Ақбота Кенжеқожаева. «Шие туралы әңгіме»

Ақбота Кенжеқожаева. «Шие туралы әңгіме»

Жер бетінде жан құлағы шалмаған сиқырлы əуен. Олар бақыттың құшағында тербеліп билеп жүр. Қызды Ай мен Күнге теңесек əсіре сілтеушілік болары хақ! Көрер көзге өзіндік сүйкімі бар бұйра шашты, қоңыр көзді кішкене қыз. Бет-əлпетінде одан артық сұлулықтың да, көркемдіктің де нышаны жоқ. Жігіт ересек. Жанарынан шексіз жылулық жымияды. Жүрегіндегі мейірімді жүзінен байқау қандай оңай болса, жүрегінің ең түбіне жасырған мұңын аңғару сондай қиын. Ырғақты би тіршіліктің күйбеңінен екеуін ысырып əкеткен. Тым жыраққа!

ҚАРАҢҒЫ

Ұйқыдан маужырай оянған ол шыны əйнектің сыртында басқа əлем бардай ұзақ үңіліп, тапжылмай тұрды. "Сағындым" деді күбірлеп. Меңіреу түн мылқау қалпынан айнымады. Жылы төсегіне жантайып, ұйқыға қайта жеңілді. 

Күн сəулесі көзіне түсіп, ұялтып оятты. Сергіп қалған секілді, бойына əлдебір жеңілдік орнапты. Есікті ақырын ашып, құрбысы енді. Дүкеннен келген беті екен. 
- Ояндың ба, күнім, - деді жанашырлықпен. Жауап орнына басын шұлғыды.
- Түнімен шие сұрадың. Күздің соңғы күндерінде шие қайдан болсын. Жақын маңнан таппадым, - деді сосын күмілжіп. 
Құрбысының қамқорлығына разы болды ма, əлде басқа себеп пе, кім білсін шырайы кіріп шынайы күлімсіреді. "Шие" деді сосын дауыстап. Құрбысы басын шайқады.

ЖАРЫҚ

Қаладағы беймаза тіршілік біржола толас тапқан тəрізді. Жігіт томаға-тұйық. Мүлгіген тыныштық. Тек жапырақтар симфониясы салтанат құрып, күз тіршілігінен хабардар етуде. "Үзіле көрмеші, Соңғы жапырақ". Іштей қайталай берді.

"Соңғы жапырақтай мықты боламын" деген қыз. 
- Қайдағыны айтпашы, - деген жігіт.
- Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Соңғы жапырақтай рухым мықты менің, -деген қыз күлімсіреп. Жігіт маңдайынан сүйген.

... Шыр көбелек айналып жүр. Қуыршақтай кішкене қыз жеңіл қозғалады. Жігіт ақырын құшақтап, шашынан емірене иіскеді. Еліктің лағындай бауырына тығыла түсті. 

ҚАРАҢҒЫ

- Жаман адам? 
- Иə? 
- Сіз кімсіз? Білесіз бе, кімсіз?
- Иə, кіммін?
- Шиесіз? 
- Неге?
- Сондай тəтті əрі сондай қышқылтым.
- Ммм. Ал сен кімсің сонда? 
- Мен соңғы жапырақпын!
Қалың ойдан арыла алмай төсегінде дөңбекшіп біраз жатты. Жарық дүниенің рауандауына əлі көп уақыт бар сияқты. Жанын, əлде тəнін меңдеген белгісіз дерт түн қараңғылығымен бірге сейілетіндей асыға таңды күтті .

ЖАРЫҚ

- Жарығым?
- Иə?
- Ештеңе.
Жігіт үндемеді. Əлден уақытта:
- Жаман қыз, - деген.
- М? 
- Кетеміз бе алысқа?
- Алысқа-алысқа ма? 
- Иə! Жыраққа. 
Қыз басын изеді. Мақұлдағаны. 

... Іңкəрлік сезім-бесікті əлдилеуде. Құштарлық пен құмарлық қараңғыдан сығалап, шекарадан аттай алмай, қызғаныштың қызыл отына күйе-күйе сөніп барады. Сүйіспеншілік төбелерінен үңіліп, тəубе етуде. Ал екеуі əлі де билеп жүр...

ҚАРАҢҒЫ

- Таңғы шықтай тұнық сезіміме мыстан махаббаттың уы түсіп кетсе қайтем?
- Есейме!
- Қалай?
- Пəлсапа құрма! 
- Сіз неге тым қаттысыз?
- Сен неге тым жұмсақсың?
- Мұз!
- Үлпілдек!
Қыз томсырайып үнсіз қалды.
- Жапырақ? Жауап болмады.
- Əй, соңғы жапырақ? 
- М?
- Неге үндемей қалдың? 
Қыз орнынан тұрып кетті.

ЖАРЫҚ

Қыз қасына отырған жігітті аңғарса да кітаптың қызығына батқан кейіп танытты. Қолынан кітапты алғанда да, дəл осылай болуы керек тəрізді еш қарсылық көрсетпеді.
  Экзюпери. "Түсінікті" деді жігіт. Ойын дауыстап жатпады. Кітапты асықпай парақтап, əлдебір сөздің астын сызып, қызға ұсынды.
"Ты навсегда в ответе за всех, кого приручил".
Қыз:
"Когда даёшь себя приручить, потом случается и плакать".
Жігіт:
" Слова только мешают понимать друг друга".
Құшақтай алды. Шашынан иіскеп, жанарымен еркелетті. Жүзіне көктем күніндей көңілділік орнаған қыз құшағынан босап:
- Ащысыз, - деді.
- Тəттісің, - деді жігіт.

...Балғындық пен балалық тамсанып, ұзай алмай қалықтап жүр. Өмір асқан ыждаһаттылықпен екеуін бақылауда. Таңғажайып əлемнің ханшасы мен ханзадасы іспеттес бұл екеуі шексіз бақытқа бөленген. Қыз жымиды. Еркелегені. Жігіт күрсінді. Себеп көп еді.

ҚАРАҢҒЫ

Өз əдетінен жаңылған сағат тілі тым жылдам соғуда екен. Тəні ұйқысырағанымен, санасы оянуды талап етті. Жарықты қосып, күнделігін алды қолына.

... Білесіз бе, қатты қиналып ояндым. Белгісіз күш оянуымды қажетсінгендей төсегімнен жұлып алды. Қараңғылықпен айқасып жатқан Ақ əлемді көріп жанымды тыныштық биледі. Сіз алаңсыз ұйқыдасыз ғой. Əйтпесе, жапалақтап жауып тұрған қарды көрер едіңіз! Міне, Сіз жадыма оралып едіңіз, жан-дүниеме жылулық орнап, барлық жамандық атаулыны ұмыттым. Жаныма батқан дертті де. Рас, Сіздің сезім жайлы тұжырымдарыңызды білмеймін, бірақ "Мендік Сезім" бүгінгі ақ ұлпа қар қандай болса, дəп сондай таза, аппақ! Кейде таңғалам, қалай ешбір қызғанышсыз, кіршіксіз, риясыз сүйіспеншілікпен Адамды жақсы көруге болады деп ?! Менің кеудемде соққан жұдырықтай жүрек дүрсілін тоқтатқанша, сол жүректе тұрақтаған Жылулық екеумізді де тоңдырмайды! Мен мына жарық дүниені шексіз сүйем, шексіз сүйем Жарығым! 

... Қалам еденге сырғып түсті. Арсыз ұйқы жетегіне ерткен еді.

ЖАРЫҚ

Қар Ханшасы үлпілдек мақтаны аялай алақанына салып, үп еткізіп үрлеп отыр. Аяулы тазалықты Қара жер тойымсыздана жұтып жіберуде. Ақ ұлпа Пенделердің табанына тапталып жатыр. Қара жермен сағыныса қауышқан Қар Ханшасының аяулылары мауықтарын да баса алмай лезде еріп кетуде. Жігіт жапырақтардың сыбдыры жиілегенін аңғарды. Қоңыр мезгіл қоштасып жатты . Жаман қызды қызғаншақ күз ұрламаса екен деп тіледі . "Үзіле көрме, Соңғы жапырақ"! 

...Əуен. Тербетіліп жүрген қыз кенеттен тоқтай қалып, жігітті қатты құшақтай алды. Əуен əлсіз естілді. Тіптен əлсіз. Еркелегендегі əдетімен қою кірпіктерін бірнеше рет қақты. Аяғының ұшынан тұрып жігіттің ерніне ернін тақады. Қас-қағым сəт. Қыз талмаусырап барады. "Үзіле көрмеші, Соңғы Жапырақ"! Жігіттің таңдайына шиенің дəмі келді. Тəтті əрі қышқылтым.

...Түн патшалығы ғайып болды. Шұғыла шуағы көңілсіз рай танытып, бұлттардың арасына жасырына түсті. Сонау аспандағы Ақ Ханша еріксіз күрсініп қоя берді. Соңғы Жапырақ үзілген екен. Мезгілі жеткен Қоңыр күз мұңайды. Жапырақ-перзенттері тапталып жатыр. Күз-Ана қауқарсыз, билік үлпілдектердің қолына көшкен еді. Тек Соңғы жапырақ бұл заңдылыққа мойынұсынбай қалықтаған күйі көкке көтеріліп кетті.

Ақбота Кенжеқожаева
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың
IV курс студенті

О. Сансызбай