Бүгін халық жазушысы, ХХ ғасырдағы қазақ әдеиетінің дамуына көп үлес қосқан суреткер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туған күні. Осы орайда Массагет порталы жазушының романдарына тоқталып өтеді.
“Курландия” романы
Қаламгер Ұлы Отан соғысынан кейін бірден әдебиет табалдырығын роман жазып аттады. 1949 жылы “Курландия” романын жазып бастады. Бұл шығарма 1950 жылы жарыққа шықты.
Туынды үш бас кейіпкер – Есей, Петр Денисов, Қожақ айналасында өрбиді. Есей әр тасырманы тыңғылықты орындайтын, Отанын сүйетін патриот адам ретінде суреттелген. Денисов та роман барысында әзілсүйгіш, ақжарқын адам ретінде бейнеленеді. Қожақ та әзілкеш, қу адам. Бірақ өзінің алға қойған мақсаттары мен, асыл мұраты бар. Романдағы тағы бір кейіпкер Генерал Разумов. Ол романда көп айтылмаса да, соғыстағы ерліктері мен, ұрыс кезіндегі қолданған тактикалары арқылы оқырманды қызықтырып отырады.
1958 жылы “Курландия” романы “Күткен күн” деген жаңа атпен жарық көрді. Жалпы айтқанда, бұл роман Ұлы Отан соғысы туралы, Балтық республикалары аумағын фашистік ордадан азат еткен Екінші Балтық және Ленинград майдандары солдаттары мен офицерлерінің әскери ерліктері туралы шығарма. Роман Қазақстанның Жамбыл атындағы республикалық сыйлығына ие болды.
“Қан мен тер” трилогиясы
Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы – “Ымырт” (1961), “Сергелдең” (19б4), “Күйреу” (1970) атты үш бөлімнен тұрады.
Бұл романның басты кейіпкері – Еламан. Жазушы Еламан арқылы сол кездегі халықтың әлеуметтік тұрмысын, тағдырын суреттейді.
А.Нұрпейісовтің “Қан мен тер” роман-трилогиясы қазақ романының дамуындағы маңызды болған шығарма. Автор белгілі бір кезеңдегі адамдардың өмірін суреттеудегі шеберлігі мен осы қиын -қыстау заманда өмір сүрген бас кейіпкер Еламанның өмірі, оның өмірлік қиыншылықтарға қарамастан кедергілерді жеңе білуін шебер тілмен жеткізеді.
Сонымен бірге, Еламанның, қарт Сүйеудің, Мөңке шалдың, Ақбала, Тәңірберген, Судыр Ахметтің көркем образдары жан-жақты ашылған.
Әбдіжәміл Нұрпейсовтың басты шығармасы болатын “Қан мен тер” туралы белгілі әдебиеттанушы ғалым Рымғали Нұрғали:
“Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады”, - дейді.
1974 жылы А.Нұрпейісовке “Қан мен тер” трилогиясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді, кітап әр түрлі ұлттардың тіліне аударылды, осы аттас фильм түсірілді.
Соңғы парыз
Автордың бұл романы алғаш рет 1999 жылы “Жазушы баспасынан жарық көрді. Романдағы басты оқиғалар Бәкизат, Әзім және Жәдігер атты үш кейіпкержің айналасында өрбиді. “Соңғы парыз” мазмұн жағынан “Қан мен терге” ұқсас әлеуметтік-психологиялық шығарма.
Шығарма туралы орыстың белгілі жазушысы Анотолий Ким:
“Соңғы парыз” – бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы. Роман финалы таң қаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заманақырлық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ”, - дейді.
Романда сол кездегі заман, экологиялық проблемалар, қоғамның моральдық жағдайы, ар-ождан мен азаматтық борыш алдындағы жауапкершілік туралы айтылады. Оқиғалар табиғатқа екі түрлі көзқарас пен өткір экологиялық проблемалардың күрт шиеленісуінде, өліп бара жатқан Арал теңізінің фонында өрбиді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың “Курландия”, “Қан мен тер”, “Соңғы парыз” романдары орыс, француз, испан, чех, румын, түрік және басқа тілдерге аударылған.