Ахмет Байтұрсынов қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы деп танитын болсақ, «Қазақ» газеті де ұлттың ұйтқысы болғаны тайға таңба басқандай анық. Оған айғақ болатын жайларды ұлт ұстазы атанған қайраткердің еңбектерінен табамыз.
Ахаң «Білім жарысы» деп аталған мақаласында осы ойды одан әрі дамытып, жұртқа ғылым мен өнер үйретумен, көрумен, білумен жайылатынын сөз қылады. Осы мақаласында ұлы ұстаз ысырапшылдықты мінеп: «Тойда көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, шай-қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мын жұмсалады. Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішінде ішіп-жеп кету үшін істеледі. Не жұртқа келер одан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да калады. Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. «Ат шаптырып, ас берді» деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы», – деп күйзеледі. Шынында да қазақ үшін бәсекенің ең тиімді жолы, жарыстың ең қолайлы түрі білім жарысы болуы керек деген ой тастайды.
«Әр орында көзі жоқ соқыр, кұлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау болар да отырар» – деп ұлы ұстаздың қабырғасы қайысуы да орынды. Ұстаздың халыққа арнауы «Қазақ» газеті арқылы осылайша тарап, елдің санасын оятты, санасында сәулесі барларға нұрын төкті, оларды ойлануға, толғануға мәжбүр етті. Сондықтан да «Бастауыш мектептен» бастап, мектептің керектеріне дейін іздеген, барлық оқыту мәселелерін объективті талдаған, түрлі кәсіппен айналысу, оқу-ағарту ісін, емлені, жазу үлгісін жақсарту, әліппеден бастап түрлі оқулықтар құрастыру секілді мәселелердің қай-қайсысы да оның назарынан тыс қалмаған.
«Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында пікірін одан әрі сабақтап: «бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек» – деген түйін жасайды.
Ахмет Байтұрсынов дәл осы мақаласында («Қазақ», 1913, №11) Қостанай уезіндегі сауат ашу мәселесін зерттеп, өзекті мәселені тілге тиек етеді. Осы мақалада уезде әрбір жүз адамнан алты ер адам қазақша, әрбір мың кісіден алты ер адам орысша, ал әрбір үш жүз кісіден бір әйел ғана қазақша, төрт мың әйелдің ішінен бір әйел ғана орысша хат таниды деген деректер келтіреді. Яғни, оның бұл мақалада айтылған пікірлері осы күнгі білім алу принциптерімен үндесіп жатыр. Мұғалімдер санының аздығына, арнаулы бағдарламаның жоқтығына, оқудың белгілі бір жүйеге түсе қоймағанына қынжылады.
Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқу ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы, құралсыз іс істелмейді, һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы.Үшінші мектепке керегі – белгіленген программа. (Мұны бағдарлама деп жүрміз ғой). Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін оның үлгісі ия мерзімді өлшеуге боларға керек, үлгісіз ия мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, ия артық, ия кем шықпақшы, – деген аманат қалдырған. Бұл ұлағатты пікір қазіргі компьютер дәуірінде де маңызын жойған жоқ, жоймақ та емес.
Ахаң «Бастауыш мектеп» деген мақаласында осы күнгі орысша оқығандардың көбі мұсылманша хат білмейді, ал мұсылманша окығандардың көбі педагогика, методикадан хабардар емес деген болатын. Ал біздің мұғалімдер арасында ана тілінде сайрап тұрсам, менен артық ұстаз жоқ деп есептейтіндер де, керісінше, әдістемені білсем, тілді білу міндетті емес дейтіндер де бар екені өтірік емес. Біздіңше, бұл екеуі құстың кос қанатындай қатар жүруі керек. Өзі таза сөйлеп, өзі тамаша түсіндіріп тұрған ұстаз қай шәкіртке де ғибратымен, тәлімімен ұнайтыны акиқат.
«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп Ахмет Байтұрсыновтың тебіренуі, күрсініп, егілуі де осыдан. Алаш ардақтыларының арманы орындалар күн енді туып келе жатқандай. Ал олардын өмірі мен өнегесін үйрету де күн тәртібінен түспеуі керек.
Ахмет Байтұрсынов еңбегін оқып жатқан бүгінгі ұрпақ, сөз жоқ, бақытты. Мен Ахметтің есімін ең алғаш бұдан қырық жыл бұрын әкемнің аузынан естіген едім. Сол кезде мұғалім болып қызмет атқарған әкеміз: «Біз балаларға бас қатыратын шана, щаңғы деген сөздерін жаттатып, үйретіп жүрсек, Ахмет мектепте сабақ бергенде тақтаға «ш» әрпінің араб таңбасын салып, оның жанына шал мен шабақтың жөне қасқырдың суретін бейнелеп:
«Балалар, қараңдар!
Бұл – аш шал!
Бойына назар сал!
Сақал-шашы ақ,
Қайраты қайтқан шақ.
Ауқаты – шабақ,
Сусыны – шалап,
Қатқан аш, арық,
Бұл сондай шатақ шал!» – дейтін. Содан кейін бұл әріпті ешбір шәкірт өмірі ұмытпайтын», – дейтін. Бұл шумақта ұстаз ақынның тапқырлығымен бірге ұрпаққа айтқан тағылымы да жатыр. «Шал неге шабақ жейді? Неге аш? Қазақтың төрт түлік малы тұрғанда, шабақты қайтеді?» – деген сауал туады. Сол тұстағы аштықты, қазаққа деген қастықты Ахмет Байтұрсынов емеурінмен білдіріп тұр ғой» деуші еді.
«Ауыз біреу, қол екеу,
Ол неліктен бұлай?!
Көп істеуші, аз жеуші,
Жаратқаны ол солай», – деген жолдар да балалар әдебиетінің озық үлгісі емес пе?!
Ақындардың жырына арқау болған қоғамдық оқиғалар ақын тілімен айтылғанда айтары анық, бояуы қанық болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынов ақындар мен билердің сөздерін зерттеуші ғана емес, сондай билер аузынан шығатындай сөздерді өзі де айтушы.
Мәселен, «Жұбату» деген өлеңіне назар аударайық. «Еркін дала, Еркің қайда? Еркіндегі көркің қайда? Тулы, нулы жерін қайда? Сулы, шулы көлің қайда? Еркін көшкен елің қайда? Ел қорыған ерің қайда? Тура айтатын биің қайда? Би бардағы күйің қайда?»
Үзіндіні өлең түрінде емес, әдейі қара сөз секілді беріп отырмыз. Мұнда ақындықтан көрі шешендік үрдістің басымдығы көзге шалынады.
Енді осы өлеңдегі алдыңғы және соңғы бунақтардың орнын ауыстырып оқып көрейік:
Еркің қайда, еркін дала?
Көркің қайда еркіндегі?
Жерін қайда тулы, нулы?
Көлің қайда сулы, шулы?
Елің қайда еркін көшкен?
Ерің қайда ел қорыған?
Биің қайда тура айтатын?
Күйің қайда би бардағы?
Шынында да, «қайда?» деген сөздің қайта-қайта қайталануы тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Кейінгі вариант шешендік үлгі жағынан алғашқы варианттан кем түспейді. Тек қана ұйқас жоқ демесе, ырғақ және екпін сақталады.
Немесе «Тілек-бата» өлеңіндегі: «Жақын жерден жау шығып, мақұл сөзден дау шығып, дұшпан ұстап қолымнан, иттер тістеп тонымнан, маған тосу болған шақ, тұтқын болып тарығып, жалғыз жатып зарығып, ашу қысып, ойды алып, өт жайылып, бойды алып, дерт жүрекке толған шақ», – деген жолдар шешендік үлгіде жасалғаны көзге айқын көрінеді.
Ахмет Байтұрсынов сөздерінде оның өзі айтқан шешендік өнердің қанды қыздыратын, намысты келтіретін, жүректі тулатып, естен айыратын уытты, лепті сөздерінің қолданылғанын көреміз.
Қостанай елін ақындар елі, батырлар елі деп атайды. Қазыналы Қостанай сонымен бірге ұстаздар елі. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен басталған, ұлт ұстазы, ұлт ұйтқысы атанған Ахмет Байтұрсынов жалғаған ұстаздық дәстүр ұлттық идеологияның өзегіне айналып, ХХІ-ші ғасырға да жетті. Жай жеткен жоқ, талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өтті.
Тобыл жағасында «Инспектор көлі» болса, Әулиекөл жерінде Ахаң тұрған мекен – Мұғалім көлі «Учительское озеро» деп аталды. Үлкен арнаға мөлдір тұмалар жиылды. Шалқар көлдерге таза бұлақтар құйылды. Достар сүйініп, дұшпан күйінді. Олар алғашқы қазақ оқулықтарының авторлары Елдес Омарұлы мен Міржақып Дулатов қайнар көзін ашқан, кейін Бекет Өтетілеуов пен Спандияр Көбеев ілгері басқан, бертінде Манаш Қозыбаевтан бастап Өмірзақ Сұлтанғазинге дейінгі ағаларымыз сусынын қандырған қоғалы көлдер болатын.
Ахаң қиналған сәтінде:
«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болдық,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған», – деген болса, сол өртті өшіретін де, ұлт мерейін өсіретін де Ыбырай мен Ахмет үміт артқан кейінгі буын, жастар болатын.
Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Медиа-орталығы директоры, филология ғылымдарының кандидаты
Дереккөз: tobyl-torgai.kz