Massaget.kz ұсынады. Жігіттерге арналған бес роман

Massaget.kz ұсынады. Жігіттерге арналған бес роман
Фото: wallpaperdetails.com

Massaget.kz танымдық порталы әлем әдебиетіндегі белгілі романдардың қатарынан жігіттерге арналған бес үздігін ұсынады. Төменде берілетін тізімде әлемдік классикадағы нағыз жігіттердің орайын танытатын, дұрыс бағдар көрсетіп, намысты оятатын, кейде тереңінен ойландыратын сюжетке толы романдар болмақ. Ендеше біздің таңдауды сіз де байқап көріңіз.

5. «Бетперде»

Бетперде – ХХ ғасырдағы жапон жазушысы Кобо Абэнің романы. Автор өз туындысын 1964 жылы басып шығарады. Адамның ішкі жан дүниесінің сыртқы сезіммен байланысын және оның жармақталуын танытатын туынды.

Жоғары молекулалы химия зертханасының жетекші маманы эксперимент барысында сұйық оттекпен бетін күйдіріп алады. Зақымданған беті мүлде жазылмай қояды. Сондықтан ол үнемі бетін таңып алуға мәжбүр болады. Уақыт өте ғалым қоғамда өмір сүрудің маңызы адамның сырт келбетінде екенін түсіне бастайды. Себебі оның бетінен үрейленген адамдар аяғын алшақ басуды жөн көреді.

Расында ғалым өте қиын жағдайға тап болады. Тіпті жанұясынан да береке қашады. Мұнан шығудың амалы барына сеніп, өзге ғалымдарға жүгінеді. Адамның жасанды ағзасын дамытумен айналысатын К. Есімді ғалым оған қол ұшын созуды ұйғарады. К. мырза соғыс кезінде өзі сау болса да, бетінде таңба қалған әскерлер өзіне-өзі қол жұмсағанын айтады. Романның басты кейіпкерінің соңғы үміті осы кісі болатын.

Химик бетін зақымдап алғаннан бері өзін қоғамнан алыста, нақтырақ айтсақ, түрмеде жалғыз қалғандай сезінетін. Ендеше абақтыдан қашудың жолы бетіне жасанды бетперде жасату болып отыр. Себебі өзі білетін қоғамға қайтып оралғысы келді...

Көп күндік еңбектің арқасында бетперде дайын болады. Оның шынайы терімен үйлесуін байқатпау мақсатында ғалым жасанды сақал қояды. Қарапайым өмірді аңсаған адам нендей әрекеттерге бармайды дейсіз. Ғалым тәжірибе жүзінде бетпердемен көшеге шығады. Оның сырт көрінісіне ешкім мән бере қоймайды. Себебі ол енді өзге адам еді.

Ғалым тұрпайы бейнесімен қоғамды шошытқан кездегі жеккөрінішті бейнесін есіне ала береді. Осылай оның ішкі әлемінде жауыздың бейнесі пайда болады. Иә, рас. Жасанды бетперденің өзіне бағынбай бара жатқанын сезінеді. Сосын қара ниетпен осыған дейін бетіне қарағысы келмеген әйелін жаңа сезімге бөлеуді ойластырады.

Бетпердемен ғалымның ішкі жан дүниесі жармақтала бастайды. Белгілі бір жағдайларға байланысты ғалым өз әйелін жек көреді. Дегенмен, оның басты кемшілігі бар болатын. Адамның пайымын өзгертіп жіберген бетперде енді оның үстінен билікке ие болуды ұйғарған еді ...

4. «Қош бол, майдан!»

Қош бол, майдан! - белгілі америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэйдің үздік туындыларының бірі. Кітаптың алғашқы нұсқасы 1929 жылы басылады. Қазіргі журналистиканың жазу тілін қалыптастырушы өзі әскер шебінде болып, аталған туындыны жазып қалдырады.

Америкалық лейтенант Фредерик Генри ерікті түрде соғысқа аттанады. Ол кезде италиялықтар мен австриялықтардың арасындағы соғысқа АҚШ араласа қоймаған болатын. Автор Генридің соғысқа аттанудағы негізгі мақсатын ашық жазбайды. Бірінде жаңа өмір бастау мақсаты басым болса, тағы бірінде өмірлік тәжірибемен қамдану делінеді. Расында роман сюжетінің соңы 39 рет өзгерген екен. Оған да Эрнест Хэмингуэйдің ерекше танымы себеп болса керек.

Соғыстың шынайы бейнесі суреттелген туындыда нағыз жүрек жұтқан батырлар мен Отанын сатуға дайын қорқақтардың бейнесін тануға болады. Massaget.kz танымдық порталы ұсынған романдардың ішіндегі дәл осы  «Қош бол, майдан!» романында ер адамның махаббаты туралы көбірек жазылады. Бұл да жігіттердің пайымына қажет деп шештік. Одан бөлек, соғыстың қиын жағдайына қарамай, бір-біріне ғашық болған басты кейіпкерлер соғысты жеңіп шығады. Генри бірнеше рет өз күшімен өлімнен құтылып кетеді. Ол осының барлығын өзінің ғашығы Кэтринді қайта көру бақыты үшін жасайды. Ал автордың орайы бойынша 39 рет өзгерген сюжеттің соңын оқып білгендеріңіз жөн болар.

3. «Шегірен былғарысы»

Шегірен былғарысы – француз жазушысы Оноре де Бальзактың романы. Бұл адамның жеңіл өмірге ұмтылысы туралы жазылған туынды.

Бальзак өмірден үміт үзген адамның қайта бой түзеуі үшін нендей келісімге болса да келетінін көрсетеді. Рафаэль де Валантен есімді жас жігіт өмірден түңілген бойда Парижден өтетін Сена өзенін жағалай келеді. Ол өз-өзін өлтіруге бел буған еді. Күндіз суға секіріп, қоғамның шырқын алғысы келмеген Рафаэль түнде суға секіруге бекінеді. Күннің батуын күту мақсатында қаланың сәулет өнерін тамашалаумен жүріп қалады. Оқыста алдынан бір қарт шыға келіп, оған Франция монархынан да үлкен мансапты ұсынады. Шал жігіттің іштей қиналып жүргенін білетін. Жігіт бірден келіседі. Енді Валантен мырзаның кез келген қалауы орындалатын еді. Есесіне қарт жігіттің өмірін қысқартатын болады. Рафаэльдің өмірі қарт берген шагрен былғарысының ішіне түйілген болатын.

Негізі Рафаэль 21 жасына дейін әкесінің қатаң тәртібімен өмір сүріп келген еді. Ал әкесі өмірден озғаннан кейін бар қалған дәулетті несиенің есебімен кредиторлар тартып алады. Кейіпкер шынайы өмірде ғашық болып көрмеген болатын. Сұлу қызды кезіктіруді армандайтын. Жаңа өмірді бастауды мақсат еткен жас жігіт бар арманынан бас тартуға тұра келеді.

Ал шегірен былғарысына ие болғаннан кейін оның жолы жүрісе бастайды. Париждегі ең сұлу аққұбамен танысады. Онымен біршама уақыт бірге болғанымен, нағыз сезімнің отына іліге алмайды. Өмірін қызығын таппай, мәңгілікке ұйқыға кетеді ... Ойда жоқта қайтадан алғашқы күнге оралады. Қолында күшке ие былғары. Оны қатты қысып ұстап, жылына 200 мың франк табысқа кенелуді сұрайды. Айтқаны болып, әп-сәтте бай болып шыға келеді. Дегенмен көзіне өлімнің тауқыметі көрініп, қолындағы былғарының кішірейе түскенін байқайды.

Екінші мүмкіндікпен өмір сүріп жатқан кейіпкер енді маркиз атанып, Полина есімді сұлуға ғашық болады. Оның да өзіне деген сезімінің бар болуын тілейді. Бірақ былғарыда еш өзгеріс болмайды. Себебі махаббатқа келгенде сиқырдың да қауқары жоқ болатын. Расында автор бұл ғаламат өмірдегі әртүрлі жағдайлардың туындауын философиялық тұрғыдан көрсете білген. Қолындағы тұмары уақыт өте кішірейе береді. Сәйкесінше Валантеннің қуаты да азая береді. Париждің ауқатты маркизі жанын аман алып қалу мақсатында, тұмардың құдіретін ғалымдардың көмегімен жойып тастауға тырысады. Онымен ештеңе шықпайды. Денесі бүркеніп, қарттың кейпін ерте таныған жас жігіт бақытсыз өмірден өтеді.

Оноре де Бальзак француз әдебиетінің алтын дәуірінде өмір сүрген. Ұлы жазушының бұл еңбегі өмірден өнеге алғысы келетіндер үшін, дұрыс бағыттан адаспау үшін мысал бола алатын тамаша туынды. Расында Ұлы Абайдың «Адам боп туылу - оңай, адам боп қалу - қиын» деген сөзінде терең ой жатыр.

2. «Ойыншы»

Ойыншы – аты әлемге әйгілі орыс жазушысы Федор Михайлович Достоевскийдің романы. Аталған туында алғаш рет 1866 жылы кітап болып басылды. Роман АҚШ, Аргентина, Германия, Франция, Венгрия елдерінде экрандалған.

Романның басты ерекшелігі – оның экзистенциалды ұғымды ашық көрсете алуы. Алексей Иванович есімді үй тәрбиешісі тығырықтан шығудың амалын іздейді. Ол Германияда тұратын Загорянский есімді жасы келген генералдың үйінде қызметкер болады. Крепостнойлық құқықтың жойылмай тұрған кезінде, Алексей құлдық өмірден шығудың амалы ақша деп шешеді. Бір жағынан генералдың жас әйелі Полинаға сырттай ғашық болып жүретін-ді. Оған да өзінің құдіретін танытқысы келіп, құмарлыққа бас бұрады. Себебі жылдам ақшаға кенелгісі келген болатын. Орыстың рулеткасында бақ сынау аспанға бармағыңды созып жұлдызды санаумен тең. Расында ол ойынға белшесінен батады.

Бірде бағы жанып, 200 000 франк ұтып алады. Бұл сол кезеңдегі барон титулын иемденген тұлғалардың байлығымен тең еді. Алексей Иванович байлыққа кенеліп, оның не мақсатпен құмарлыққа берілгенін ұмытады. «Адамның шынайы бейнесін көргіңіз келсе, оған не ақша, не амал беріңіз» дегендей ақшалы азамат Полинаны да мін тұтпай, Парижге өзге бір әйелмен кетіп қалады. Ойын сауыққа беріліп, бар ақшасын жұмсаған соң кедейліктің тауқыметіне қайта түседі. Расында адамдықты жоғалтқан Алексей үшін енді өмірдің еш маңызы қалмаған болатын. Бір жарым жыл бойы Германияның бірнеше қаласында құмар ойнап, қарызын төлей алмай абақтыға жабылады. Сюжеттің соңына келіп, Полина осы жылдар бойы тек оны сүйгенін біледі.

Романда адамның өзін-өзі тануға бағытталған философиялық тұжырымдар көп келтірілген. Достық, махаббат пен құрметті ақшасыз да иемденуге болатынын дәлелдейді. Ал ойыншы мұны теріс ойлап, соңына қарай қателігін мойындайды. Бұл әрбір оқырманға өмірлік ой салатыны анық.

1. «Мартин Иден»

Мартин Иден - америкалық жазушы Джек Лондонның автобиографиялық романы. Роман алғаш рет "Пасифик Мансли" журналында басылды. Ал 1909 жылға келіп «Макмиллан Компани» баспаханасынан жеке кітап болып шығады.

Романның желісі бойынша жасы жиырмаға келген, бірақ өмірден не күтерін білмейтін кейіпкерді танимыз. Расында, Мартин өте зерек жігіт болған. Қазіргі кезде жиырманың алқымын алып, қай саланың бағытын алуды біле алмай жүргендер үшін нағыз бағдар беретін роман болып табылады. Асылы Мартин прототипі Джек Лондонның өзі. Тұра романның желісін өзінің өмірлік тәжірибесімен жалғаған автор нәтижеде үздік мәртебеге қол жеткізеді. Мартин есімді жасөспірім азамат Калифорнияның Окленд қаласына өз мақсаты мен бағытын анықтау ниетімен жол алады. Кездейсоқ өзімен замандас азаматты қиын жағдайдан алып шығып, оның алғысына ие болады. Өзі төменгі таптың өкілі болған соң, жоғарғы тап ақсүйектерінің тұрмыс-тіршілігіне бейімделуге тырыса бастайды.

Шындығында, Мартиннің өзін-өзі тәрбиелеуі әрбір жас жігіт құштарлығының артуына демеу бола алады. Оның өз мақсатына жету барысында көптеген қиындықтарға тап болуы, айта кетсек, қаржы жағынан біршама қиындық көруі өз дегеніне жету принципін көрсетеді. Бастапқыда оның жазбаларын ешбір баспа қабылдамайды. Ешкім оның жазушы боларына да сене қоймайды. Бірақ Мартин ең бастысы өзіне деген сенімді жоғалтпайды. Мақсаты үшін соңына дейін күресуге бел буады. Көп өтпей оны ел тани бастайды. Оның еңбектерін басып шығаруға түрлі басылымдар гонорар есебімен таласуға көшеді. Мартиннің ойлағаны да сол еді. Ол өзіне сенбеген елді мойындата алды.

Ж. Өрісбай