Ит өмір

Массагеттің оқырмандарына сиясы кеппеген жаңа әңгімені ұсынғалы отырмыз. Желісі өзге, ерек бітімді туындының сізге ерекше әсер етері анық. 

Айтуаров Әлішер. 1995 жылы Алматы қаласында туған. 

(әңгіме)

Әділет – ағаларының артынан ерген нағыз жігіт, өйткені арызқой емес. Оның түсінігінше, шағымдану – кішкентай балалар сияқты әке-шешесіне айтып барумен тең. Оныншы сыныптың оқушысы. Сыныптастары, достары түгел дерлік – ресми іс-қағаздар стилінің жазушылары. Олар Әділетке шағымдануды ұсынып, сан мәрте азғырған, себебі Әділеттің арызданбайтынын біліп алған ағалары ұратын. Бірақ ерлігінен таймай, достарына ермеген. Ол – көше жүйесі атты тәрбиелік ұйымның мүшесі. «Бұл ұйымда жүрген адам – әскерге барған адаммен тең дәрежеде болады» деген түсініктері бар өздерінің. Ұйымда Әділетпен бірге төрт-бес досы ғана және олар ең кішілері. Үлкендердің айтуына қарағанда, баяғыда бүкіл ауыл жастары осы ұйымда болған деседі, ал қазіргі таңда бірең-сараң. Арызқойлар азайтып жатыр. Көше жүйесінің төрағалары, басшылары, ұйымның ең жоғарғы сатысында отыздан асқан үш бойдақ жігіт бар. Жақып, Ақылжан, Тұрыс. Бұйрық солардан түседі. Жақып қызу қанды; ұнатпаса, бірден ашуға бой алдырып, ұрып жығады. Тұрыс сабырлы, келбеті суық, адамды өзінен алшақтатын энергиясы бардай және ақыл айтуға бейім. Ақылжан қалжыңға жақын; оның әңгімелері аса күлдіргі болмаса да, өзінің айту ерекшелігіне байланысты қарқылдайсың.

Ол күн батысымен көшеге шығуды әдетке айналдырған. Әрине, оны құшақ жая қарсы алатын адам жоқ, әйтсе де, жігіттік намыс оны далаға итермелеп, үйде отырғызбайды. Тек оқымысты болсаң, үйден шықпауың себепті. Ал Әділет сабақты қатырып оқыған емес, үшпен төртің арасында жүр, сондықтан, «қоян» атанғысы келмейді. Екі аяқты екі жаққа кезек-кезек лақтырып, талтаңдап көше кезеді. Бірақ, қай қуыста, қай бұрышта жүрсе де, әлгі үш бастыққа ұрынып қалатын. Жақыптардың жыры белгілі – арақ. «Тап!» деген бұйрық береді. Қылтың-сылтың, жағдай жоқ, аға-көке десең, жауап біреу – «таяқ жейсің!». Ешқандай да сылтау-себепке қарамай, күс-күс добалдай жұдырықты жібере салады. Әділет бұл сатыдан өткен. Ең алғаш соққыға жығылғаны есінде...

Үш ағасы көше бұрышында әңгімелесіп отырған. Әділет оларды жақсы танитын: асар салғанда бірге болған, шөп шабысып, шөмеле салысқан, кәртөшке түптескен, аталас ағайын болғандықтан, көрген сайын амандасатын. Сол түні де олардың қасына барып, қол беріп, жөнімен кетпек еді, ағалары жібермей, отыруын өтінді. Ол түсіне алмай, үшеуіне кезек-кезек аңтарылған. Сосын, Ақылжан жөн сұрай бастады: кімнің баласы екенін (негізі танитын, білсе де, сұрады), «нағыз жігітсің бе?», «арыз жазбайсың ба?»,-деген сықылды тақырыптар қозғалды. Бірінші рет мұндай сауалды естігендіктен бе, ойлануға миы жетпеді. Жұмбақ тәрізді. Сәлден соң, Әділеттің нағыз жігіт екені айқын болғаннан кейін, «арақ тауып әкел!» деп, міндет жүктеді. Парыз ретінде тіске басатын нәрселер ала келсе, нұр үстіне нұр болатынын айтты. Дәл сол сәтте ол арақты еш жерден таба алмайтын-ды: ақшасы жоқ; үйде арақ бар болғанымен, қонақ кеп қалса деген ниетпен құлпы салынған сандықта жатқан.

«Арақ әкелді» ағалары еш эмоциясыз (ұялу, ұрсу) түсіндірген, алайда Әділеттің «әкеле алмаймын» деген сөзінен кейін, олардың бет-бейнелері, сөйлеу мәнерлері өзгеріп, қатая түсті. Әділеттің міндетті орындамайтынын сезген Жақып тарпа бас сап, ұрып жыққан. Әділет мұндайды мүлде күтпеген... Бірге жұмыс істеді, асар салғанда барды, бір ауылдың тұрғындары, бәрі құрысын, руы – бір, бір атаның балалары, өзінің ағалары еді ғой...

Әбден сабап алып, қайта бұйрық берді. «Тап!». Әділет бұл жолғы тапсырманы орындауға келісімін берді, өйткені көнбеске лажы жоқ болатын. Ағалары бір сағатқа дейін тауып келуін жүктеген. Әділеттің сенгені – достары болатын. Олардан өтініп, жалынып жатып, біршама теңге жинап алды. Сөйтіп, түнде істейтін, онда да, тек арақ сататын Асқар ағайдың үйіне (тауарлары үйінің ішінде, дүкен жоқ) келді. Іштей ыңғайсызданып, не дерін білмей абдырап, үрейленген. «Асқар аға әкеме айтып берсе ше?..». Дегенмен, кіруден басқа шара жоқ-тұғын және ол тәуекелге бел буды.

Жоқ, Асқар аға таңданбады. Ләм-мим деместен, тауарды қолына ұстата салған... Әй, адам ақша үшін не істемейді десеңізші...

Ағаларына апарып берді, әйтсе де, құтылмады. Ауылдың шет-жағындағы қаз-қатар тізілген бетондардың арасында біреусінің үлкен тесігі бар-ды; ағалары сол жерден еңкейіп өтіп, бетонның қалқасына барып отырысты. Бетондардың арғы жағы ауыл, бергі шеті жазық дала. Ол мұны кейін білді: бұл жер – ұйымның кеңсесі десе де болады, өйткені арақ тапқан сайын осында келеді екен. Әділетті де өздерімен ертіп жүріп, Тұрыс лекция оқыды. «Осыны ұрғызбай-ақ әкелсең де болатын еді»,-дейді Тұрыс мастарға тән ыңырсыған үнмен. Сонан соң өздерінің өткен өмірлерін еске алысып, күлісіп жатты, ал Әділет олардың әңгімелерін тыңдауға мәжбүр. Әңгімелері қызық өздерінің...

-Арақты ең алғаш рет, сендей кезімізде, оныншы сыныпта отырыста ішіп едік,-деп бастады Ақылжан. –Үшеуіміз бір бөтелкені ішіп алдық. Әйтеуір, есімді білмеймін, арлы-берлі жүргенбіз... Есімді бір жисам, үшеуіміз жыла-а-ап отырмыз (шиқылдап күліп алды). Не үшін жылап жатқанымыз белгісіз.

Жақып кімдерден таяқ жегенін, «көше жүйесіндегі» өмірін есіне алса, Ақылжан сүйген қызының опасыздығын айтып, жылайды. Қысқасы, дирижерсыз оркестр сияқты лағып кетті. Ақыры, Әділет оларды қолтықтарынан демеп үйді-үйіне апарып салған. Міне, сол күннен бастап ол көше жүйесіне қабылданған еді. Оған қызық болғаны – бауырлар ұйымы. Ешкімге дес бермейтін, өңкей мықтылар біріккен, «бірі үшін бірі өлуге бар» азат жандар тобы.

Одан соң қаншама соққыға жығылды десеңізші. Соққыға түсе бергеннен бе, үрей деген сезім жоғалды және ағаларына түк те ренжімейтін. Қайта керісінше, кеудесін мақтаныш кернеп, өзін басқалардан асқақ сезінетін. Сыныптас достары: «мен былай істей алам, мен солай істеймін»,-деп, мақтанып жатқан сәтте: «мықты болсаң, көшеге шықшы»,-дегісі кеп кететін. Оның ойынша, ағаларының соққылауы – тәрбие. «Ұрғанға төзген ғана – жігіт. Жақыптар мені жаман болсын демейді ғой. Мысалы: олар менің сыныптастарымды «ұруға да тұрмайтындар» дейді. Менің нағыз жігіт екенімді білген соң, тиіседі»,-деп түйеді. Оның қиялындағы ең батыр тұлғалар – үшеуі. Арманының шыңында солар тұрады. Мақсаты – сондай дәрежеге жету. Тұрыс, Жақып, Ақылжан Әділетті ара-арасында мақтап, жігіттігіне риза екендерін айтып, көңіл-күйін көтеріп қоятын. «Біреу бірдеңе десе, айт! Көрсетейік!»,-деп, қамқорлықтарын көрсететін. Қандай тапсырма берсе де, ерінбей, ашуланбай орындайтын. Өйткені «ағаларыныкі – көше жүйесінің заңы, әрі олар – бауырлар – кез келген қиын сәтте көмектесе алады». Кейде,  үшеуінен басқа көкелері тиіскенде Жақыптар ұрғызбайтын. Соның арқасында ол абырой жинап та қалған еді. Бір аяғын батысқа, екіншісін шығысқа басса да, ешкім «бұтыңды жинап жүр»,-деген ескерту жасамайды. Ешкімнен үрейленбейді.

Түнгі он бір. Көктем келген. Аспан ашық және ай сәулесі жерді жарықтандырып тұр. Бақаның құр-құрлағаны естіледі, кейде оған жапырақтардың сыбдыры қосылады. Сырттан көлік пипілдетіп жатты. Иттер абалай бастады.

Әділет көшені бір аралап, ағаларына жолығып, арақтарын әперіп болып, үйінде отырған. Даладан көліктің даусын естіді де, ауланың жарығын жағып,

 -Кім?-деді айғайлап.

 -Әділет... –деді дуалдың арғы жағынан жуан, әрі бөтен адамның үні.

 -Иә, мен...

 -Бір минутқа шығып кетші.

  -Кімсің-ей?

 -Шықсаңшы!

 Ол аяғына жеңіл аяқ киімін іле сала дуалдан шыққаны сол еді,

-Отыр көлікке,-деді әлгі еркек. Өзі көліктің есігін сарт жауып, кіріп кетті. Әділет жанындағы есікті ашып, үндеместен отыра қалды. Көліктің ішінде жарық жанды... таныды... Кира...

Көрші ауылдыкі. Бетінде тілік бар. Түрмеде жатып шыққандықтан болар түрі сұсты. Әділет ол жайлы көп естіген. Ел-жұрт ол туралы талай айтқан. Шын есімі белгісіз, әйтеуір бәрі – Кира атайды оны. «Кира өйткен екен, сөйтіпті»,-деп жататын жұрт. Бірақ сол көп сөздің арасынан Әділеттің есінде қалғаны – Кираның екі адамды пышақтап тастағаны. «Қандай жауыз»,-деп ойлаған естіген кезде. Бірақ халық одан сескене ме, әйтеуір, оның сондай қатыгез қылықтарын ақтап шығып, пышақталған, таяқ жегендердің өздерінен кінә бар екенін айтып жүретін. Ауылдары көрші жатқан соң, Кира осы ауылға кеп тұратын анда-санда. Сондықтан оны сырттай танитын еді. Ал дәл қазір атағы дардай, жауыз Кира қасында отыр.

-Менің ініме сен ғой иә, тиіскен?..-деді Кира Әділеттің көзіне тіке қарап. Мәселенің мән-жайын сонда барып түсінді...

Төрт-бес күн бұрын осы ауылға атақты әнші концерт қоятын боп, ауыл-ауылдан адамдар жиналған. Көрермен өте көп еді. Мәдениет сарайының тар есігінен сығылысып кіріп жатты. Бір бейтаныс жігіт Әділетті қағып-соғып, озбырлана есікке ұмтылды, ал Әділет бұл бассыздыққа жол бергісі келмей, нұқып қалған. Әлгі жігіттің түрі бұзылып, байлаудағы бұқадай, адамдардың итеруінен шарасыз күйде сарайға еніп кеткен. Концерт біткеннен кейін, Әділет ерте шығып ап, қағып өткен жігіттің алдынан күтіп алды да, көзге түспейтін, қараңғы қуысқа ертіп әкелген. Жөнсіз соқтыққан өзі екенін айтпақ еді, әлгі жігіт мойындамай, бетпақтанып, бой бермеген соң, санынан бір-екі теуіп, отырғызып тастаған-ды. Ал анау: «Кираға айтам» деп жылап қоя берген. «Кира» дегенді естісе де, сескенбеген. Қазір де қорқып тұрған жоқ.

-Қой дедім. Қоймады,-деп жауап қайтарды Әділет.

-Қоймаса, ұру керек пе не?..

Көлікті оталдырды да, ауылдың шет-жағына беттеді. Өзі іштей сезіп тұр не боларын, алайда жүрегі дүрсілдеп тұрған жоқ. Қаз-қатар тізілген бетон қорғанның қасына кеп тоқтады да,

-Түс!-деді Кира қатулы үнмен. Жүрегі дір етпестен, көліктен түсіп, білегін сыбанып жатқан Кираның алдына барды. Қорқуды ұмытқалы қашан?.. «Ары кетсе бір таяқ жермін». Әлдеқандай рух оған сескенуге болмайтынын ескертеді. Әйтеуір, әлдекім медеу боп тұрғандай... беймәлім бірдеңеге сенеді...

Жағынан соққы тиіп, көзінің алды бұлыңғырланып, не болғанын түсіне алмай, бір-ақ сәтте өте қатты жылдамдықпен жерге ұзынынан құлады. Екпінінің қатты болғаны сонша, мойнын әрең бұрады. Еңбектеп, түрегелмек еді, қабырғасынан, бүйрегінен, басынан, жотасынан, ішінен тоқтаусыз соққылар тиіп жатыр. Кира балағаттап, жаргон сөздерді бұрқырата айта жүріп, тепкілейді-ай кеп. Кира ызалы дауыспен айғайлайды.

Дәрменсіз жатқан Әділеттің қолына бір билік жетіспейді. Әлдеқандай көмекке мұқтаж. Сол билік қолына түссе, Кирадан өшін он есе қып қайтарар еді. Кектеніп, тістеніп, соққының астында қарсылық көрсете алмай жата берді. Оған бәрібір. Әйтеуір, күндердің күні кегін алатынына сенімді... сондықтан болар, қыңқ етпеді.

Біраз уақыттан соң Кира доғарды. Енді лекция басталды... «Бүйтпе, сөйтпе, өйтсең өлтіремін» деген сықылды қағидалар баяғы. Әділет оның не айтқанына мән де берген жоқ, басын төмен салбыратқан қалпы отырды да, қойды.

Кенет бетонның тесігінен өтіп, көлікті байқаған біреулер, бермен жақындады. Әділеттің үш ағасы. Оның қуанышында шек жоқ еді. Кираның быт-шытын шығаратын кез келгенін түсінді. Соққының астында жатқан шақта күткені – осылар – бауырлары болатын. Кираны ұруға құлшынысы арта түсіп, өз-өзін қамшылап, рухы өрлей берді. Ағалары жағдайды білген соң, бірден Кираға ұмтылатынын ойлап, өзі де дайын отырды.

-О-о-о Кира, Ассалаумағалейкум бауырым,-деп, Ақылжан құшақтай алды. Екеуі де сондай құрмет көрсетті. Әділет тосылып қалды, әйтпесе, Кираға атылайын деп тұрған.

 -Сен неғып отырсың-ей, Әділет?-деді Ақылжан оған қарап, бірақ оның дауысында үрей болған тәрізді, жасанды.

 -Сендер қарап жүрмейсіңдер ме-ей! Концерт болған кезде менің інімді ұрып тастапты. – Ашуы қайта келді ме, әйтеуір, сөзін аяқтамай, Әділетті шапалақпен тартып жіберді. Ал ол соққының әсерінен біраз жерге дейін өз-өзін тоқтата алмай, тәлтіректеп кетті. Мүлейімсіп тұрған ағалары тыпырши бастады да,

 -Жарайды онда, біз жүре берейік,-деді Тұрыс. Сонан соң үшеуі ілтипатпен қоштасып, бүрсеңдеген тазы иттердей сүмірейген күйде бетонның тесігінен ары өтті де, жоқ болды.

Әділеттің сүйеніп, «тірегім»,-деп сенген ағалары осындай бейшара халде өз қамдарын ойлап қашқандары – оған биік жардан құлаумен тең еді. «Бәрін басқарады» деп жүрген тұлғалары өз бастарының саулығы үшін Әділетті құрбандыққа тастап кеткендей әсер қалдырды. Кираға: «қой, ұрма!»,-десе, бастары бәлеге қалатындықтан ба, әйтеуір жұмған ауыздарын аша алмады ғой. Кира қандай мықты, қандай жынды болса да, мына шаңырақтың иесі солар емес пе еді?.. Екі сағат бұрын ғана Әділет – олардың інісі болатын...

Санасындағы ағаларының арасында шекара бұзылып, «көше жүйесінің мүшесі» тығырыққа тірелді. Жан дауысымен бір айғайлап алды да, тістенген қалпы жұдырығымен жерді төпештеді.

Кира ақылдарын айтып, кетерінде:

 -Жігіттер арызданбайды!-деді де, көлігімен тайып тұрды.

Ағаларының не үшін өзін іні қып жүргенін енді ұққандай. Арақ. Сол үшін ғана. Көше жүйесі – ешқандай да бауырмашыл, тәрбиелік ұйым емес, тек үлкендердің кішілерді пайдалануы. Жақыптар – ағалар емес, оларда жан жоқ, олар көлік секілді зат: арақ құйсаң, дарылдап жүре береді.

 -Енді маған сөйлеп көріңдер!-деді ол әбден тынышталғанан кейін, өзіне сөйлегендей.

Үсті-басын, денесін ауырсынып, әрең тұрды да, екі аяғын зорға басып, үйіне беттеді...

Ол кез-келген жағдайда бір-біріне көмек қолын созатын ұйымды аңсаған болатын. Жоқ, олай емес екен. Барлығы ең алдымен өз қамын ойлайды. Бәрі ит сияқты. Өзінің қарны тоқ болуы үшін, иесі берген тамаққа бола, өз ұяласын талап тастаудан тайынбайды. Иттік өмір... Ал Әділет бір жұдырықтай біріккен, жауға қарсы жұдырық боп түйіліп, досқа көмек боп созылатын, азат жандар тобын армандап еді...

                                             Әлішер Айтуар

сурет:vk.com

Дайындаған: Фараби Арыстанбек