Әділ Ботпанов. "Ызғырық"

Әділ Ботпанов. "Ызғырық"
Фото: voxpopuli.kz

Тағдыр жазуымен із-түзсіз кеткен талантты ақын Әділ Ботпановтың прозаға да қалам тартқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Әділ мұрасын насихаттау - келер ұрпақтың парызы. Бүгін назарларыңызға Әділдің "Ызғырық" атты шағын әңгімесін ұсынамыз.

ЫЗҒЫРЫҚ

—   Не болды, қазақ? Сен мұнда да желтоқсан жасағың кеп жүр ме? Бәлкім, сен жерлестеріңді жиып алып, Қызыл Армияға қарсы соғыс ашқалы жүрген шығарсың, ә!?

—   Ойланып көруге болады...

Бұл әбден ашынып алған. Ендігі жерде не болса да қуана-қуана көнуге даяр-тын. Тек әйтеуір мына ми ашудан құтылса болғаны. Алғашқы күні рота командиріне көтеріліс Алматыда болғанын, бұл қазір Қиыр Шығыста жүргендіктен оған еш араласа алмайтынын әрі-бері айтып көрген. Ұғындырмақ болған. Бірақ самогонға сылқия тойып алған капитан Чмыхало мұны еш тыңдаған жоқ.

— Тыңда, Садыров, — дейді — тыңда! Алматыда менің жиенім, қарындасым мен оның шиеттей бала-шағасы тұрады. Егер ертең хабар алғанда олардың біреуінің басынан бір тал шаш түскен болса, мен сені гаупвахтада шірітем, тірідей жерге көмем! Бара бер...

Ертеңіне батальондағы екі қазақты саяси бөлімнің бастығы шақырып алды. Майор Коваленко аса қу, сондықтан аса сыпайы көрінетін, бәкене бой,  жіпсік көз кісі еді. Оның үстіне танауы тым таңқы-тын. Сонысына қарамай бокстан спорт шебері болатын. Өзіне жақпай қалған солдатты кабинетіне кіргізіп алып, түн баласына қан-жоса ететінін де арагідік еститін еді. Майор Коваленко бұл жолы да аса қамқор, сыпайы болып көрінді. Маймөңкелеп іші-бауырларына кіріп барады.

— Өте өкінішті, жігіттер Алматыдағы жағдай бәрімізге оңай тиіп отырған жоқ. Дегенмен ондағы наркомандардың арасында сендердің туыстарың болмаған шығар деп сенемін. Егер сендер ол жерде болғанда, Отанымыздың адал патриоттары ретінде мұндайға жол бермес едіңдер. Солай емес пе, ә?

— Солай ғой, жолдас майор! — Жанындағы жерлесі әскери дәстүрмен тақ ете қалды. Бұл үндемеді.

— Жарайды, жігіттер, жарайды. Енді іске көшейік. Алматыдағы қазақтардың ісі Отанымыздың, қайта құрудың бетіне жағылған күйе болғаны — ақиқат. Әрине, Қызыл Армия ішкі істер органдарының қырандары қырағылық танытты. Көтеріліс басылды. Көздеріне май біткен, күні кеше ғана европалықтардан тұрып дәрет алуды, қасықпен тамақ ішуді үйренген сексеуіл тектес халықтың көтерілісі басқаша аяқталуы да мүмкін емес еді ғой. Солай емес пе, Сабыров?

Үнсіздік...

— Олай болса қазір екеуің отырып, орталық газетке жерлестеріңнің істерін қаралап жазасыңдар. Олардың нашақорлығын, одақ мүддесінен айуани түсініктерін жоғары қойғанын, олар үшін өздерің қатты қысылатындарыңды айтасыңдар. Оларды аямай жазалау керек дейсіңдер. Ұқтыңдар ма?

— Ұқтық! — деді Талпақов. Бұл үнсіз қалды. Коваленко сығырайған көздерімен мұны тесіп барады: — Ұқтың ба, Сабыров?

— Жоқ, — деді бұл, — Мен жазбаймын.

Коваленко аз-кем үнсіз отырды да:

— Талпақов, сен қал, Сабыров кете бер! — деді.

Ротаға келісімен мұны Чмыхало шақырды. Жанында прапорщик Марков бар екен.

— Не болды, — деді Чмыхало, — орталық газетке мақала жазғың келмей ме?

— Жоқ! — Желкесінен сарт етіп тиген соққы кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Бүйрек тұсына Марковтың аяғы тиді. Бүгіле бергенде Чмыхало қос қолдап шашынан ұстады да, тізесімен бетінен тепкілей берді: — Жазасың! Жазбай гөр осыдан... түрме түбінде шірітем, жіпсік көз..!

Еденге сарт етіп құлады. Марков шашынан ұстап тік көтерді де, орындыққа әкеп отырғызды. Қолына қалам берді. Бір сәт... сәт ішінде көз алдына Алматыдағы ағасы, достары, сосын, Гүлмира түсті... Бұл оларды қалай қорламақ. Олар сол алаңға шыққан болып, ертең газет бетінен мұның жазғанын оқыса, масқара емес пе? Жоқ! Бұл жазбайды.

— Жаз, — деді Чмыхало. — Жаз, иттің баласы!

Бұл көп ойланған жоқ. Орнынан тұрды да, бар күшімен рота командирін шықшыттан тартып қалды. Ізінше екінші соққыны иектен жіберді. Чмыхало алпамсадай денесіне қарамай әлсіз екен. Орындықтарды құлата-мұлата жерге етпетінен түсті. Солай еткенше болған жоқ... басына әлдебір тастай нәрсе сарт етті. Құлап бара жатып көрді, орындық екен...

***

Қатардағы жауынгер Мамедов Коваленконың кабинетіне жасқаншақтай кірді.

—   Денсаулық тілеймін, жолдас майор!

—   Жә, жә, Мамедов, менің кабинетімде өзіңді еркін сезіне беруіңе болады. Байқаймын, дисбат саған тәртіпті жақсылап үйреткен-ау!?

—   Дәл солай, жолдас майор!

—   Сен Мамедов, дисбатта қанша отырдың?

—   Өзіңіз білесіз ғой. («Өзіңіз отырғыздыңыз ғой» дегісі келген. Бірақ, қорықты. Ит неменің ішінде не жатқанын кім білсін?)

—   Қанша отырдың деймін?

—   Бір жарым жыл, жолдас майор.

—   Тағы да отырғың келе ме?

—   Жоқ, жолдас майор.

—   Ә, отырғың келмейді, иә. Темір тордың әр жағы теледидар емес, әрине. Онда айта қойшы, Мамедов, Сабыров екеуің түн ішінде қатардағы Пучкоға картоп қуыртасыңдар, а?! Немене көгілдір қандарың тамырларыңа сыймай бара ма?

— Қуыртқан жоқпыз, жолдас майор.

— Кімді алдағың келеді, Мамедов. Міне, Пучконың арызы мен прапорщик Коршунның куәгерлік қағазы алдымда жатыр ғой.

— Қуыртқан жоқпын, жолдас майор.

— Сен қуыртпасаң, Сабыров қуыртқан шығар. Пучконың денесіндегі дақтар та соның етігінің ізі шығар, ә?..

— Білмеймін, жолдас майор, көргем жоқ.

— Мамедов! Мен сенен «қуырттың ба, көрдің бе?» — деп сұрап отырғам жоқ. Сені соттау үшін мына екі қағаздың өзі жеткілікті. Тек, есіңде болсын, бұл жолы сені дисбат емес, кәдімгі түрмеге, ұры-қарының арасына жіберем. Ал ол жақта сен сияқты Отанға адал қызмет ете алмаған боқмұрындарды бір сәтте-ақ әйел қылады, білдің бе? Әлде сен Гогаладзе екеуіңнің, қай жылы қатардағы Ряткавичусті зорлағандарыңды ұмыттың ба? Сол жылы біріңнің мамаң Грузиядан, біріңнің әкең Азербайжаннан келіп, жылап-сықтап жүріп бригада командиріне, Ряткавичустің әке-шешесіне қолындағы барын беріп қана, сендерді аман алып қалғанын білесің бе?

— Білем.

— Білсең, Мамедов, сен де түрмеде Ряткавичус боласың.

— Болмаймын!

— Болмайтыныңа сенсең, ісіңді сотқа даярлай берейін. Батырсың ғой, Мамедов. Батырсың ба?

— Жоқ, жолдас майор.

— Ә-ә, енді ақылға келе бастадың. Шамасы, сенің де болашақтан үмітің болғаны ғой. Сонымен, Мамедов түрмеге түскің келмей ме?

—   Келмейді.

—   Онда әңгіме басқа. Мына, қағазды ал да жаз!

—   Не жазам, жолдас майор?

—   Осылай да, осылай, желтоқсанның 17-сі күні түнде сержант Сабыров қатардағы Пучконы ұрып-соғып асханаға жұмсады. Мен қой деп айтып ем, тыңдамады, өзіме де жұдырығын ала жүгірді. Денемде таңбасы қалды де!

—   Денемде таңба жоқ қой.

—   Болмаса болады! — Осылай деді де, Коваленко Мамедовты оңдырмай теуіп-теуіп қалды. Тіпті еденде аунап жатқан баласындай-ақ жиырма жасар жігіттің аузынан көбік аққанына да қараған жоқ. «Мә, сендерге Азия! Мә, сендерге көгілдір қан! Мә, мә!» деп тұрып құмарын қандыра тепкілеп алды. Сосын Мамедовты орнынан көтерді.

—   Ештеңе етпейді, Мамедов, менің айтқанымды жазып, сотта Сабыровқа қарсы куә болсаң, мен сені үйіңе қайтарам. Әскери қызметке жарамсыз деген қағаз берем қолыңа. Үйіңді сағынған шығарсың, сүйген қызың, достарың бар шығар, ә?..

***

— Тұр, Қасым, тұр!.. Сабыров... саған айтатын әңгіме бар. Бұл әлі есін жиып болмаған еді... Көздерін әрең-әрең ашты. Сөйтті де, «жазбаймын, мен сатқын емеспін» деп қайта жұмды. Мамедов су әкеліп, бетіне бүрікті. Қалтасындағы орамалын сулады да, әуелі еріндерін ылғалдап, сосын аузына бір-екі жұтым су тамызды. Бұл есін жиғандай болды. Еңсе көтеріп, әзер дегенде орнынан тұрды. Сосын қайтадан кереуетке отыра кетті.

— Қасым. — деді Мамедов кібіртіктеп. — Қасым, мен сені саттым. Сен ренжіме, бірақ менде басқа амал болмады. Менің әке-шешем — кәрі адамдар. Бірақ мен қайтып ораламын, Қасым. Ораламын да, Коваленконы малша бауыздаймын. Сонда ғана біздің кегіміз қайтады. Сонда ғана біз еркек боп жер басып жүре аламыз, Қасым!.. — Алидың (Мамедов) көзінен жас парлап ағып тоқтайтын емес. Бұның санасында Мамедовтың соңғы сөздері жатталды. Ал ол болса әлі тоқтайтын емес.

— Тоқта! — деді бұл. — Тоқта, Али, жылама! Сен еркексің ғой.

Сөйтті де орнынан тұрды. Бойының сең соққандай құрысып, дуылдап тұрғанына қарамастан, бір басып, екі басып жүре берді. «Кезекші, — деді айқайлап, — бері кел!».

Шақырғанына жүгіріп келген сары ауыз кезекші қасына келіп қалшиып тұра қалды. Бұл асықпай оның беліндегі қынаптан пышағын суырып алды. Ешкімге айтпа! — деді кезекшіге. — Мен қазір келемін.

Сосын жалаң пышақты қойнына тығып штабқа қарай қадам басты. «Ақыры сотталады екем, жастығымды ала кетейін. Көрсетейін сендерге желтоқсанды!» деп күбірлеп қойды. Сол сәтте бұл тым айбарлы-тын. Көңілін тұмшалаған түнек сейіліп, көптен бергі тартқан азабының аяқталған тұсы жақындағандай еді. Штабтың есігін аша бергенде ар жақтан Коваленко қарсы кездесті.

— Не болды, Сабыров? — деді ыржалақтап. — Не, ақылға келдің бе? Менің айтқан қағаз...

Сөзін аяқтай алмады. Қасымның қолындағы солдат пышағы жарқ етті де, жүрегіне  кіріп қадалды. Коваленко артқа қарай шайқалып барды да, алға бір қадам жасап, Қасымның үстіне құлады.

***

Ал Алматыда күн шыңылтыр аяз еді. Түнімен жауған қар алаңдағы қып-қызыл қанды әлдеқашан жасырып үлгерген.

25.Х.1998 жыл.

«Ақмешіт» апталығы»

Ш. Талап