Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату"

Белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының бір топ махаббат лирикасын ұсынамыз. Өлеңдер ақынның "Ақшам хаттары" жинағы бойынша топтастырылды.

***

Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды...

Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам матырдым.

Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп бәтуә,

Қаламымның ұшында ауылымның оты бар.

 

Самайымның тұсынан аққан күнді санадым.

Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату.

Азап болса, әрдайым, мен сен үшін тартайын!...

Бүршік шашып тау жақта, бал ашуда март айы.

 

Әр лүпілі ділімнің – мәңгілік мұң тарихы.

Сен ғанасың еститін,

Көре алатын!

Танитын!

Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн...

...елесіңнің ернінен қақ жарылар қара ұйқым!

 

Қақ жарылып қара ұйқым, ақтарылып ақ Өлең,

Санамдағы сәскенің сәулесіне бөленем.

Сәулесіне бөленем санамдағы сәскенің.

Сені сүю – азадан ада әлемге көшкенім!

 

Сені сүю – қуатты қорқынышым, көз ілген.

Дәл көзінің алдынан, бірге өтемін өзіңмен.

Мендің нәзік сезімге қанаты ыстық тіл басып,

жымиюың – маған мың әулиемен ымдасу!

Сенсіз қалсам,

                     дүрлікпе пендешілік тірлікке...

сыймас,

           іште құдайы күбірлеген – бұл басым.

***

Маған орман секілді көңіл қалың,

Сол орманнан жол таппай аңырғалы

Хат жазуды қойып ең, сағынғаным,

Міне, міне телефон шалып тұрсың!

(Көкейіңде нендейлік қалып тұр зіл?)

Парық – тылсым...

Даусың талықтырсын,

Айта берші, қайдасың?... ал ұқтыршы?

Біздің хал ма?... әзірше қол да босап,

Өзің қалай... Күн жылы?... ол – тамаша!

Сен де менен бір хабар тосқансың–ау,

Мендік сезім сөйлейді, алдамаса.

Денсаулық па?

Кей–кейде жан ауырып...

Ал, былайша – қайнаулы самауырын...

Семей қалай?... Солай де... Ертіс аман,

Бізді қойшы, баяғы Қарауылың.

Көкіректе – күй–дала, өлең – көше...

Хат болар деп тосқан ем сенен кеше.

Бәрі жақсы дейсің бе, дұрыс, дұрыс,...

Келем деген сөзіңді бер, ендеше.

Күлкі менен күдік те жүре ме бір,

(өмірбақи көңілде түнемегір!)

Қызғылт үміт ішінде – көкшіл арман,

Көкшіл арман ішінде – күрең өмір!...

Қалай? қалай... ағаң ба?... жұмысында.

Дейді бізге, «тезірек ұғысыңдар».

алло–ау,

Алла–ау, жауап бер, жалындырма,

Жаным менің тұр қазір сым ұшында!...

***

Хат жазбайсың, міне енді, сен де мүлде,

Оңай шығар өзіңе пендемін деу...

Екеуміздің арамыз өте қашық –

– мың сағыныш, мың күдік, ең кемінде!...

Әдемі бір әлем ең, маған арман,

Арманшылды алдымен табалар маң.

Жинасам да жаз бойы хаттарыңды,

Жыртық көңіл онымен жамалар ма?...

Түгендетіп еріксіз жоқ-барымды,

Білем, енді, осымен тоқтарыңды.

Көзге күйік болмасын, түсінерсің,

Түнге ағызып жіберем хаттарыңды.

***

Алдап әлі келе ме көлгір өмір,

Айтып берсең қайтеді-ау сен бір емін!

Космосқа көзелген көкірекпен,

көздеріңе өлгенше телміремін.

Көкейімде көктеген бүртікті ұғым

өлімді де ойлатпас құлдық түгіл.

Кірпіктеріңе дейін отыр санап

жабайылау, жарместеу ынтықтығым.

Мүмкін, қазір қол қысып, арқа мұздап,

Санадағы сабырды сарқамыз да,

Түйсік өшіп заматта, тіл күрмеліп,

айқай салар Үнсіздік ортамызда!...

Тамырымда бұрқанған – бүлік дер ем,

Табиғатын танитын құлық – керең!

Жазмышымның жазуын

Жалғыздығым

жазып әлден қойды ма?...

күдіктенем.

Маған, жаным, сендегі күлкі – несіп,

Қулығыңды білдірмей, іркілесің...

(Сұқтанғанын біреудің білген сайын

Сұлуланып кететін Сиқыр – осы!)

Бұл Сиқырға тиіспеуге тиіс пенде,

Бүркенбесін сөзбен де, сүйіспен де.

Бір қызғаныш сорады жүрегімді,

Күдігім мен үмітім түйіскенде.

Не десең де, бұл сезім тарқамады.

Құпиясын ашуға... қорқа ма тіл?...           

Күдігімнің қап-қара күйігіне

жанарыңнан жап-жарық жан тамады!

***

Шексіздіктен сен де бірде оралдың,

Шексіздіктен мен де бірде оралдым...

Жанарына құйып алып ғаламды,

Біздің ортақ Тағдырымыз жаралды!

 

Ышқындырып уақыттың сартабы,

Іздегенде жан мен тәнге ортақ үн,

Биіктік боп көріндің ғой, ардағым,

Тереңдік боп, мен өзіңді тартамын!

 

Мәңгіліктің тынысы едің сен-дағы,

Мәңгіліктің тынысы едім мен-дағы.

Миымызда шыңғырыс бар, аңдағын,

және... жылы жымиыс бар, қандағы...

 

Жазмыш бізге ортақ Тағдыр жазғасын,

Шаттығымыздың нұры ойнаған көз жасын

Сақтауы үшін,

                        маған сенген әз басың,

Сақтауы үшін,

                        саған сенген өз басым,

 

Жылынамыз бірімізге біріміз,

Сыйынамыз бірімізге біріміз!

Алла Тағала, сіз де өзіңіз біліңіз...

Еш құдаймен бөліспейміз мұны біз!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: domashniy.ru, florissia.blog.ru, Vk.com