Мұхтар Сержан. Ит ғұмыр (әңгіме)

Cұм ажал әр тіршілік иесіне тіс тырнағын түрлендіріп салады екен...

Көк төбеттің адам аяғы баспас меңіреу тау ішінде, шаңқай күн астында байлаулы тұрғанына бүгін үшінші күн толды. Қарғы бауы былғарыдан тігілген, оған жалғанған ұзын болат шынжыр ағашқа қазықбау шалынып байланған. Өткір азуға салып көріп еді, тізбектелген темір үзілмеді. Керісінше қатайып, одан әрі берік бола түскендей. Ойға мың батпан салмақ түсті. Тірлікке деген үміт сезімі үзілуге шақ қалды. Алтын табақты шар айна бар нұрын жерге үлестіріп, қатыгездіктің тамырын қиып, зұлымдықты жоғалтқысы келетіндей.

Ессіз мақұлыққа санасындағы өткен күннің жаңғырығы қылаң беріп, қарны тоқ қайғысыз күндері есіне оралды. Көзін ашып, бауырын көтеріп жүре бастаған шағында жанына жақын анасының ыстық ықыласы мен шексіз мейірімі бар еді. Осыдан үш жыл бұрын әкелі-балалы екі адам өзін анасынан айырып, жат босағаға әкеп, асырай бастады. Бала күшікті жақсы көретін. Үйдегілерге ас-суды көрсетіп те, көрсетпей де беріп жүретін. Бұл ісі күшігіне деген нағыз достығынан туған әрекеті еді. Ол әрқашан әке сөзін тыңдап, бұйрығын екі етпейтін. Шешесіне сәл еркелігін көрсетіп те жатушы еді. Бұрынғылар «ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада» деп жататын. Сол көңілі далада болатын қабырғасы қатпаған жас баланың ойы әрдайым көк күшікте тұрды. Алғашында оған сиырдың шикі сүтін, кейіннен нан жібітіп берді. Бала өзі тамақ ішпесе де, алдымен күшігін тойғызатын.

- Осы иттен туған неме ғой деймін, таста итті, - деп әкесі ұрысып та, жекіп те жататын. Бірақ балаға бұл сөздер қозғау немесе әсер бермейтін.

Күн артынан күн өтті, айлар аяңдап, жылдар баяу жылжыды. Күн шығыстан бар сәулесін жер бетіне төгіп, өз әдетінше ұясына батып жатты. Ми қайнаған ыстықта үйдегі құбырдан тоқтаусыз ағып жататын су есіне түсті. Қос өкпесі солқылдап, қатты жерді тырналаған тырнағы мүжілді. Көбесінен шып-шып етіп қан шығып тұрды. Бір тамшы су таңдайына тисе, бойына тың қара күш бітіп, үш күннен бері үзе алмаған, темір шынжырды бауырша тіліп үзетіндей көрінді. Бірақ бұл ой, бұл арман үп еткен желмен бірге естімейтін құлақтарға қарай жол тартты.

Көк төбет адамдардың бәрін мейірімді өз иесіндей көретін. Өмірде ақ пен қара түс сияқты, адамның жақсы не жаманын білмеді. Күшік күнінен санасына мықтап сіңіргені: адам - табиғаттың қожасы. Адал көңіл өзін болашаққа жетелесе, қара ниет өлімге байлап кетті...

Болып жатқан сұмдықты тірі жан, тісі бақадан бір ғана жан білетін. Ол - Көк төбетті ажал шеңгеліне апарып тастаған Әділ болатын. Бойы аласалау, көзі сәл қысыңқы, отыздар шамасындағы жігіт. Қою қара шашты, бет ажарының тотығып күнге күймегені далада көп жүрмейтіндігін айғақтағандай. Қозы қарны, тығыршықтай денесі сырт көзге тым оғаш көрінеді. Қара жұмысқа құлықсыз ақ алақан болғанымен, жүрегінің түкпірінде бір ақыл оны қандауырмен түртпектеп, терлемей теңге табудың жеңіл жолын көрсеткен. Тек бүгінімен тұрмыс өткізіп, баласы мен әйелін асырап отырған. Жігіттің қырағы көзі көк төбеттің күзетіндегі көкке тойып, көл-көсір боп жусап жатқан бір қора қой мен жиырмадай сиырға түсті.

Күнделікті әдет бойынша ашық қашаның ішіне малды қамап, сиыр сауылып біткесін, күні бойына шаруа қамымен титықтаған жандар кешкі асқа жайғасқан. Көк төбетті көлденең сапарға аттандырған жігіттің көңілі жайланып, қора маңының тынышталғанын біліп, қапысын тауып, құлқынын толтыра тояттап қалу еді. Ол күн де ұзақ күттірмей жетті-ау! Саусағын ішке бүккен арамза бүгін іске кірісті. Бір ісек жуан қойға қанды шеңгелін салды. Бұрын дайындап қойған ауыл шетіндегі ескі машинасының жүк салғышына зор қуанышпен тоғытты. Балық үндес, бақа тілдес осындай ұрланған заттарын үнемі сатып алатын досына алдын ала хабарласып ескертпестен, жолға шығып кетті. Ойында еш күмән жоқ. Өз адал малын базарға апара жатқандай бейқам. Ол өзін ұры сезінген жоқ. Үйреншікті әдеті ғой...

Кенет алдынан жол айырық кездесті, бірі - қалаға апаратын теп-тегіс май жол. Онымен жүрсе, көп уақыты кетеді, таң ағарып жерге жарық түскенше ел көзіне түспей үйіне жетіп алу да ойында бар еді. Ал екіншісі - қалаға төтелеп баратын ойлы-шұңқырлы жол, болатын ұрының арты қуыс деп Әділ келесі жолды таңдады. "Жол мұраты жету" деп іштей күбірледі де, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын деп мәз болады... Өзі мал бағып өсірмегесін, машақатын қайдан түсінсін. Аларманына құстай ұшып келеді.

Харам ниетін сайтан түртті білем, жылдамдықты шектен тыс қосты, талай тақымды тоздырған кәрі тарлан сыр бере бастады. Жанармайды шектен тыс басқан соң, қозғалтқыштың дыбысы өзгеріп, тежегіш кейде істеп, кейде істемеді. Жаңа ғана теңіздей толқып тасып отырған пасық көңіл су сепкендей басылды... Тежегіш мүлдем істен шықты. Әділдің бет ажары құп-қу боп, бойын қорқыныш биледі. Бұл кезде ол Беласудың кезеңінен айналып өтіп бара жатып, жол шетіне шығып етекке қарай бірнеше рет домалап, аударылып барып, машинаның төрт дөңгелегі көкке қараған күйі тұрып қалды. Машинаның жүк салғышының есігі кенет ашылып қалды. Ішінен аяғы байланбаған қой қысылып шығып кетті де, бет алыссыз маңырап, ұзап бара жатты.

Жұрттан қарғыс алмай, алғыс алатын атпал азаматтың ұрлық түбі жан төзгісіз қорлық екенін дөп басып білмеді. Аждаһадай отты жалын бүріккен ажал кеудесін басқанда, шыбын жаны шырқырап, ботадай боздады. Бір күн өтті, бұл сапарға асығыс шыққанына, ұстараның жүзіндей қатерлі жолмен жүргеніне өкінді. Бұл ұрлықты не үшін жасадым, не үшін дәл осы күні атқа қондым, не үшін қысқа жолды өлім жолын таңдадым... Шіркін!

Екінші күн өтті, өзі ғұмыр бойы ауыз толтырып айтарлық жақсылық жасамады. Көш жүре түзеледі деп, қолын бір сілтеп жүре берді.

Әкеден қалған дәулетті қолында ұстап қала алмады. Әттең... Жан сақтаудың оңай жолын үйренді. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін дүниеден мен де өз үлесімді алып қалайын деп, талай жетім мен жесірді қан қақсатып, етегін жасқа толтырып еді-ау. Осы кезде таразының бір басын жамандық басып кетті. Өмірде пендесін өзекке тепкендей бұл жолмен ешкім қалаға қатынамады. Бүгін үшінші күн көк итке жасаған қиянаты ойына еріксіз оралды. Рөлге ұрып сынған кеңсірігі, аш бөрідей қан соқтаның иісін көш жерден сезетін мұрны тыныс алмай, ентігіп ауызбен тыныстады.

Сол түні ол қатты қиналды. Байғұс зарлап шақырды. Әділдің үнімен әуендес еді. Құлағына ұлыған иттің дауысы келді... Кімді жұтқалы ұлып жатыр екен... Иә, сол күні... көк итті иен тауға апарған күні ертесінде дәл осындай сай-сүйекті сырқыратар аянышты үн естілген еді.

Тек Әділге ғана естілетін жұмбақ үн...

Жер жүзін қараңғылық басып, қара бұлттар қабақ түйе оңды-солды бар пәрменімен соғысып жатты. Жердегі жасаған қылмысты тазартқысы келгендей, ағыл-тегіл нөсерлетті.

Әділдің үсті су болды. Ақ жауын қара жер бетіндегі күнәһарға мөлдір тамшыларын қимастықпен себелеп жатты. Тірі қалуға деген үміті үзіліп барады.

Үшінші күн болды...

Құр сүлдері қалғанша қасарысқан сорлы етектен еңбектеп көтеріліп, жол шетіне жетпек болды. Жол шетіне жетсе, жолдан өткен жолаушылар кезігер деп ойлады. Бұта-бүрген ұяты жоқ бетін кінәсіз жандардың кеткен есесін қайтарғандай осқылап ұрды. Күрек ұстап көрмеген ақ саусақтары тілініп, қан тыйылмады. Дымқыл жерден өткен ызғар тас бауырын мұздатты. Айтылмаған сөздері, сұрап үлгермеген кешірімдері, істеген қате әрекеттері ойын он бөлікке бөлді. Көк төбет темір шынжырды үзе алмағандай, Әділ жол шетіне жете алмады. Қаңсыған тамағын жібітуге бір тамшы суға зар боп жатқанда, "ит - жеті қазынаның бірі" деп жаны кеудесінен шыққанша қайталай берді, қайталай берді... Ұрының қайғысын жұтып, шашын жайып жоқтап жары мен мектепке енді баратын баласы қалды... Әкесіз жетім бала, жесір әйел ендігі күні не болады... Ұрлық түбі қорлық...

Бір түн далада түнеп қалған ұрланған ісек ертесі түсте табынға кеп қосылады.

Үш күн далада жатқан Әділдің жансыз денесін төртінші күні қойшы Серік шал көріп, ауылға хабарлайды. Қазақы дәстүрмен жаназасын шығарып, ақ жауып, арулап жерлейді. Жол апаты толық зерттеліп, қорытындысы шықты. Мал ұрлап бара жатып, осы істің туылғаны анықталды... Бұл істің толық барысын естіп білген көршісі көзіне жас алды. Бір қойды сұраса да берер едім ғой... Әділді өлімге қимады. Әділ кеткен жолға қарап тұрды. "Енді бұл жолмен кері қайтпайсың, қош, Әділ... Қош", деп соңғы рет қоштасты...

Автор: Мұхтар Сержан

Сурет:joyreactor.cc

Оқи отырыңыз:

Наз (Замандас ақын ағаға хат)

Ақберен Елгезек. «Қайран сөзім қор болды...»

Қазақ Хандығы туралы қандай кітаптар бар?

Бауыржан Момышұлы. Сәбең жарықтық...(әңгіме)