Фолкнер – Американың “ұлы романын” дүниеге әкелген жазушы. Ауызекі тіл мен америкалық халықтық дәстүрлерге сүйене отырып, ол осы элементтерді әдеби модернизммен және символизм рухындағы батыл эксперименттермен және “сананың ағымы” әдебиетімен ұштастырды. Әсіресе, “Авессалом, Авессалом” романы жазушыны әлемдік әдебиет классиктерінің қатарына қосты. Ол өз шығармаларында, негізінен АҚШ-тың оңтүстік штаттарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін, мифологиясын және мәдениетін арқау етті.
Габриэль Гарсиа Маркес бір сұхбатында: “Латынамерика әдебиеті Фолкнерге қарыздар. Латынамерика әдебиетінің дүркіреуіне себепші болғандардың бірі де – Фолкнер”, - дейді.
Уильям Фолкнер 1897 жылы 25 қыркүйекте Нью-Олбаниде Миссисипи штаты) дүниеге келген. 13 жасында Эстелл Олдхэм атты қызға ғашық болып, оған арнап ғашықтық ғазалдарын жаза бастайды. Бірақ жанұясының қаржылық қиындықтарына байланысты Эстеллге үйлене алмаған. Жазушы мектепті аяқтамай біраз уақытын атасының қолында есепші болып жұмыс істейді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде армияға ерікті ретінде жазылғысы келгенімен бойының кішкентайлығына байланысты қабылданбаған. Содан кейін ол Канада әскери-әуе күштеріне жазылады. Және 1918 жылы шілдеде Торонтодағы әскери училищеге түседі. Алайда бірнеше айдан кейін Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Фолькнер Оксфордқа оралып, Миссисипи университетінде тәлім ала бастайды. Оның әдебиеттегі жолы 1919 жылы “Фаунның күндізгі арманы” өлеңі “Жаңа Рипаблик” журналында жарық көрген кезде басталды.
Фолкнер Миссисипи университетіне оқуға түскенімен, 1920 жылы оны тастап Нью-Йоркқа кетеді. Кейін Оксфордта пошташы болып жұмыс істеп, 1925 жылы туған жеріне оралады.
Оның алғашқы романдары “Жауынгер хаты” (Soldiers' Pay, 1926), “Шыбындар” (Mosquitoes,1927) деген атпен жарық көреді. Аса сәтті бола қоймаған шығармалардан соң да, жазушы үмітін үзбей 2 жылдан соң Sartoris (Flags in the Dust, 1929) романын жарыққа шығарады. Ондағы оқиғалар Американың оңтүстігінде орналасқан, жазушының өзі ойлап тапқан Йокнапатора қаласында өрбиді. Осы шығармасы сыншылар тарапынан жылы қабылданғанымен, оған жазушылық атақ “Шу мен қаһар” (The Sound and the Fury, 1929) романынан соң келеді.
1949 жылы Швед академиктері әдебиет саласындағы “Нобель” сыйлығына Уильям Фолкнерді “маңызды және көркемдік көзқарасы үшін қазіргі америкалық романның дамуына қосқан ерекше үлесі үшін” лайық деп табады. Ол 1949 жылы “Нобель” сыйлығын алардағы сөзінде: “Адамның ақыры дегенге мен сенбеймін. Ажалдың келгенін әйгілеген тағдыр сағаты соңғы рет соғып, оның жаңғырығы мәңгі жоқтың қиыр шетіне барып тұншыққан сәттің өзінде, адамның әлсіз, бірақ үзіліп бітпейтін дауысы естілмек, ол сөйлей беретін болады. Мен адамның шыдап қана қоймай, жеңіп шығарына да кәміл сенемін” деген екен.
Фолкнер шығармашылық және қаржылық дағдарысы кезінде Нобель сыйлығын алды. Ол кезде жазушының шығармалары сыншылар тарапынан жақсы қабылданбай жүрген кез болатын. Оның үстіне денсаулығы да айтарлықтай нашарлайды. Фолкнер бұрында ішімдікті жақсы көретін, ал 50-жылдары тіпті салынып ішетін болады. Осыған қарамастан, жазушы әдеби және қоғамдық өмірден шет қалмайды. 1954 жылы Бразилияда өткен Халықаралық жазушылар конференциясында Америка үкіметінің ресми өкілі ретінде бүкіл әлемге саяхат жасайды. 1957 жылдан бастап қайтыс болғанға дейін жазушы Вирджиния университетінде семинарлар жүргізеді. Фолкнер сөйтіп жүріп те жазуды тастамайды, соңғы романы “Ұрылар” (The Reivers) деген атпен 1962 жылы жарыққа шығады.
1962 жылы 17 маусымда жазушы аттан құлайды. Бірнеше аптадан кейін, 6 шілдеде, Бейчелиядағы (Миссисипи) шипажайда тромбоздан (қанның ұюы) қайтыс болды.