Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Ерден Нұрахметтің шығармасын ұсынамыз.
Ерден Нұрахмет Алматы облысы Ақсу ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде филология факультетінің 2 – курс студенті.
Отан әр адам үшін қастерлі де қасиетті ұғым. Отан қадіріне жетпеген адам өз қадіріне жетпек емес. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: "Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, Іс тынбайды жанамын, күйемменен" деп жырлап кеткендей әр адам Отанға деген махаббатын терең ізденіс нәтижесінде пайдалы білім алып, өз ісіне адал, жақсы қызметкер болу, шаңырағы биік, керегесі кең үлгілі отбасын құру, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, өзіне, өзгелерге, қоғамға зиянын тигізетін жат әрекеттерден сақтану арқылы сөзін амалмен көрсетсе Отанға өз үлесін қосқан болып саналады.
Біздің Отанымыз ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейін жалғасып жатқан кең байтақ атырап.
Осынау ұлан-ғайыр даланы, қазақ жерін көздің қарашығындай қорғау, шексіз сүю әр тауы түгілі тасын да қастерлеу басты міндетіміз болып табылады. "Отан отбасынан басталады" дегендей әрбір адам өз ұрпағына Отанның қадір-қасиетін сезіндіре алуы қажет. Төрт әріптен тұратын қысқа ғана сөз болса да Отан төрткүл дүние тұрғындары үшін ыстық әрі жанына жақын. Әрине, қазақ баласы үшін байтақ жердің қай пұшпағы болса да ыстық қой. Дегенмен, кіндік қанын тамып, өсіп-өнген жерін саф алтыннан да қымбат. Мен үшін сондай қымбат жер сұлу табиғаты, терең тарихы бар, жер жәннәті аталып кеткен Жетісу жері. Осы бір шығармам арқылы сіздерді Жетісу жеріне саяхатқа алып шығайын.
Ақындардың жырына арқау болған, әр адамға шабыт сыйлаған, көркі көз тартатын, түгін тартсан майы шығатын Жетісу жері мен үшін құтты мекен. Ілияс Жансүгіров жырлап кеткен Ақсу өзенінің баурайында кіндік қаным тамып, дүниеге келгенімді әрқашан мақтанышпен айтып жүремін. Басыма қонған бақ деп білемін. Туған жерімдегі қуанышты сәттер мен естен кетпес қызыққа толы оқиғалар ешқашан есімнен кетпек емес. Кең жайлауында асыр салып ойнап, ағынды өзеніне армансыз шомылдық. Қара шаңырақта тұсауымыз кесіліп, былдырлап тіліміз шығып, құрт пен май, ірімшігіне тойып өстік. Көз жетпес шексіз даласы бойымызға дархандылықты, рухани байлықтарды сіңірді. Арайлап атқан таңы мен қызарып батқан күнінің өзі көз алдына ғажап көріністі әкеледі. Абыр-дабыр, мәре-сәре болып күн кешіп жатқан ауыл адамдары әркезде де тынымсыз еңбек үстінде жүреді. Сонымен қатар, туған жерімнің дархандылығы мен тазалығын көріп, көкейіме көп нәрсені түйіп өстім.
Көкорай белі мен жап-жасыл айналасы, қызғалдағы жайқалған қырлары дүниедегі әсемдіктің үлгісіндей. Жазиралы даласы адамға ұлы ойлар беріп, алдыға қарай жетелей түседі. Әр атқан таңы жаңа бір үміт сыйлап, өмірге деген көзқарасынды жақсартып, сенімінді нығайта түседі. Міне, мен осындай қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған, халқымыздың салт-санасы сақталған ортада, тамаша жерде өсіп-өндім. Бұл, Жетісу жерінің мен өскен кішкене бір бөлігі, ағынды Ақсудың құт қонған маңайы. Бұдан бөлек тарихы сырға, қойнауы гүлге толы туған жерімдегі қыз жанарындай мөлдіреген Көлсай, дәтке қуат, дертке шипа – Тамшыбұлақ, емдік қасиетке бай Алакөл, ірі көлдердің бірі Балқаш, табиғаттың таңғажайып сыйы – Шарын шатқалы мен шипалы су – Арасан секілді көздің жауын алатын көрікті жерлері көп екені баршаға аян. "Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр" демекші бұл тұста әрине туған жерімнің өткеніне де көз жүгіртіп өткен абзал болары анық.
Жетісу жері сан ғасырлық тарихтарға куә болған жер. Керей мен Жәнібек сұлтандар үдере көшкен қазақ көшін осы аймаққа жиып, Қозыбасыда Қазақ хандығының іргесін қалаған. Анталаған талай жау көз сүзіп қарап, қызыққанымен шұрайлы өлке қазақтың еншісі болып қала берді. Бұл, әрине батыр бабаларымыздың арқасы. Содан бері түрлі оқиғаларды бастан өткерген аймаққа бір кездері "Іле" салынып, кейінірек "Верный" деп аталған болатын.
Араға он үш жыл салып, қала мәртебесіне көтеріледі. Жетісу губерниясының орталығына дейін айналады. 1921 жылы мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың ұсынысымен байырғы атауы – "Алматыға" ие болды. Осылайша Алматы қаласы күннен-күнге гүлдене бастады.
Алматының баққа орануы Жетісудың тұңғыш губернаторы генерал Г. А. Колпаковскийдің кезінен басталса керек. Ол қала тұрғындарына әрбір отырғызған талы үшін он сөлкебайдан (тиын) төлеген, ал белгіленген жерге ағаш отырғызбай кежегесінен кері кеткен жанды шиландай жұрттың көзінше дырау қамшымен жон арқасынан таспа тілген екен. Осылайша қала аз уақыттың ішінде жасыл желекке оранып, жайқала түскен екен. Бірақ та Алматының дамуы Д.А.Қонаевтың есімімен өте тығыз байланысты.
Алматыны Қонаевтың қолтаңбасы десек те болады. Қазіргі таңда жайқалып тұрған мәуелі бақ, аспанмен таласқан ғимараттар, сымдай түзу көшелер барлығы да аты аталған тұлғаның ерен еңбегінің арқасы. Бір кездері Қазақстанның орталық астанасы болған қала бұл күні рухани әрі мәдени астанамызға айналды. Көз тартар сұлулығы барлығында өзіне еріксіз баурап алады. Қонақ келсе қуанғаннан күтіп алатын екі бірдей вокзалы мен әуежайы бар. Алматының бұл күнгі келбеті мен айтпасамда барлығына белгілі екені анық. "Осы сиқыр қалада өскеніңмен, Таңданасын туристей кеше келген" деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай қаладан алған әсерлері мен таңданыстарын жеткізуге сөз таба алмай жүргендер қаншама?!
Менің туған жерім – Жетісу өлкесі тек сұлулығы және тарихымен ғана емес, елді-мекен атауларының шығу тарихы жағынан да барлығын қызықтырғаны анық. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа тарап, жетіп келген түрлі атаулар талай өмірдің қарт шежіресіндей. Кең байтақ даламызда жер жәннәті атанып кеткен Жетісу өлкесінің топонимикасы тұнып тұрған тарих.
Әр атауы ерекше мағына береді. Тауынан бастап тасы да тарихтан хабар беріп тұрғандай. Жетісу өлкесіндегі жер-су аттарының сырына қанық болмаған адам кемде-кем. Алматы облысы Ақсу ауданындағы Ақешкі ауылы Ешкіөлмес дейтін таудың баурайында орналасқан.
Бұл Жетісу Алатуының тұтас бір сілемі. Абсолюттік биіктігі 1672 метрді құрайтын тау. Таудың бұлай аталуы жайлы халық аузында мынандай аңыз айтылады: "Бір бай кісі бір жылы Ақешкі маңындағы таудын жанынан жайлауға көшіп бара жатады. Ол сол жайлауда жігіттеріне шөп шапқызып күзде қыстауына қайта көшеді екен. Байдың маңыраған малы көп болыпты. Ол қыстауға барып, малын түгендегенде, 4-5 ешкісінің жоқ екенін байқайды.
Малын іздемейді. Келесі жылы көктемде көшіп бара жатқанда бай сол таудың беткейінен жайылып жүрген ешкілерін көреді. Қалып қойған 4-5 ешкісі лақтап, 10 шақты болып қалыпты. Оны көріп қуанған бай, достарына: "Мынау ешкім өлмейтін берекелі өлке екен", – депті.
Содан тау Ешкіөлмес атанып, оның баурайы, яғни қазіргі ауыл Ақешкі аталыпты. "Судың, өзеннің ақ ботала боп аққан түсіне" байланысты Ілияс атамыз жырлап кеткен Ағынды Ақсу өзенінің атауы қойылса керек. Бақанас өзенінің атауы "тарам, айрық" деген мәннен гөрі, "кішкене, қысқа, келте, шолақ өзен" деген мағынаға келеді.
Дүбін ауылының топонимдік мағынасы "төбе, төбешігі, шоқылары көп жер" дегенді білдіреді. Бұған географиялық жағы да сай келеді. Жаркент қаласы жалпы халықтың атауы бойынша, Жаркент жар + кент – "қала", яғни "жар бойындағы қала" деген мағынаны білдіреді. Жаркент қаласы Өсек өзенінің жарқабы үстінде шығысқа қарай созыла салынған. Сондықтан атауы осыған байланысты қойылған екен. "Қақпақ" – Алматы облысындағы Райымбек ауданындағы тау суының атауы. Текес селосонының жоғары жағындағы көлбей созылып жатқан тау ортасынан аққан арынды өзен осы тауды қақ бөліп жатыр. Сол тұс алыстан қарағанда қораның ашық қақпасына ұқсайды. Сондықтан да бұл жерді халық Қақпақ атаса керек.
Міне, менің туған жерім осындай ғажайып сырларға толы өлке. Көрікті жерлері туралы таңды – таңға жалғап баяндай беруге болады. Жылдың төрт мезгілінде көргіңіз келсе Жетісуға келіңіз. Тылсым табиғаты кімді болмасын таң қалдырмай қоймаған. Жер ананың жап-жасыл көрпесіндей осынау өлке Жер жәннаты деген атқа әбден лайық. Шетелдің Швейцариясын емес Қазақстанның Алматысын таңдаған жан келген беттен таңданысын жасыра алмасы анық. Апорттын дәмін татып, даланың саф ауасын жұтып Жетісуды аралап, тыныстағанға не жетсін?!
Мен үшін туған жерім – Жетісуым жұмақ мекен!