Романдағы қазақ халқының қонақтарды қарсы алып, шығарып салуына назар аударайықшы. Алыстан келген құрметті қонақтарды ауыл сыртында үлкендер жаяу қарсы алған. Келген қонақтар да ауыл үлкендеріне атынан түсіп, жаяулап келіп сәлем берген. Ал егер келген қонақтар ауыл арасындағы үлкен адамдар болса, жастау қызметші жігіт алдынан шығып, сәлем беріп, аттан түсіріп, өзін қонақ үйге бастап келген. Егер қонақ жолаушылап жүрген бөгде кісі болса, үй сыртынан «сөйлес» деп дауыс қылып, сөйлесуге шыққан үй иесіне жолаушы екенін айтып, қонуға рұқсат сұраған. Әрине, үй иесі жолаушыға қонуға рұқсат береді. Өйткені, қонаққа үйіне қонып шығуға рұқсат бермеу дала заңында жоқ қағида.
Ал егер бөгде жолаушы қасында атқосшысы бар мырза болса, атқосшысы мырзадан бұрынырақ келіп, үй иесіне жай-жапсарды түсіндіріп, қонуға рұқсат сұраған. Халқымыздың осындай салт-дәстүрін М. Әуезов өзінің «Абай жолы» романында қалай суреттеген екен?
«Ербол түсетін үйді сырт нобайынан барлап келеді екен. Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі ортада тұрған жалпақтау, бес қанат үй екен. Соған қарай, Абайдан озыңқырап бет бұрды.
Абай тақап келгенде, үй иесі шыққан еді. Иығына шекпен жамылған сақалды біреу. Бір аяғын сылти басатын сияқты. Ербол бұрын сөйлесіп, «қонақпыз» деп, өздерінің кім екенін айтып еді. Үй иесі:
- Е, жігіттер, түсіңдер. Дәм айдап келген екенсіңдер! Барымыз әзір!.. Кәні! – деп кеп, Абайдың атын өзі байлады!..»
Халқымыздың игі дәстүрі «Абай жолы» романында көптеп кездеседі. Абайдың оқудағы баласы Әбішті күтіп алатын, болмаса Құнанбай ауылына келген үлкендерді немесе ірі жиындарға барған Абайдың қасындағы адамдармен күтіп алған, Абайдың Әйгерім ауылына түскендегі, «Бөжей асы» туралы жазылған тарауларды оқығанда осыған көзіміз жете түседі.
Ал енді құрметті қонақтарды шығарып салу дәстүрі қалай болған? Қонақтар қайтар алдында аттарын ерттетіп қойып, үйге кіріп, бәрі, яғни ауыл иелері және қонақтар жеңіл ас мәзірін, көбіне қымызды іше отырып, қонақтарға рақметін айтып, сый-сыяпат, тарту-таралғысын жасай отырып, оң сапар тілеген. Қонақтар да қонақжайлылыққа рақмет айтқан. Содан соң бәрі сыртқа шығып, қайыр-хош айтысқан. Мінгізетін қараларын кермедегі қонақтарының аттарының қасына байлатқан.
Романдағы Біржан салды Абай ауылы шығарып салған кезіне тоқталып көрейікші.
«Біржанға дәл жүрер кезінде Ұлжан өз үйінен, өз алдынан дәм татқызып отырып бата берді де, оң сапар тіледі. Сонымен қатар Айғыз, Нұрғанымдарға әкелгізіп тоғыз-тоғыз сый ұсынды. Біржанның өзіне өз қолынан үлкен күміс тай тұяқ сыйлады. Қасындағы бір жолдасына қоржын тола манат, мақпал сәлем-сауқат берді».
Міне, қазақ қонағын әрқашан сый-сыяпат беріп, ризалықпен аттандырып отырған.
Қонақтармен есіктің алдында, кермедегі аттарына мінгізіп болғаннан кейін қоштасқан. Ал енді отбасы мүшелері алыс сапарға шығарда жолаушыны оң сапар тілеп, үлкендер және от анасы, яғни сол үйдің әйелі шығарып салып отырған. Құнанбайдың қажыға аттанар сәтіндегі, әйелі, от анасы Ұлжанмен қоштасар сәтін оқып көрейікші.
«Құнанбай Ұлжанға қарай бар денесімен бұрыла түсіп, бет беріп сөйледі:
- Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел - өзің едің. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған айтар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын, - деді.
Ұлжаның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі, ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты:
- Мырза, мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады. Ұлжан, енді тең адаммен мейлінше еркін сөйлескен, ойшыл түске ауысты. Бұл уақытта оның өңі қайтадан өз ажарын тауып, бір түрлі нұрға балқып тұр еді. Кесек біткен сұлу, кең, дана пішін. Сөзін дамыта берді.
- Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екенсің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған! – деп, біраз толас етті. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді. Ұлжанның жүзіне телміре қадалып қапты. Ұлжан қабағын көтеріңкіреп, екі көзін қысыңқырап, тағы да толғанумен нұрлана түсті.
- Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді. Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін сен ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді кеп кінәласам ба, мырза! – деді. Ұзақ өмірде күйеуінен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны іркіп қалды».
Иә, ұзақ сапарға жолаушы кінәласып емес, ырзалық айтып қоштасқан. Айтатын сөзі, бұйымтайы қоштасар сәтте айтылған. Бұл романдағы Барлас ақынды, Біржан салды немесе Құнанбайды қажыға, жас Абайды ұзақ сапарға аттандыратын тараулардан көрініс тапқан.
Жолдаған: Досхан Жылқыбай
Сурет: ©Досхан Жылқыбай