Құрметті жырсүйер оқырман! "Әдебиет" бөліміндегі белгілі бір тақырыпқа байланысты өлеңдер топтамасы жалғасын таппақ. Біз сіздерге осыған дейін "Олимпиада жеңімпаздарына арналған жырлар", "Күз бен күңіренеміз де жүреміз", "Алматы, сен бізді ақын еттің", "Алматыда бір өлеңім бар еді..." атты топтамаларды ұсынған болатынбыз. Бүгінгі тақырыпқа қыс мезгілі арқау болғалы тұр. Қыңырлығын көрсетсе де, бұл мезгілдің сүйкімі жоқ емес. Талай ақынның жырына арқау болған күзден қыстың несі кем? Ақ ұлпа қарға ақтарылып сырын ашар ақын жаны қыстың суығынан жылылық іздейді. Табады да... Ақ сезімдерін мезгілдің әдемі көріністерімен ұштастыра білген қалам иелерінің бүгінгі туындылары тақырыбымызға өң бермек. Ендеше, қыс мезгіліне жазылған жас ақындардың лирикалық жырларына кезек берейік!
Мезгілді сүю
Жанып біткен сыңайлы бір шырпы-күн,
Тұнжырап бір қақса әлем кірпігін.
Әлде нені күтетіндей көңілім,
Ессіздігім бермеуші еді бір тыным.
Сағынатын шағым мүмкін қысты ұзақ,
Шешем байқұс шықпа дейтін тысқа ұзап.
Ақ көбелек әуесім боп бір күні,
Кеңістіктен қалқып мың сан түсті зат.
Қар жауды деп, беу, қапалақ-қапалақ
Көресің бе, ата екеш, аталап.
Жеткенімде күбір қағып тұрды ағам:
«Жеткенің бе, о, көгілдір махаббат?!»
Бал мұраттың ұшырды аспан құсын көп,
Армандарды тұрғыздық біз мүсіндеп.
Кейін білдік: Сүйіпті ағам көрші қыз
Сол шақтарда келетіні үшін тек.
Жаны сұлу, сезімі асқақ сезгіркім,
Бақытына тәңір, оңда кез қылғын.
Ақ ұлпа қар сен ең маған ұғынтқан,
Ыстықтығын осы суық мезгілдің.
Қозыбай Құрман
Алматы оранды ақ қарға,
Ақ сезім төгілді төбемнен.
Төзе алмай ғашықтық оттарға,
Өшімді алам мен өлеңнен.
Ақ жібек көйлегі үлбіреп,
Қала тұр назданып тіл қатпай.
Нәп-нәзік жанымды тілгілеп,
Сіз жүрсіз шешілмес жұмбақтай.
Алматы құшағын түсінем,
Көктемнің көйлегі ораса.
Сіз қашан махаббат күшімен,
Сырларды айтасыз тамаша.
Мезеттік бақытын бұлдаған,
Уақыт ұрлайды күлкімді.
Мәңгілік жұмбақсыз сіз маған,
Жаза алмай тулаған жыр сынды.
Сайрангүл Даханқызы
Қордай асуы.
Желтоқсан...
Сәті туса сапардың бақ табар ем,
Аппақ дүние,
Аппақ қар,
Аппақ әлем...
Асуынан Қордайдың мені асырар,
Ақ әлемге қанатын қаққан өлең.
Дүбір іздеп дүлдүлім таң асқасын,
Ақ дүниеде белгілі адаспасым...
Айыр қалпақ ағайын қарсы алады,
Асу бермес Қордайдан ары асқасын.
Сапар басы үкілі үміттейін,
Мақтарсыңдар жырымды ұғып кейін...
Асу бермей алдымда Қордай жатыр,
Ақ түтегі түтілген түбіттейін.
Көліне жыр сыйласам,
Көгіне нұр,
Ақ дүниенің атауы –
Өмір – Өмір...
Қалпағының түсіндей көңілі бар,
Сәлем берсем деп едім еліңе бір!
Шығып жатқан жайым жоқ күнде асуға,
Қырғыз доспен ойым бар сырласуға.
Хантәңірдің қызы едім хан сыйлаған,
Қайран Қордай асуы,
мінбе ашуға!
Бастап кетсең болады, думан, қырғыз,
Аман-есен өткен соң Шудан бұл қыз!
Оң жағымнан айымды туғызарсың,
Айтматов Шыңғысты туған қырғыз.
Ырға қосса ырымдап шырқап бәрі,
Тірлігінің басылар бұрқақтары.
Ақын қызын қазақтың аяласын,
Маң мінезді Манастың ұрпақтары!
Теңгермейтін текті едің жұлдызды Айға,
Бұрқасындар мойныңды бұрғызбай ма?
Қордай асу!
Қойсаңшы ашуланбай –
Бұл қыз қайда,
дүние-ай,
қырғыз қайда?!
Ақпаным...
Ақпан ба, ақпан,
Аяулы менiң ақ айым,
Өзiңе ұқсап көңiлiңдi сенiң табайын.
Аяулы айы қыңыр мiнездi қысымның,
Адалдығыңды қалайын.
Ақпандар жайлы арада ғажап жүр аңыз,
Бiлгiңiз келсе, сырым бар, келiп сұраңыз.
Ақпанды сүйген аяулыларың мен едiм,
Ақ бөрiк киген құба қыз.
Өмiрден мынау мәңгiлiк ненi таппақпыз,
Айналам мынау ақ әлем тұнған әппақ қыс.
Ақ ұлпаларым аймалап тұрды менi үнсiз,
Көргенiм менiң - әппақ түс...
Ардағым болған аялы аппақ саябақ,
Ақ қарды сүйген сезiмiм де баяғы ақ.
Ақ өлең жазып аққанат құсқа жолдадым,
Армандарымды аялап...
Мақпал Мыса
Қысқы бақтағы ой
Ақтығы мен пәктігін алаулатып қыс аппақ,
Шаттығымды тәтті мұң, тәуелдене құшақтап.
Ғашықтарға тұрғанымен, жаурадым мен үш аттап,
Маужыраған мамырдың мәз күніне ұқсап бақ.
Сезіне алмай қызығын, шаттығын да бұл бақтың,
Көмейімде үзік үн, өзіме-өзім үн қаттым.
Пәктігіңді сақтасаң, ақтығыңды, қымбаттым,
Бәрін сыйлар, бұйырса, жатқан ағып тулап күн.
Кері қайттым әндетіп ақша қардың күртігін,
Келсе көктем қар кетіп, естірмін деп ынтық үн.
Мен аңсаған ақ жігіт көрсең көктем бүртігін,
Кездескейсің келтіріп сәтті көктем бір күнін.
*****
Сезіміңді бір өзіне баураған,
Аппақ қарлар пәк көңілден аумаған.
Аппақ қарда бейқам жатқан тау-далам,
Сен дегенде жыр-өлеңім саулаған.
Әппәқ қарды сүйемін мен өйткені,
Ақ астынан жасыл тірлік қаулаған.
Шұғыла Сәйденқызы
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер lord_fame.yvision.kz, liveinternet.ru сайтынан және авторлар мұрағатынан алынды