"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #33

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #29

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #30

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #31

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #32

Қапада

1

Күз ортасы ауып барады. Абай мен Дәрмен жатақты аралап келе жатты. Оларды арнайы тез шақыртқан Базаралы мен Ербол болатын. Төрт күн болғалы жетпісті арқалаған Дәркембай қатты науқастанып жатыр еді. Әлсіреп қалған шал: "Келді ме?", – деп есікке қарай береді екен. Абайлар кіріп, сәлем беріп, Дәркембайға жақындасты. Жаңыл жылап отыр. Базаралы мен Ербол да сонда отырған болатын. Дәркембай Абай мен Дәрменді көре сала ажарына күлкі жүгіріп, бірақ зорға күбірлеп: "Абай, Дәрмен жалғыз балам Рахымды өздеріңе тапсырдым. Елдің керек етер адамы болсын", - деді де, басқа еш үн қатқан жоқ. Көзін жұма сала үндемей кетті. Рахым осы кезде 13-14 жастағы бала болатын. Әкесін қайғырып ол да отыр. Осыдан ертеңгі күні Дәркембай өмірден өтеді. Абайлар Дәркембайдың жетісіне дейін жатақта қалады. Олардың қайтарында Базаралы Абайға оңашада бір бүлік шыққалы жатқанын баяндайды. Әзімбай жылқы ұрлатып, соны Базаралының көршісі Әбдіден көріп, жала жауып отыр екен. Бұл әншейін сылтау. Ырғызбайдың ақсақал мен қарасақалдары осыдан біраз бұрын жиналып, Базаралыны бір жақты етуге, яғни көзін құртуға серттесіпті.

2-3-4-5

Қыстың басы тақау қалған. Абай оңаша, Мағаш пен Кәкітай кітап оқып ізденуде. Осы кездері Абай бір ойға тұтар өлеңдер жазды:

"Әсемпаз болма әрнеге

Өнерпаз болсаң арқалан

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!", - дей бере:

"Ақырын жүріп, анық бас

Еңбегің кетпес далаға

Ұстаздық қылған жалықпас

Үйретуден балаға", - дейтін. Абай өлеңдері әнмен шырқала, кең қазақ даласына таралып жатты. Осындай бір күндерде Әбіштен телеграмма келеді. Екі айдан бері Әбіш қатты ауырып, лазаретке (әскери орталықтағы кішігірім аурухана) түсіп қалыпты. Ол кезде Мағыш та Ақшоқыда болатын. Ол былтыр Әбіш екеуінің бірінші перзенті Рахиланы туу алдында Алматыдан қайтқан. Абай лезде Мағаш, Майқан, Өтегелді үшеуін Алматыға жөнелтеді. Мағаштар Алматыда пәтер жалдап, Әбішті лазареттен алып шығып, сол пәтерде жақсылап күтеді. Қыс бойы әр үш күн сайын Фидлер деген дәрігер келіп, Әбіштің жағдайын біліп жүреді. Абайдың асқан ақындығы Алматыда көп тараған екен. "Абайдың ұлы науқастаныпты", - деп, жөн сұрап келушілердің қарасы да көбейе түскен. Аты тегіс Жетісуға тараған айтыскер ақын Жамбыл да келіп, жөн біледі. Көктем жақындай түскенде Әбіш тым әлсіреп кеткен еді. Ол: "Туған жеріме жете алмадым", - дей бере, достарымен үндесе қайтыс болады. Мағаш әкесімен қыс бойы хат жазысып отырған болатын. Оның соңғы хаты осы сұм хабарды Семейге алып барды.

Абайдың айтуымен Әбіштің бейіті уақытша Алматыға қойылады. Сосын Мағаштар ауылға қайтып кетеді. Кейін мамыр айында Майқан, Өтегелді және тағы үш жігіт Алматыға жетіп, Әбішті туған өлкеге алып кетеді. Оның бейіті үлкен ана Ұлжан бейітінің қасына қойылады. Абай өмірінде алғаш рет ауыр соққыдан қатты жеңілген жандай өз-өзіне келе алмайды. Қайғыға батумен болады.

"Құйрықты жұлдыз секілді

Туды да көп тұрмады!..

Жиырма жеті жасында

Ғабдрахым көз жұмды."

Сурет: kk.wikipedia.org