- Негізгі бет
- Поэзия
- Ұлмекен Лесбекова. "Көктемгі...
Ұлмекен Лесбекова. "Көктемгі серенада"
Елбасы өткен жылғы "Рухани жаңғыру" бағдарламасында "Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс", – деген еді. Ғасырлар тоғысында Елдің мәдени жаңғыруы, дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздеп отырған Қазақ елі үшін маңызы зор. Ендеше осы жолда өз үлесімізді қосу, балалар мен жасөспірімдер, жастар шығармашылығын, оларға арналған шығармалар мен аудармаларды насихаттау, ақпараттандыру мақсатында тағы бір талантты жастың бір топ өлеңдерін жариялағалы отырмыз. Жастар – еліміздің ертеңі, бәсекеге қабілетті, жан-жақты білімді Қазақстанның болашағы.
Ұлмекен Лесбекова – Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2017 жылғы түлегі. 1995 жылы, 4 тамызда ОҚО, Шардара қаласында дүниеге келген. Ы. Жақаевтың 125 жылдығына орай өткен мүшәйраның Бас жүлдегері "Шабыт" шығармашылық жастар фестивалінің, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен бірнеше мүшәйралардың жүлдегері.
***
– Не тілейсің дейсің бе,
Сұрар болсам?..
– Қалауымнан қалашық
құрар болсаң...
Сұрауымды сұратпай
Беретұғын,
Қиялыма күмәнсіз
Еретұғын,
Мен жасаған образдар
Келбетінде,
Сөйлесе екен адамдар
Жер бетінде.
Сөйлесе екен әні бар
Дастандармен,
Жүзі жұмсақ сыртынан
Жасқанғанмен –
Бір падиша салса екен
Бір әуенді,
Бақыт сыйлар,
бақытсыз басталғанмен!
Ақ шаштарын тарасын
Ару қайың,
Ал мен
мұңнан мәңгілік арылайын.
Жапырақтар, шыршалар,
Шағалалар!
...Сол әуенді қайталап барады олар.
Тілейтінім, бар болса Әуен тұнық,
Сөйлер едім басқаша, Әлемді ұғып.
***
Бақыт тіледім!
Бақыт тіледім!
Басын көтерді жаһұт бір егін.
Күншуақ күліп, жіпси бергенде,
Атай да шықты асып күрегін.
Басын көтерді алаңның гүлі,
Әндете салған адамның үні.
Сарайдан аман артыла шықты,
Бидайық басқан қанардың түбі.
Баладай күлген қарт бірақ бәрі,
Арқа қыздырған сол тұрақтары.
Батар күнменен алқызыл түсті,
Қызыл кірпішті ақ сылақтары.
Бақыт тіледім,
бақыт тіледім,
Түре бастады бақыт білегін.
Ренішті, мұңды жоғалтты Әлем,
Өзі бергендей Уақыт бір емін.
***
Жүрегіңнен ұя сал
Жадыраған қалпы бұл күн
Қалауымнан қарсы жүрдім,
Қаламадым ештеңе.
Жайына қап нәпсі-құлқын,
Ағысына қарсы тұрдым,
Әдетіңе көш деме!
Бұл басқаша әдет-қалып,
Әлдекімге әлек салып,
Жоламайтын тәсілі.
Көңілім тоқ, қанағатта,
Алыс-жақын жұрағатқа
Сыйласармыз, әсілі.
Сығандар да салты бөлек,
Қол жаймайды артық ерек,
Адамдарға масыл боп.
Қай заманнан биік келген,
Өзін-өзі тиып келген,
Кімдер еді жасын-от?..
Бөленумен алауына,
Жүгіргенше қалауыңа,
Басқаларға қия сал.
Қалағаның өзі келіп,
Орнағанда көзі берік,
Жүрегінен ұя сал!
Көктемгі серенада
Дала саздар
Аққу, қаздар,
Әуелетіп қыр ассын.
Ақ махаббат
Бақты аралап,
Жүректерде гүл ашшын.
Көктем гүлі,
Көктен нұры
Айналаға нұр құйсын.
Асықтырып,
Ғашық қылып,
Толғасыншы бір күй шын.
Таң алдында
Таң қалдым да
Тереземді аштым паң.
Торғай өлең
Салады ерен,
Қосылардай тас та оған.
Толқын шашым,
Толқындасын,
Сүйсін самал еркелеп.
Шарықтасын,
Қалықтасын,
Ән қалмасын келтелеп.
Дауыл үнді,
Ауылымды
Шарпып өтті көп белгі.
Ал құрақ ұш,
бұл – Қуаныш
Серенеда көктемгі.
***
Жаз келе жатыр,
Жаз келе жатыр
Жылулық!
Күн шуақ нұрға,
Бір құрақ жырға
Жылындық.
Қаз-үйрек самсап,
Оралған аңсап
Көшімен,
Жалықпай жалғыз
Айдынның жалбыз
Төсінен.
Марқайып оған,
Қарсы алды тоған,
Көк қарай.
Саз-түйдектер де,
Қаз- үйректерге
Көп қарай.
Ақ қанаттарына,
Ән-сонаттарына
Үйлесіп.
Тынысы тұнық
Салтанат құрып
Күй кештік.
Жасыл баурайлар,
Таңғы қурайлар
Шық иген.
Көмкеріп сазды ой,
Жайдары жаз ғой,
Шық, үйден.