- Негізгі бет
- Проза
- Әділ Дүйсенбек: "Шерағамның...
Әділ Дүйсенбек: "Шерағамның шеруі"
«Көкжиек-Горизонт» баспасынан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, көптеген прозалық және деректі кітаптардың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» атты роман-эссесі қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы шағын әңгіме-естеліктер мен эссе-новеллаларға толы. Түрлі тақырыптар мен шағын сюжеттерге құрылған оқиғалары қызықты да тартымды. Тілі де шұрайлы, ойы құнарлы. Тәлім-тәрбие аларлық талай мәселелер көтеріліп, Шерағаның шеберлікпен шешуінің нәтижесінде ойдағыдай орындалады. Жазушы солардың бәрін сары майдан қыл суырғандай етіп дәл де нақты бере білген. Бүгін оқырмандарға осы кітаптан үзік үзінділер ұсынып отырмыз.
Кіріспе: кейіпкерім туралы
«Менің Абайым», «Менің Жамбылым», «Менің Әуезовім», «Менің Әбішім»…
Осылайша өзіне ұстаз, аға тұтқан ұлы тұлғаларды қолына қалам ұстаған адамдардың бәрі бірдей «менің» деп меншіктеп алуына құқы болмаса да, солай етуге хақың жоқ деген қағида және де жоқ. Заң бойынша тыйым салынбағандардың бәрі заңды дегендей, мен де Шерағаны – Шерхан Мұртаза ағамызды өзіме меншіктеп, «Менің Шерағам» дегенде осы қағиданы басшылыққа алдым...
Сенім жүгі
Шерхан Мұртаза ағамыз еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанға» редактор болып тағайындалғанда, оны редакцияға таныстыруға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі бастап алып келді.
– Бәріңіз де шығармашылық адамдарысыздар, – деді Өзекең Шерағамның өмір жолын баяндап шыққаннан кейін, – өйтіңдер, бүйтіңдер деп ділмәрсіп жатудың қажеті жоқ деп білемін. Газетті көтеру керек. Халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесін көздейтін, өткен тарихы мен жарқын болашағын жан-жақты ашып көрсететін материалдарды көптеп берген ләзім. Сөйтіп, басылымды жалпы ұлттық газетке айналдырған жөн. Оған мына жаңа басшыларыңыздың күш-қуаты да, тәжірибесі де жетеді деп ойлаймын.
Шерағам көп сөйлеген жоқ.
– Мен не дейін? – деп Өзекеңе қарады. – Бәрін өзіңіз комбайн жүріп өткендей жиып-теріп айтып кеттіңіз ғой, кәшек қалған жоқ. Сенімді ақтауға тырысамыз. – Сонан соң көпшілікке бұрылып: – Жалғыз ағаш – орман емес, – деді. – Хатшы мені қанша мақтағанымен, жалғыз өзімнің қолымнан түк те келмейді. Сіздерге арқа сүйеймін. Бірігіп жұмыс істейік. Бес саусақ біріксе, алмайтын асу да, жетпейтін жетістік те болмайды. Газетті ел сүйіп оқитын басылымға айналдыра білейік!..
Ағамның айтқаны айдай келді. «Социалистік Қазақстан» арада біраз уақыт өткен соң бұрынғы қатып қалған қасаңдығынан айрылып, қалың көпшілік асыға да қызыға қауышатын басылымға айнала бастады; тиражы өсті, оқырмандар саны арта түсті.
Қолынан іс келетін мамандарды таңдап-тауып, сенім арту – білгір басшыға тән көрегендік десек, сол сенімді бүкіл ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсай отырып, абыройымен ақтап шығу да – нағыз өнеге-ерлік дер едік. Осындай ағаларымыздың арқасы ғой, қазақтың қатарынан кем қалмай, алға адымдап басып келе жатқаны.
Айтқыштардың айдарынан жел есті
Қазақтай сөз қадірін білетін жан бар ма екен жалғанда. Айтуы келіссе, астындағы атын да тастап кететіндер болған ғой өмірде. Сонау көне дәуірден келе жатқан шешендік сөздердің өзі ен байлық емес пе? Сол кезде айтылған тапқыр сөздерді қазір неге жаңғыртпасқа? Әлде тауысып біттік пе? Әлде ыңғайсыз ба?
Шерағам «Егемен Қазақстанды» басқарып жүрген жылдары кезекті бір лездемеде осы ойды қаузай келіп, газетке «Ауыл айтқыштары» атты айдар алып шықсақ қалай болар екен дегендей пікір білдірді.
Мұндайда алғашқы боп сөз бастайтын ағаларымыз аз-мұз кідіріп қалды да, артта отырған орта буын өкілдерінің бірі:
– Ресми басылымбыз ғой, жоғары жақ не дер екен? – деп күңк ете қалды.
– Не? – Шерағам жауап күтпестен даусын одан әрі күшейте түсті, – сонда біз ресмиміз деп шіри беруіміз керек пе? Онсыз да сықиып тұрған «СҚ»-дан енді-енді арылып, елдің бетін бері қарай бұра бастаған тұста оқырмандардан ажырап қалмаған ләзім. Ол үшін кез-келген тәжірибеге баруға тиіспіз. Мәселен, кезінде Жамбаев айтыпты деген күлдіргі сөздер әлі де өз мәнін жойған жоқ. Соларды неге бермеске? – деді.
Басшы бастаса, қостаушылар қос-қостан шығатыны белгілі емес пе? Сол жерде отырып-ақ «Сағалбай солай депті» деп бір-екі мысал айтқан жасы үлкен ағайымызға Шерағам:
– Осы айтқандарыңызды ертең жазып әкеліңіз! – деп қолма-қол тапсырма берді.
Анау «ә,ә» деп барып «әрине» деді.
Осылайша, ресми газетте тұңғыш рет бейресми айдар пайда болып, ол әлі де жалғасып келеді. Айтқыштардың айдарынан жел есті деген осы болса керек.
Шекпенінен шыққандар
Әдебиетте өзіндік орны мен үні бар Өтеген Оралбаймен алғаш «Егемен Қазақстанда», сонан кейін құдай сәтін салып, Ақордада қызметтес болу бақытына ие болдым. Сол айтатын еді: «Осы сен ғой, Шерағаң туралы жазып жүрсің, білесің бе, сол кісінің қанша шәкірт тәрбиелегенін?» деп.
Шынында, ойланып қалдым. Былайша қарасақ, Мұртаза мырза Мұртазаев болып газет-журналдар мен теле-радиоға басшылық жасағалы бері жүздеген жасты тәрбиелеп шығарғаны мәлім. Ал, нақты санына келетін болсақ ше? «Шерағаның шекпенінен шыққан едім» дегенді елге белгілі ақын-жазушылардың өздері айтпаса, басқалары сол «белгісіз» қалпында қала беретіні сөзсіз.
Осы ойымды келесі бір кездескенде Өтекеңе айтып едім:
– Онда мен де Шерағаның шекпенінен шет қалмаймын ғой, «Ленжас» пен «Егеменде» еңбек еткем, – деп еңселене түсті. – Алдымен ағамыздың өзі шақырып алып қызметке орналастырған адамдарды түгендеп алайықшы! Мәселен, Атыраудан Әбіш пен Фаризаны, Алтайдан Оралхан мен Дидахметті деген сияқты.
– Жамбылдан Қалдарбек пен Кәрібай, – дедім мен.
– Жұмекен мен Рақымжан! – деді ол.
– Мұқтар мен Тұтқабай!
– Ақселеу мен Қадірбек!
– Мағира мен Жұмагүл!
– Серік пен Қуанышбай!
– Мұса мен Елен!..
Осылайша, екеуміз кезектесіп санағанның өзінде саны отыздан асып кетті.
– Қазір осы кісілердің өздері де шәкірттер тәрбиелеп жүр емес пе? – деді Өтекең өзінің философиясына басып. – Демек, олар да ұстаздарының ұстазын ұстаз тұтады ғой.
– Олардың бәрін қосатын болсақ, күллі қалам ұстағандардың тең жартысын Шерағаңның шекпенінен шыққандар деп қалай айтпасқа!
дереккөз:almaty-akshamy.kz
Т. Есқали