- Негізгі бет
- Проза
- "Абай Жолы" романының...
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #37 соңы
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #33
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #34
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #35
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #36
Жұтта
1
Биылғы қыс өте ерте, суық түсті. Ел қимылы келе жатқан жұтқа дайындалған сияқты. Бұл жыл Абай Аралтөбеге Әйгеріммен оңаша қыстау салдырған. Ақшоқыда Мағаш, Нұрғаным, Ділдә қалған. Қыстық жем-шөп те аз жиылыпты. Ел сөзі тек осы қыстың қандай болатынын жайлы еді. Күндер суық өтсе де, Абай үйіне қаладан қонақтар үзілмеді. Келгендер қалада дауларды әділ шешіп, дұрыс байлау айтып жатқан бір кісі туралы айтатын. Ол Абайдың Мағашы еді. Абай осы Мағашымен қуанатын, мақтанатын. Қонақтардың бірі Мағаштан хат әкеліпті. Ол жерде Мағаштың ауырып жатқаны жайлы жазылған екен. Абай үсік ұрғандай ағарып, түрленіп кетті. Дереу Баймағамбетпен Семейге жетеді. Мағаш әкесін уайымдап, қысылып қалмасын деп, өзін сау адамдай ұстауға тырысады. Бірақ Абайдың жүрегі сезетін, қорқатын еді.
2
Мағаштан күнде хабар алып, дәрі-дәрмегін беріп қарап жүрген жас дәрігер Станов болатын. Мағаштың жөтелі жиілей, көп демігетін болып қалған. Осындай қиын күндерде Павлов бір хабар алып келеді. Жапония Ресейге соғыс ашып, шығыстағы Порт-Артур кеме орталығын жаулап алыпты. Досы патша үкіметінің күндері сараң болып қалғанын, революцияшыл топтардың сенімі арта түсетіндерін айтып, Абайды сәл ғана қуанта алды. Абай дәрігер Становпен оңаша сөйлескенде қатты күрсінді. Ол Мағаш ауруының шипасы жоқтығын, ол күтімді қарауда болса екі-үш жыл жасайтынын айтады. Енді Мағашты ауылға алып, қымыз етпен жылы күтуін ұсынады. Абай Семейде уақытша жүрген ауылдастарын айтып, ауылға бір күнде қайтуға бел байласады. Себебі Мағашты қыстың қатал суығына көп қалдырмай, көп шанамен жедел жол ашып, ауылға жету керек болатын. Бір күнге келісіп, Дәрмен, Баймағамбеттер жолға дайындық көріседі.
3
Биыл күз басынан ертелей түскен қыс суығы ақпан айы келсе де үйріккен боран бәсеңдемеді. Мая-мая шөптер таусылған. Күннен-күнге мал қырғыны көбею үстінде. «Жұт келсе бірегей келеді» дегендей, ауыл адамдарының азық-түлігі бітіп, қалаға жүрсе мінер семіз аты жоқ, жаяулап көп күйзеледі. Қар астын тебініп шөп тауып жейтін жылқыларды жылқышылар қыр мен қыр аса айдап жүдетті. Артынан жылқышылар кейін жететін болған. Түнге қарамай ұйқысыз, ықсыз ысқырған боранды түндерді Алтыбай айықпай өткізеді. Жылқы айдағалы жетінші күні боран қайта туғандай асқынады. Тіпті қарсы алдында не тұрғанын керсетпес еді. Жылқылар даурығып, шөп шаппай кете берісті. Қараңғылықпен бірге келетін топтары (қасқырлар) да жеткен еді. Аттар үркіп алға баса берді. Алтыбай бар қуатын салып, айқай салса да жиырмадай қасқыр үріккен де жоқ. Түнекте жол көрінбей жылқылар жарға құлап кетті. Бұл бірінен кейін бірі кеткен Жамбы жарында болатын. Алтыбайдың астындағы аты да әбден қаурығып, шыдамай жатты. Алтыбай жар жағалай жаяу түсіп кетеді. Кейін артынан жеткен жылқышылар Алтыбайдың қасқырға таланғанын түсінеді. Тымағын иектен, етігін жасайдан табады. Алтыбайдың Байтұяқ деген немере інісі де Ақшоқы қойларын айдаймын деп, ерте кетеді. Тіпті сәуір айы келсе де топыр боран аластамайды. Басқа ауылдардың айдап кеткен мың жылқысынан жиырма-отызы қайтып жатты. Ақшоқыда жұттан үлкен қайғы Мағаштың жағдайы еді. Ол күннен-күнге әлсіреп жатқан болатын. Соңғы күндері Мағашты қайғырған жұрт көп. Мағаш Абайдың қолын ұстай: «Аға ... дүние ... осы!», деді де үзілді. Абай, үй іші, бүкіл Тобықты Мағаштың артынан кесек-кесек жастарын ағызып қайғырады. Мағаш өлімінен бұрын көктемнің басында Абайдың өмірлік досы Ербол сүзектен қайтыс болған еді. Артынша Абайдың қадірлісі ер көкірек Базаралы кетіп еді. Бірақ бұл жайды Абай Мағаштың өлімінен он екі күн өткеннен кейін есітіп, үш бірдей алыбынан айырылғанын біліп, үшеуі бірдей сынып, құлап кеткенін біліп: «Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды ... Мен ішпеген у бар ма!.. Жүрегімді көрші міне, жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жазық, не айыбым бар?», - дей кетті. Мағаштың қырқы өткеннен кейінгі күні Абайдың алып денесі өлімге жеңіле түсті. Шөл даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жылтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті.
Эпилог
Абайдың бейіті өзі туып өскен Жидебайға Оспанның қасына қойылды. Екі үші ай өтіп күзектерге көшіп жатқан халық осы жерге тоқтамай кетпейтін. Абай ауылы да бүгін тегіс жиналып кеп отыр. Әйгерім мен Зейнеп Абайға қайталанбас жоқтау айтады. Әйгерім зары жиылғанға естіліп жатты. Абайдың жолында жас буынның жамандықтан жиренгенін, жақсы күнді көксегенін Әйгерім үні таратып айтты.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы
Өлмейтұғын, артына сөз қалдырған!», - деген өзіңсің, Абай аға!
Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды!.. Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең ... Ана жұртың сені өлді демейді!
Кітаптың соңы
Сурет: kk.wikipedia.org
Ж. Өрісбай