Аягүл Мантай. "Жазушы" (әңгіме)

 Аягүл Мантай. "Жазушы" (әңгіме)
Фото: transaerotour - LiveJournal

Аягүл Мантаеваның әңгімелерін мерзімді баспасөз беттерінен  оқып, оның тіліне, кейіпкерлерінің әрқилы мінезіне , шынайы оқиға желісіне сүйсініп жүруші едім. Әңгімелерінің топтамасын көріп, шынайы жазушыға тән қасиеттерді тауып, ерекше сүйсіндім.

Дулат Исабеков

Жазушы

Жаны тазалықты аңсады. Тазалық туралы әңгіме жазғысы келді. Сонда ғана өзін азаптаған ойлардан арылатындай. Ол өзгеден емес, өзінен жиіркеніп отыр. Өзгеден жиіркенуден гөрі өзіңнен жиіркенудің әлдеқайда ауыр екенін ол жақсы біледі. Ешнәрсе ойлағысы келмеді. Ойлау түсінуге алып келеді деп пайымдайтын ол түсінуден қорқады.

– Өзіңді түсініп қоямын ба деп әр күні қауіптеніп жүресің, сондықтан жүрегің ауырады, жүйкең шаршаған, - деп мазақ етеді ішкі бір дауыс.

Біледі ішкі дауыс та – өз даусы. Ол өз даусынан, өз ойынан, өз мендігінен қорқады. Ауа жетпей буынып барады. Терезені айқара ашып тастады.

Қазіргі күйімнен тек жазу ғана құтқарады.

Жазу үстеліне жайғасты.

Таң атып келе жатқанда әңгімесінің соңғы нүктесін қойып, терең тыныс алды. Сиясы кеппеген туындысын оқып шықпақ болып айбақ-сайбақ жазуына үңілді де қорқыныштан айқай салды. Ол шимай-шатпағын күл-паршасын шығарып, жыртып тастады да тыныштық әлемін селт еткізіп, бар даусымен қарқылдай күлді. Күлкісін тоқтата алмады. Қанша күлерін кім білсін, екі адамды көрді де күлкісін сап тыйды.

 Бұл адамдар – жазушының жаңа әңгімесінің кейіпкерлері еді. Бірі – өз бауырын пышақтап өлтірген жас жігіт, екіншісі – үш баласын сәбилер үйіне өткізіп , жезөкшелік жолға түскен әйел...

... Ақи көз жігіт қанға боялған пышақты ашқарақтана жалайды.

– Күнәһар пендем-ау, азабыңды қасірет арқалап қан жеңе аласың,- деп азғырады.

... Әйел өзінің жалаңаш тәнін сүйсіне сипалады. Құшағын ашып мұны еліктіреді.

– Дүниенің барлық азабынан әйел ғана  құтқара алады, - деді күлкі иесі.

Ақи көз жігіттен қашқан жазушы әйелдің құшағына барып құлады.

Сол түннен кейін жазушы  төсектен тұрған емес.

Бірде есі дұрыс адамша: – Әлемнің бүкіл халқы сүйсініп оқитын тазалық туралы  ұлы роман жазамын. Балалар менің кейіпкеріме ұқсауды арман ететін болады, - деп жымияды да: – Әрине, менің ол шығармама сөзсіз Нобель сыйлығы беріледі , - деп қиялдайды.

Ә. Жутаева