Тырна ауып барады...

Қозыбай Құрман – жас ақын. Сын саласында да өзіндік ізденіс жолына түсіп, біраз жас қаламгерлерді «тезге салып» жүргені бар. Өлеңдеріндегі айшықты теңеу, көркем сурет оқырманды ойға салмай қоймасы анық. Табиғатпен тілдескен жас ақынның жырлары тау мен дала, жер мен аспан, өмір мен өлең «суретін» қағазға емес, кеңістікке салып тұрғандай сезіледі. Сенбесеңіз қараңыз, «Аспанда тынысым – күмбірлі күміс үн, Кезеді, беу, қиял жамылып, түн ішін», «Жапырақ төгеді, күз – дауыл, тал – қыршын, кеңкілдеп жылайды, бүгіліп әрбір шың», «Келеді еркелеп жатқым-ақ, онсыз да еркелеу бұл өлең!», «Бөрілер ұлиды. Түз бенен қырда ауық, Кеңістік майданын мата бұлт тұр жауып. Сөгілмей таң – перде, Барады тырна ауып...» Мұндай өрелі теңеу, ерке сурет Қозыбай ақынның өлеңдерінен көгеннен босаған қозы-лақтай жамырап өреді. Әрине, ізденіс үстінде жүрген әр ақында кемеліне келген бүтін бітімді жыр болмайды. Дегенмен келісті жырға деген талпыныс көңіл қуантады. Қалғанын оқырман өзі сараптай жатар...

Тырна ауып барады...

Аспанда тынысым – күмбірлі күміс үн,

Кезеді беу қиял жамылып түн ішін.

Шалдығып пырақ – ай,

Бәсеңдеу жүрісі.

 

Жапырақ төгеді,

              күз – дауыл,

                        тал  қыршын,

Кеңкілдей жылайды.

                   Бүгіліп, әрбір шың.

Теңселіп емен тұр,

Еңсеріп тағдыр шын.

 

Алыстан сонау бір тұңғиық жиектен,

Үздігіп жетеді талмауыр күй еппен.

(Аспанды сезінем

Тұрғандай сүйеп мен).

 

Бөрілер ұлиды.

                 мұңға орап қырда ауық,

Кеңістік майданын мата бұлт тұр жауып.

Сөгілмей таң – перде,

Барады тырна ауып...

 

 

Алтайға жүрші сен бастап

 (Досым Әрбибекке)

Ақборан ауыл үстінде,

Елемей жортқан сені ешкім.

Сеңсең тон, шалбар үстіңде

(маған да жат бұл емес тым)

 

Құрсауын бұзып мұз бөгет,

Қиналып жеткен күреңнің.

Жалынан жастық іздеп от,

Шалқалай қанша шірендің?!

 

Ақдала әппақ қар сағым,

Тыңдайды әніңді ұйып тек.

Түлкідей ойнап әр шағың,

Кетеді құзға биіктеп.

 

Сапардан қайтқан бөрі ұлың,

Мұртына ақ таң байлап мұз.

Еркелей өріп өрімін,

Күтетін үйде қаймақ қыз.

 

Алтайда туып ант алған,

Үшін тек туған биіктік.

Жаныңды шымшыр қаңтардан,

Біз үшін жоқ-ау сүйікті ұқ. 

 

Шыңылтыр сүйген бетім көр,

Бүйірден өткен ызғар ма?!

Аққұла бұрқақ өтінде өл,

Жылынбай жүрсең қыздарға!

 

Кеудеміз толы саз масаң,

Қайтеміз жомарт күйді аяп.

Сен енді өлең жазбасаң,

Кеудеңе кетер сыймай-ақ.

 

Аспаннан сынды тамған жыр,

Жырлашы тұнық енді асқақ.

Өрлікпен ғана таңғалдыр,

Алтайға жүрші сен бастап!  

 

Өмірге махаббат

 

Ақ ұлпа оранған мамық қыр,

Бөленіп шаттыққа орман дүз.

Аспаннан сұлулық тамып кіл,

Қайтардай төркіндеп қалған қыз.

 

Ай жүзін күмістей зерге орап,

Шырқалып шатқалда ән.

Шаруа жүр қыстырып белге орақ,

Қамысын орады ақ таңнан.

 

Сары аяз сәскеде саған жат,

Аптыққан салбурын жүріспен.

Келеді көз ұшы қараңдап,

Жарқылдап ер тұрман күміспен.

 

Ақ қайнар бұрқатып тұнығын,

Бойында ыстық қан бардай нақ,

Орғытып әкешім күлігін,

Әкелер сапардан балдай бақ.

 

Мен онда жаспын деп жасқанбай,

Қолымды үйір ғып тізгінге.

Мен онда көк едім аспандай,

Көк еді санамыз біздің де.

 

Алатау кеуделі ақша құз,

Арманның шырқатты әнін дәл.

Етекте жайқалған бақша біз,

Үнінде өзгеше сарын бар.

 

Аспаннан сендермен бақ құлап,

Мейрімге малынып гүл өрем.

Келеді еркелеп жатқым-ақ,

Онсызда еркелеу бұл өлең!

 

Анам да, әкем де көтеріп жүкті ауыр,

Сары атан сияқты құдірет ішінде.

Құрметтеп біз түгіл тіпті ауыл,

Өмірге махаббаты үшін де!

 

Мезгіл әуені

 

Қараша.

Қайтқан құс дабылы,

Көмескі көкейде сұрақ қат.

Түзеліп түстікке сап ұлы,

(Мекенде қалар кім тұрақтап?!)

 

Қанатын күн сүйіп,

Сәт тілеп,

Ескі әуен ен сырды шертті.

Тұңғиық теңізге батты лек,

Қайтты олар. (қайтуға ерікті)

 

Көктемде бал шаққа балбырап,

Жетелі жетер кіл бақ аңсап.

Тал бойы – күміс нұр салбырап,

Күй кешті күмбірлі далам шат.

 

Талпынды асқарға жел – бөбек,

Тәніне текке емес тау-аңсар.

Жанарын аспаннан сел бөгеп,

Деп тұрған сыңайлы жауам сәл.

 

 

Күн қызы

 

Қанатына құс көктем,

Сағынышты мінгізіп.

Көгілдір көк түс боп мен,

Жалғаймын сан түнді үзік.

 

Жұлдыздардың гүл ашқан,

Ерінінен сүйгізіп.

Қайтам сосын ұлы аспан –

Жүрегімді күйгізіп.

 

Алатаудың бал түнін,

Махаббатқа көрпе ғып.

Сұлу сәуле балтырын,

Сүйді іңкәрлік – еркелік.

 

Ерінінен шоқ тамып,

Мұз ернімді аймалар.

Ғашық жаным отқа анық,

Көбелекке айналар.

 

Бөлесе де ақпан мұң,

Ызғар өпсін кешкілік.

Менің өртеп жатқанын,

Кетті күн қыз кеш біліп.

 

Аспан қызы немесе баянды күту 

 

Табиғатта сан жәйіттер бөлген ірге,

Шомыл баққа кел, досым, сенде бірге.

Аспаннан көрем аққан бір өзенді,

Сол жаққа әр сәт  қарай бергенімде.

 

Тағдыр жиі кей нені елеп сынар,

Тіршілік бәріне ұдай себепші дәл.

Құс жолы көкте сонау ағады үнсіз,

Аспанғада бір өзен керек шығар?!

 

Білем қанша сондық ой, жыл өткенін

Жүрдім сырын білуге тілеп те оның.

Сол өзеннің бойынан күтем кімді,

Іздеп жүрген болар деп бір өткелін.

 

Түс көрем тоймай қарап бастан жүзін,

(бұрымынан искеп жатсам ба ұзын?)

Өңімде таң боламын сосын келіп,

Мен сүйіп қалдым ба деп аспан қызын.

 

Жетеді ынтық әуен-көктен бір үн,

Сол жаққа арнайтындай көктем гүлін.

Ұқтым мен сонда ғана бағзыдағы,

Сұлулар  көкке ұшып кеткендігін.

 

Уәдеңде бар сияқты сезем берген,

Бәлкім сонау ғасырда-кезеңде өлген.

Келмейтіні шынымен қорқады олар,

Өткел бермес жердегі өзендерден.

 

Тұрсамда мөлдір әлем саяңда аман,

Ғарыштан мен бір қозы ем жай аңдаған.

Күтемін қашан өтіп сол өзеннен,

Келер деп БАЯН маған...

 

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: spasizhizn.com сайты мен жеке мұрағаттан