы көрге жақын болса да қалай қисын. Батады да. Батқан соң қалай кәрі көзден жас шықпайды.
Қысыр-қисығы бар әңгіме диірменнің тасындай шыр көбелек айналып жатты. Бәрінің бетінде жағымды көлеңке түсіріп тұрған: аруақты сыйлау, Құдайдан қорқу сенімі қысырап басу айтқандай. Иіс-қоңысы бірлер жылады. Жылады. Жылады...Кім кінәлі? Не себеп? Жетпіске келіп, немереден көрген еркелік пе? Әлде, таза балалық ғұмыр ма?
Жеті атадан жалғасқан дәстүрі мен шариғат жоралғыларын жасап Ақылбай қартты ақтық сапарға шығарып салды. Ескілігі ел санасына көшіп-қонып жеткен мола – қорым кейіпіне енсе де, бір рудың тағы бір төл баласын құшағына алды. Нар емшектей шошайып қара жерге жаңа жара шықты. Ол жазылып өшкенше, бізде...
Ақылбай қарттың қазасы, жалпы қаза атаулы өз басыңды ғана ойлауға итермелей бермей ме? Кім бар, кім жоқ – ешкімнің санасына кірмейді, әсіресе, жылап-сықтағандардың. Ал, тентек ұл – Мағжанның жоғы біреуін шылт еткізбегені... Әкесі жоқтап, - Мағжан қайда? – деп бір оқталды да: «Атасының өліміне сене алмай, қашып жүр-ау, осы...» деп ойланған болып, қайта қарбаласқа батып кете берді.
Атамызды жерлеген соң бір түн өтті. Келесі күні түс ауа Мағжанды нықтап жоқтай бастады. Қорқыныш та қолтықтасты. У-шу іздеді. Іздеді. Табылмады.
***
Мағжан ит үйшігінің тасасында тығылып, атасын күтіп отырды. Дене тәрбиесінен еліріп келген қалыбы, өне бойы қолды-аяққа тоқтамайды. Келіп-кетіп тұрған тұмсықтағы суын жеңімен бір қайырды да, атасы өте бергенде ту сыртынан «АА-А-А-А-У!!!» - айғаймен бас салды. Атасы көз алдында жан тапсырды. Мағжан өлгенін анық білді. Үні өшіп, қалтырады да қалды. «Ата!» деуге де шамасы келмей, өзінің қандай ауыр дүние жасағанын түсіне алмай бар мен жоқтың арасында тұрды да қалды.
Қара төбет арс-арс етіп үріп-үріп жіберді. Мағжан оқ тигендей шегіншектеп барып, сүрініп құлап түсті. «Ата! Ат...». Қираңдай тұрды. Атасын өз қолымен өлтіргенін толық көріп, жылап жіберді. Бірақ, дауыс әлі жоқ. Сәл атасына қарап кідірді де, айналып тұра қашты. Басы ауған, аяғы тартқан жаққа жортып кеткенін ешкім, ешкім білмеді, тіпті Мағжанның өзі. Бір күн бойы бала сезім азаптың көкесін тартты. Жылай берсе, қайта, жеңіл болар еді. Жылап-жылап, шаршап, ұйықтап қалар еді ғой. Олай болмады. Тоқым тартқан ақыл, сәби ой, ар, намыс - кезек-кезек отқа салды. «Атамды өлтірдім. Мойнына орап еркелеткен, ата-тайымды. Ол... Ол папамның әкесі ғой. Әкем... Мен, атамды - әкесін өлтіргенімді білсе, мені бала етпейтін шығар. Мені үйден қуып жібереді. Бәлкім мені... Мамам ше?! Мамам мені бекер тудым дейтін шығар... Ал Маржан мені өмір бойы жек көріп кететін болды ғой. Мектептен келгенде шай дайындатып қоятын, кәмпит-пішен беріп тұратын атамызды, мен өлтіріп таста... Елдің көзіне қалай көрінем. (Жылайды тоқтамай) Апа! Апатай, атамды... атамды өлтіргенім үшін мені қарғайтын шығарсың. «Әй, қу тентек! Атаңды өлтірдің бе?» (Көз алдына ұрсып тұрған апасы келді). Кешірші, апа! Енді не істеймін? Барлық ауыл атасын өлтірген жауыз деп ойлайтын болды, қайтем енді. (Өз басын таспен соғып қан қылады). Мама! Мама, құтқаршы мені. Мен қанішер болдым ба?.. Құдай мені кешіре ме, мама?! Атам мен апам қой дегенде тыңдамадым, мама! Мама, сен маған ренжімеші. Мен кетті деп жылама, жарай ма? Өмір бойы «атасын өлтірген жауыз» деп ел сөгеді ғой мені, мама! Әкеме айтшы, әдейі істемедім. Мен әкемді өлтірген адамды кешірмеймін, өзін өлтірер ем. Ол да мені... Мен сияқты баласы болғанша...»
***
Су құйған іннің тұрғындарындай ауылдың есті ер азаматы мен азаматшасы босып кетті. Бір күн бос сандалды. Келесі күні кешке әкесі Ерлан ит біліп, кісі көрмеген жыныс ағаштың арасынан жуан қайыңға асылып тұрған ұлын тауып алды. Өліп қалыпты...
Салтанат Минайхан
сурет:celebrities.kz
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Л. Лига