"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #32

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #28

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #29

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #30

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #31

Құз-қияда

1

Дәрмен, Мағаш, Кәкітай, Әлмағамбет, Мұқа – бес жігіт және Мәкен қыз, алтауы қашып келген еді. Абай: "Ертістің ар жағына, Үлкен Семейге өтіп, сол жерде тасаланыңдар. Сосын Әбішке жолығыңдар. Дереу арыз жазсын (Әбіш пен Мағыш Үлкен Семейде болатын). Түн ортасы болса да, Сейіл қайықшыға менің сәлемімді айтсаңдар, сендерді өткізіп салады", - деді. Олар дәл Абай айтқандай әрекет етеді. Үлкен Семейдің Затон деген таса жеріндегі Әбен дейтін таныс жігіттің үйіне жетеді. Қашқындарды қуып келе жатқан Дайыр бастаған он шақты жігіттер де Слободкаға жетіп келеді. Дәрмен алып қашқан Мәкеннің әмеңгері сол Дайыр болатын. Осы жазда Әбіш пен Мағрипаның тойында Дәрмен мен Мәкен бір-бірін ұнатып қалған еді. Дайыр Мәкенді өз інісі Қайырға бес жыл бұрын айттырып, әкесі Әзіммен келісіп қойған болатын. Сол уақыт өтпей Қайыр қайтыс болады. Келіскен Әзім де өмірден өткен. Енді Дайыр қырыққа келсе де, інісі өлген соң Мәкеннің әмеңгері атанып, күзге жақын алып кететіні туралы бекініп жүрген. Ал Дәрмен бұған шыдай алмай, қызды Абайға зияны тимесін деп қалаға алып қашады. Дайыр бір жағынан Оразбайға туыс. Осы кез Оразбай да қалада болатын. Ол бар болған жайтты біліп, дереу "Абайдың Дәрмені" деп боқтай кетеді. Ол Дайырға қосып қаланың Қорабай сияқты көп саудагерлерін жөнелтеді. Сол түні хабар Әбішке де жетіп, Мәкеннің атынан Семейдің оязына арыз жазған.

2

Әбіш Кәкітаймен таңертеңнен оязға жол алысты. Ал Қорабай мен Дайыр жиырма шақты жігітпен қаланың ішін түні бойы тіміскілеген. Осы қуғыншылар Әбіштер кетісімен Әбеннің үйіне де жеткен еді. Үй ішінде Әбен, Әлмағамбет, Мағаш, Әбді, Мағыш, Айшалар бар болатын. Дайырлар көпшілік болғандықтан, үйдегілерді ұстап, үй ішінің ойранын шығарады. Соңында Мәкен мен Дәрменді байлап алып кетеді. Бұны Әбішке хабарлауға Әлмағамбет артынша кетеді. Көп өтпей Дайырлар Ертісті кесіп өту үшін паромға (пароход) міне бастайды. Әбіштің досы Әбен Затон зауытында грузчик болып жұмыс істейтін. Оның өзі секілді дәу грузчик достары Әбеннің басынан қан сорғалатып кеткенін есітіп, дереу жиналып паром алдына жетіп келеді. Бұл жігіттерді бастап келген затон зауытының слесарі Сейіт дейтін жігіт болатын. Нағыз шайқастың көкесі осы паромда болады. Төбелес үстінен Әбіш бес полицей қызметкерлерімен бірге кеп түседі. Полицейлер дереу тоқтатып, Дайыр мен Қорабайды алып кетеді. Әбіш жаңа ояз Маковецкиймен жақсы таныс еді. Жаңағы бүлікті есітісімен Әбіш Маковецкийден бес жігіт алып, дереу жеткен жері осы болған екен. Әбіштің өзі де әскери формада жүретін. Дайырлар екі қашқынды шариғат жолымен жазаламақ болып, алып кетіп жатқан еді. Баяғыда ауылдың істері осылай қаралатын. Орыс заңы қағаз жазып келген алғашқы әйел осы Мәкен болатын. Сондықтан, Маковецкий бұл істі жоғарғы окружной соттың шешуіне жіберді. Енді бұл іске Павлов пен Абай да араласа бастады. Абай бұл іске қатысқан барлық жігіттерге арыз жаздырып алып, сотқа жібереді. Ал Оразбайлар тек ауызекі айтумен болады.

3

Мәкеннің ісі Злобин деген тергеушіге берілген. Енді олар қызды екі жаққа да қоспай бөгде жерде ұстап отыр. Оған қоса Әбішке де Алматыдағы әскери жұмысы бұйрық хатпен шақырту жіберіпті. Соттың өкімін біле алмай, амалдың жоқтығынан достарымен қоштасып, Мағышпен бірге Алматыға жол алады. Абай да енді не боларын біле алмай, алаңсырап, қолына қағаз бен қалам алып "қара сөз" жазуға кіріскен. Ол өзінің қара сөздерінде екіжүзді моллалар мен арам сүйгіш саудагерлерді көп жазатын. Осылай іркілмей төрт ай өтіп кетіпті. Декабрьдің басы. Мәкеннің ісі әлі біткен жоқ. Соңында соттағы адамдар махаббатты қадірлей түсіп, Мәкеннің азат екенін ұйғарады. Ал қалың малды Дәрменнің достары мен Абай көтеретін болды.

"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #33

Сурет: lermontovka-spb.ru