25 мамыр. Соңғы қоңырауға арналған сценарий

25 мамыр. Соңғы қоңырауға арналған сценарий

(Барлық қонақтар, ата-аналар, оқушылар, ұстаздар орындарына жайғасады. Фанфар ойнайды, сахнаға екі жүргізуші шығады).
І жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар, аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар, жас түлектер! Міне тағы бір оқу жылы аяқталып, «Болашақ мектебі – бүгіннен» мектебінің арман қуған 65 түлегі болашаққа жаңа қадам басқалы отыр.

ІІ- жүргізуші: Мектеп! Мектеп деген - мол қазынасы мөлдіреп жатқан, сол мөлдір әлемнен өзіне керек асыл мен жауһар секілді баға жетпес, «білім» деген байлықты алып, өміріңе нәр беретін алтын ұя!

І-жүргізуші: Дұрыс айтасың, өйткені жарқын шақтардың елесі қалар, ерке балалығыңның куәсі болар бірден-бір киелі мекен – мектептегі соңғы қоңырау салтанаты басталғалы тұр. 

ІІ жүргізуші: Он бір жыл бойы осы мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындаған түлектерді ортаға шақырымыз. Ду қол шапалақпен қарсы алайық!

(Екі жүргізуші кезекпен сынып жетекшісін  және оның жетістіктерін, озат оқушылардың есімін атап шақырады. Мысалы: 11 «А» сыныбы. Сынып жетекшісі  – жоғарғы санатты ұстаз, математика пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасының, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері белгісінің» иегері Құралбаева Аида.)

І жүргізуші: Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Әр басқан қадамдарыңызға гүл бітсін! Өйткені, бүгінгі күн – жас түлектің жаңа өмір баспалдағына жолдама берілетін күн. Бұл күн – мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпейтін күн.

Жас жүректің өмірлік құштары – гүл,

Бағбан – ұстаз баулыған құстары бұл.

Қоштасып бүгінгі күн ұясынан

Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.

ІІ жүргізуші: Мектеп бітіруші түлектерге арналған «Ақ жол саған, жас түлек!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

І жүргізуші: Мектеп түзел! Тік тұр! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы енгізілсін! (Ту енгізіледі, Әнұран орындалады)

ІІ жүргізуші: Салтанатты жиынды ашып, құттықтау сөз білдіру үшін мектеп директоры Шәметов Хасенге сөз береміз.

І жүргізуші: 2013-2014  оқу жылындағы «Түлектерді ұлттық бірыңғай тестке жіберу туралы бұйрығымен» мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сайлауов Дәурен таныстырады.

(Бұйрықты оқу барысында аты аталған оқушылар жеке-жеке сахнаға шығып, орындарына тұрады)

ІІ жүргізуші:

Ұрпақсыз мына өмірде кім түледі,

Жақсы ұрпақ – Еліміздің шын тілегі.

Ортаға шығып, қанекей, тілек айтсын,

Бірінші сыныптың «Мен» деген әр түлегі, - деп, 1-сынып оқушылары тілек білдіргелі тұр.

(1 -сынып оқушылары өз монтаждарын көрсетеді)

11-сыныптың  түлектері атынан кішкентай бүлдіршіндерімізге арнаған сый қошеметтерімізді қабыл алыңыздар. (Сыйлықты 10-сынып оқушысы алып шығады).

І жүргізуші: Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, мектебімен қоштасқалы отырған түлектер сөз кезегі сіздерде. (11-сынып түлектері дайындаған монтаждарын көрсетед).

1-оқушы: Соңғы қоңырау. Оның үні соншалықты ыстық. Ыстық болмағанда ше? Онымен бірге доп ойнаған алаңсыз күндерің алыстап барады. Мектеп партасындағы құрбы-құрдастарыңмен жайраң қағып жүрген күндерің де енді қайтып келмейді.

2001 жылдың 1 қыркүйегі есіңде ме? Үстінде ақ шағаладай аппақ көйлегің, қолыңда алқызыл гүлің, сөмкеңді көтере алмай, алшаң басып мектепке қарай асығып едің. Сол сәт сен білім атты теңіздің шетсіз-шексіз тұңғиығына бет алғаныңды сезген жоқсың. Алайда бәрін білгенше, бәрін игергенше тағатсыздандың. Неткен талпыныс десеңші. Ол кезде саған дүние атаулы жұмбақ болып көрініп еді-ау!

2-оқушы:

Ұшырса да өмірдің сан түлегін,

Ұстаз-ғалым толастамас мәңгі сын.

Тыншымайтын асыл жандар қадірлі,

Тыңдаңыздар шәкірттердің алғысын!

3-оқушы:

Айналайын, ұстазым,

Жақсылықты нұсқадың.

Мектепке бізді шақырдың,

Білімді, ойды асырдың.

Жақсылыққа үйретіп,

Жамандықтан қайырдың.

«Мектебім – сағынышым» әні орындалады.

4-оқушы:

Хан бол, мейлі қара бол,

Дарын бол, мейлі дара бол.

Өтетін бәрі алдынан

Ұстаздар бейне сара жол.

Ұстаздар – ұлттың тірегі

Ұстаздар – мектеп жүрегі.

«Ұстазым» әні орындалады.

5-оқушы:

Аяулы ұстаз, өлшемі жоқ бағаның

Айтыңдаршы, таласады оған кім?

Еленуде елге істеген еңбегің.

Айтады алғыс шәкірттерің саған мың.

(Түлектерден кейін сынып жетекшілері өз лебіздерін білдіреді. 10-сыныптың гүл тапсыратын оқушылары 11-сынып түлектерінің артына барып тұрады)

І-жүргізуші: Мектеп бітіруші түлектер қалыптасқан дәстүр бойныша мектеп-лицей кілтін ізбасарларына тапсырады. Білімнің алтын кілтін мектеп түлегі Сматулла Рамазан табыс етеді.

6-оқушы:

Білімге басқан жастарың,

Ғылымды іздер үңіліп.

Өмірге сапар бастадық,

Алдымда күліп тұр үміт.

Білімді құйып санаңа,

Шәкірт болыңдар білікті.

Орнымызды нық басар,

«Тапсырамыз «Алтын кілтті».

7-оқушы:

Аяқтап бүгін мектепті,

Тебірендің, толғандың.

Болашағың жарқын боп,

Сәт-сапар болсын жолдарың!

8-оқушы: Біз, 10-сынып оқушылары, Есіркеп батыр атындағы орта мектептің мәртебесін биік, тұғырын берік ұстауға ант етеміз! (11-сынып орындауында «Қош бол, мектеп» әні орындалады)

Мектеп түзел! Тік тұр! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы шығарылсын!

ІІ жүргізуші: Қымбатты мектеп бітіруші жас түлектер! Мектепте 11 жыл ішінде 20 мыңнан аса қоңырау үнін естідіңдер. Оны алғаш қолыңа гүл алып, мектеп табалдырығын аттағанда, 45 минут бойы өзің сүйіп оқитын сабағың аяқталғанда естідің. Ал, бүгінгі  қоңырау үні ерекше. Ол мектеппен қоштастар соңғы қоңырау. Ол балалық шақтан болашаққа асыратын қоңырау.

(«Соңғы қоңырау» әні орындалады. 2- шумақтан соң қоңырау шығарылады. Қоңырау үні)

Екі жүргізуші бірге:

Қоштасады, алтын ұя мектебің,

Маңдайыңнан сипап өтсін көктен күн.

«Сәт сапар!» - деп қол бұлғайық бәріміз,

Тілейік біз армандарға жеткенін.

(Қоштасу вальсі биленеді. «Аяулы мекенім» әні орындалып, көгершіндер ұшырылады)

І-жүргізуші:Құрметті түлектер! Көгершіндей қанаттарың талмай, биікке самғап ұша беріңдер! Ақ жол, сендерге!

Материалды дайындау барысында "Мектептегі мерекелер" журналы пайдаланылды

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:baq.kz, ekaraganda.kz, kargoo.gov.kz