Бүгінде ақынның жасы жайлы, ақындардың буыны жайлы сөз бола қалса, жасы жетпістен асқан ақсақалдар өзінің жас дәуіріндегі әдебиетке келген сөз иелерін "жас ақын" деп, олардың атын атап, түсін түстеп жатады. Сондағы аты аталған қаламгер қауымға назар салсаңыз, олардың өзі де бүгін әдебиеттің ақ сақал, көк сақалына айналған. Ал, шын мәніндегі ақын қашан да жас, қашан да жалын жырларымен жылдар есейткен баланы қиял қанатына мінгізіп алыстарға ертіп кетеді. Оның жыры он сегіздегі бозбаланы да, отыз бестегі жігіт ағасын да, алпыстағы ел ағасын да алаламайды. Ақын Ырысбек Дәбейдің жырлары да "жас ақын" деген аттан алқып, осындай шекарасыз кеңістікке көтерілген. Оған бір мысал, алдарыңыздағы поэма.
Кебінсіз (поэма)
Әжімдермен Мемлекеттің маңдайын,
Осып-осып тастаса да осы дерт.
- Гамлеттен
I
Күн астында күркіреген Шағанғол,
Тарғыл-тарғыл тау қоршаған... тарам жол.
Кейде Шолпан жұлдызындай жап-жарық,
Бірде тіптен қара түннен қараңғы – ол.
Жолға сіңген ескі іздерге үңіліп,
Тым қиырдан жетер жетім мұң ұлып.
Күн сап қарап теріс ұшқан түтінге,
Жүргіншілер өтіп жатыр шұбырып...
Бейбақ ауыл. Аяз қысқан... қыс күні,
Гүлсім әжей келді, қашқан ұсқыны.
Қара күйе сіңген айғыз алақан,
Көздің жасын тосып алды тұп-тұнық.
Кір кимешек... аппақ шашы қобырап,
(Қалжыраған жолаушыдай жолы ұзақ).
Шерге толы шежіресін қозғады,
Кейуана кемсең қағып, көзі жас.
«Жалғыз қызым – жалмауызым, сорым-ай,
Мен кіретін жер тесігі жоғын-ай.
Қол көтерді қабырғамды қаусатып,
Кешіре алсаң, кешіре гөр, о, Құдай.
Білместігін қайтем байғұс, жазғанның,
Қандай азап ана болу азғанның.
Тұщы етіме ащы таяқ тисе де,
Жағым сембей Жаратқанға жалбардым.
Бүгін үйде көмір біткен, отын жоқ,
Күн де туған қу жетімің жекірмек.
Бірер шелек көмір сұрай келіп ем,
Құр алақан қызды көрер бетім жоқ.
Байғұс бала дірдек қаққан шығар-ау,
Құлақтанып, қусырылған Күн анау.
Мені қойшы, құр қол барсам тағы да,
Тумағырды,
Әй, Құдайым ұрады-ау...
Мына ғалам сайрамай ма, неге үнсіз?
Үнсіз бәрі, аспан да үнсіз, жер үнсіз.
Менің жасым жуып Амал дәптерін,
Кетсе қайттім кесір неме кебінсіз?..».
Жыл аунаған...
Мұнар торлап тау басын,
«Шағанғол» да бұзды талай арнасын.
Кейуана жоқ, кесір қыз да кетті алыс,
Алабота басқан ескі ауласын.
Өрмекшінің торы сынды шытырман,
Жолдар жатыр із бен сорап ұмытылған...
Үңірейген ауыз толы ғасырым,
Екі метр бөз кебіні жұтылған...
II
Бірнеше күн байырқалап бораннан,
Достың соры жаққа бүгін жол алған.
Қанжиренді қамшылайды Баймұрат,
Жалғыз түйе ұшты-күйлі жоғалған.
Қарайғанға қарай-қарай көп жүрді,
Талай қара «түйеңмін» деп сендірді.
Таң бозынан тепеңдеген жоқшының,
Қаны кеуіп, өзі де әбден болдырды.
Мұнартады жолдың белі жазылып,
Күн еңкейді қызыл нұрға малынып.
Сүрепеті қашқан жансыз даланы,
Көзбен тінтіп, күрсінеді жабығып.
«Бала кезден талай жортқан мекеннің,
Құбылғанын түк сезбеген екенмін.
Мұнай қазып, мұнарасын орнатып,
Адамдары жүруші еді шет елдің...
Ішіп-ішіп, шайқап-шайқап тауысқан,
Сыртын беріп, сыры қашқан таныс маң.
Қолын салып, қолқаны аршып алардай,
Тарғылданып, талықсыған дауыстар...
Қайда адасып, қайда келдім мен өзі,
Есім барда ел тапқаным жөн еді», -
деп Баймұрат ауыздықпен алысқан,
Қанжиреннің зар желісін тежеді.
Су таусылған, азайған-ды әл-қуат,
Аз жүрмеді ат үстінде салбырап.
Көз ұшында қалбаң етті бір жаяу,
О. Құдірет! Сүйектері саудырап.
«Қос көрінген шығар маған сірә да,
Жын-жыбырдан адатұғын бұл ара.
Таптым, таптым! Елес емес жаңағым,
Ен даладан мұнай сорған мұнара.
Сол маңайға жетсем ары бәрі анық,
Жүрген шығар біздің жақтың адамы...» -
Өз ойына өзі разы Баймұрат,
«Қос көрінген» жақты бетке ап ағады.
Кенет батыс жақтан дүбір естілді,
Сор даланы қымтап қара кеш кірді.
Қанжирені қос құлағын қайшылап,
Шыр айналып, жерді тарпып осқырды.
Жайбарақат отырысы сор болды,
Кесір толы, қырсық буған жол болды.
Аттан ауып түсті бейғам Баймұрат,
Ауырсынған бойын әзер меңгерді.
Жұлдызша ағып, жүйткіп берді Қанжирен,
Жапан түзде жапа шегіп, жан күйген.
«Мұнараны» бетке ап тұра жүгірді,
Арылардай мына сұмдық хал-күйден.
Өлік сынды сұры дала сұлаған,
Үн кернеді өксіп-өксіп жылаған.
Қара жердің қанын ішіп қаңқиған,
Құрылғысын қайда жұтқан мына маң?
«Мұндай емес еді өңірдің тынысы», -
деп Баймұрат кілт тоқтатты жүрісін.
Шұқанақта дір-дір еткен бауырдай,
Жылымшыға толтырды қос уысын.
Жұтты сосын... қаталайды қашанғы,
Ірің ішкен иттей лоқсып, шашалды.
Бағы тайған басын ұрды татырға,
Жалғыз өзі жалмайтындай жапанды.
Айқайына мың етпеді бұл аумақ,
Әлдеқашан сор даланы түн арбап...
Ұзын бойы бәйтеректей теңселген,
Қарсы алдында қарсы қарап тұр аруақ.
Аспан мылқау, жұлдыз сөнген, Ай құлап,
Көзін сүртіп қайта үңілді Баймұрат.
Бір көрініп, бір көрінбес елеспен,
Айдалада ойнағандай «Айқұлақ»...
Таң ба, кеш пе айырылмас арасы,
Хәлі бітіп, таусылды әбден шамасы.
«Арызыңды айт» дегендей-ақ астында,
Тап-тар болып жатты қазақ даласы.
Тұл дүние түгегендей тұтылып,
Ұли соққан дүлей боран құтырып.
Есі адасып, сандырақтай бастады,
Зілдей үні көмейінде жұтылып:
– Сорлымын-ау, сорлымын-ау, сорлымын,
Сорға біткен сор даланың қорлығын.
Түйе тұрмақ аман-есен ел жаққа,
Жетіп өлу
О, дариға-ай, болды мұң.
Тамшы суың таңдайыма бұйырмай,
Кебін,
Кебін!
Кетерсің бе бұйырмай?
Түйір тозаң көзге түспей татарған,
Сұлбасы жоқ мына сұрсыз құйынды-ай.
Айналасы ат шаптырым аумақтың,
Қазанында қайнай-қайнай зар қақтым.
Ез тірліктің есігінде езіліп,
Енді мұнда тыр жалаңаш қалмақпын.
Мөлт-мөлт еткен сор даланың жасы анау,
Су секілді... буға айналып қашады-ау.
Айдалаға алып қашқан ажалдың,
Ауырлығы жан жарыма батады-ау.
Шиттей бала-шаға қайтіп күн көрер,
Туыстың да сыйластығы сыр берер.
Жәутең көзді жетімдерін не қылар,
Өзі жанын әрең бағып жүрген ел.
Мақат, Мақат! Теміржолдың торабы,
Мұнайлы өлке сенде кімнің обалы?
Бұрғы тескен қан-сөлі жоқ төсіңе,
Су да сіңбес сордың солғын жолағы.
Тасыр мінез көрсетпейтін дала еді,
Басталған ба мәңгі бітпес әлегі.
Қабырғамды қайыстырған мына зар,
Қайдан шықты, қай пенденің әуені?
Баратұғын бағытымнан жаздырып,
Кең дүние керегесін тар қылып.
Адастырып кеткен елес қайдасың?
Не де болса келмейсің бе әңгүдік», –
деп Баймұрат ұшып тұрды... құлады,
Қарсы алдында жын ба, пері тұр, әні.
Кіресілі-шығасылы күйінде:
«Кімсің, ей!», – деп ұзыннан жөн сұрады.
Гүрілдеген үн жаңғыртып маңайды,
Ұзынтұра үңгір көзін қадайды.
Бір ғасырда астаң-кестең алаптың,
Алақанда түйіршігін санайды.
– Мен Шимұрын! Солай атар мені елің,
Анығында бұл аумақта жоқ едім.
Сенің мұнай ғасырыңмен оянып,
Сөгілгенін көрмейсің бе көбенің.
Қара қаны ағып-ағып сарқылған,
Сор топырақ көз жасыма малшынған.
Иен түзді мекен етіп, жол тосам,
Сіздің тілде аталамын «антұрған».
Иесі мен! Ен даланың тоналған,
Әлмисақтан елес болып оралғам.
Ойдым-ойдым шұңқырларда көз жасым,
Сорға айналып, шаң боп ұшып жоғалған.
Алып келді мұнда сенің ғасырың,
Берсін Құдай бұл күніңнің ақырын.
Қып-қызыл боп батқан күнмен таласып,
Пендесінен алам дала ғапылын.
Кепиеті атқаны осы тұз-дәмнің,
Ездігіңнен
Ей, ақымақ! Жындандым.
Сен тепкілеп көміп кеткен көрімнен,
Қарғып тұрып, қаңғып жүрген ұжданмын!
Мен – наламын! Сұры қашқан даланың,
Сорды кешіп жарылған көнтабаным.
«Ат тағалап, атан қомдап ержеткен»,
Опасыздың басын жерге қададым.
Сен емессің соңғы тұтқын, расы!
Өксіп-өксіп, қатты-қатты жылашы.
Тыр жалаңаш аттандырып саламын,
Лыпасы жоқ жайыңды Аллаң сұрасын!..".
Баймұратқа ауыр тиді бұл үкім,
Әзер-әзер алып тұрып тынысын:
«Әй, Шимұрын, жеті түнде құн сұрар,
Жөн емес-ті мына мысық жүрісің.
Не жазығы мендей сорлы ғаріптің?
Нұсқайтындай тар қапасын тамұқтың.
Мұнай сорып, алтын жимақ түгілі,
Тойып ішер асқа қашан жарыппын?
Қой, сандалма сөздің түсін жүйесін,
Алып келіп терге елдің иесін.
Ақыретсіз кетер кісің мен емес,
Біреу үшін қақым қанша күйетін?..», –
Бүй деп барып тілін жұтты сазарып,
Қос жанарын бара жатты ақ алып.
Ербең-ербең көкке қарап табаны.
Сор далаға қалды баспен қадалып...
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: өңделген