- Негізгі бет
- Поэзия
- Тұрсынбек Башар: "Алматының...
Тұрсынбек Башар: "Алматының аспаны жылап тұрды..."
Біз өз қатарымыздың, әсіресе, оның ішіндегі өз ортамыздың шығармашылығы туралы жылы лебізді де, қарсы пікірді де автордың алдына жайып салған емеспіз. Әгәрәки, өлең оқылғаннан соң көрсетілетін бас бармағымыз-ақ оның бағасын көрсетуі мүмкін. Бірақ, бұл бұдан артық ештеңе айта алмаймын деген сөз емес және әлгі автор «сендер осыған баға беріңдер» демейді де. Бір-біріміз үшін – «классикпіз!»
ҚазҰУ-дың 17 жатақханасында ақын көп, дұрысы «классик» көп! Төрт-бес жылдың көлемі болды, үзіліп барып, жалғасын тапқан «классиктер легі» толастар емес. Ақындар кетеді, өлеңдер қалады. («Ақын» деп баға бергеніме айып етпеңіз. Егер ол деген мұнша талаптарға сай болуы керек десеңіз, ақын – ең үлкен өлшем емес). Онымен қоса әдемі естеліктер қалады. Бұл естеліктер қаншама жаураған көңілді жылытатынын да біліңіз!
Аталған «классиктердің» ішінде де Тұрсынбек бар. Адамды қызғандыратын және жиі қызғандыратын да Тұрсынбек. Мұнысына жиі жазатыны сеп болатын шығар дейміз. Жиі жазудың да бірнеше себептері бар – өткенді жиі еске алу, жиі ғашық болу, жиі кітап оқу, т.б. Тұрсекеңнің жиі жазуына осылар қатты араласатын да болу керек. Ақынды осылардың ішінен басқа қайдан іздейміз?!..
Асылан Тілегенов
Түс
Өткен күннің ерлігі, айқасы аңыз,
Мен өзімді көремін ат үстінен.
О, дариға армансыз шайқасамыз,
Жауларыммен бетпе-бет отыз түмен!
Маң даладан мол дүбір есіткен күн,
Мен майданда өлуді армандаймын.
Бұл өмірге он ғасыр кешіккенмін,
Жауға шабар аты жоқ... сормаңдаймын.
Жылқы көрсем кешірім өтінемін,
Мүлгіп тұрар ол-дағы аласұрмай.
Кеш келгенге өмірге өкінемін,
Алматыны жүремін қаласынбай.
Сап түзейді артымда отыз түмен,
Мен түсімде көретін ұрысым көп.
Жекпе-жек деп айқайлап ат үстінен,
Атып тұрам ұйқымнан...
Қылышым жоқ!!!
P.S Әжуалар сиқымды ақымақ күз,
Көңлі толмай бүгінгі қалпыма түк.
Қолымды аяп қор болған ақинақсыз,
Сосын тұрам балконда бұрқыратып!
Жапырақ
Мен сені мың жыл іздедім ғарыштан,
Шексіздіктен сұрадым дерегіңді.
Дауысың естіліп алыстан,
Жұлдыздарға оқып бергем өлеңімді.
Келген-кеткен ғасырлардан сұрағам,
Сенсіз мына миллиард таңды атырғам.
Сағыныш боп Тәңір жақтан құлаған,
Жанарыңа өлең болып жұтылғам.
...Сені алғаш шаһарында шығыстың,
Кездестіріп құлай ғашық болғанмын.
Кесірінен бір сұрапыл соғыстың,
Қапияда айырылып қалғанмын.
Ескі мекен бізге болды туған жер,
Жапырақ ед сонда сенің есімің.
Есте бәрі қала...
Дала...
Думанды ел...
Есте бары – мен қағатын есігің !
Менің жаным егіз бе еді күзбенен?
Сағынышқа оранар атырабым.
Мен сені мың жыл іздегем!
Мен сені мың жыл іздегем!
Менің мәңгі жасыл жапырағым!
***
Бесінде...
Іңірде...
Ақшамда...
Қалалар жарығын жаққанда,
Өзегің өртеніп, дерт еміп,
Жылама өтінем ақтаңда!
Қараша...
Қантарда...
Ақпанда...
Белгісіз меңіреу шақтарда,
Тырс етіп топырақ дымданар,
Көбелек-көзің
қанатын қаққанда!
Оңаша...
Қашқақтап алысқа,
Жақындау отырып ғарышқа.
Жүрегің өксиді білемін,
Ешкімде елемес бұрышта.
Жалғыздар жылайды түнімен,
Өкси бер Тәңірдің тілімен.
Жүректі қозғап ап, боздап ап,
Бәріде кетеді жөнімен.
Боздаса көңілің боздасын,
Сыздаса жүрегің сыздасын.
Жылама...
жылама өтінем,
Аспаннан ауыр ғой көз жасың!
***
О, менің кермиығым, кермаралым,
Қайтейін қалмады ғой енді амалым.
Жұлдыздай жүрегімді жайып тастап,
Көзіңе ғашық болар Мен ғанамын!
Күнде ойлаймын, түнде ойлаймын ессіздік,
Ойымызды сайтан суға ішкіздік.
Мына әлем сан түстерден тұрады,
Сен жоқ жерде - түссіздік!
Қап-қара, қара тұман төңірегі,
Бір құрт бар!
Миымды әбден кеміреді.
Құралған тәтті-тәтті өтіріктен,
О,неғылған өмір еді!
Одан басқа күш-қайратым қалмаған,
Күнде соны жалап қойып...
Малданам!
Арқамнан қанат өсіп шығатындай,
Болашаққа алданам!
Не қалды мына өмірде сенетіндей,
Болмасты болатындай көретіндей.
Түн сайын әр таңымды күзетемін,
Ажал кеп арамызды бөлетіндей!
***
Ақберен Елгезекке
Біз, бәлкім, ақымақ шығармыз,
Ақылды басқалар...
Ғайыпқа сіңетін мұнармыз,
Артында мөлдіреп жас қалар...
Артында мөлдіреп жас қалар,
Тұмадай – Өлеңі!
О, мұны ұқпайды қасқалар,
Білмейді ел оны!
Өтінем сөкпеңдер ғарышты,
Құс жолы – ауыр ғой!
Егерде былғанса жер үсті,
Ақынның өлеңі жауын ғой.
Өтінем сөкпеңдер ақынды,
Бұйығып күн кешер...
Өтінем сөкпеңдер ақынды,
Аспанмен тілдесер.
Бұл әлем – жалғыздың майданы,
Ол кетті, сен қалдың...
Бүгінгі ғасырдың ойлары -
Опасыз уақыт жеңді әлгі...
Біз, бәлкім, ақымақ шығармыз,
Ақылды – Қасқалар!
Ғайыпқа сіңетін мұнармыз,
Ех, мұны түсінбес басқалар...
Алматының аспаны
Алматының аспаны жылап тұрды,
Тал-жапырақ жамырап құлақ түрді.
Сағыныштың көз жасы... кім біледі,
Ол да мүмкін сағынар,
Бірақ кімді?!
Алматының аспаны көлдейді екен,
Әлденеге ол да бір шөлдей ме екен.
Саратан да шөлдеген сергелдеңге,
Сол көз жасын сусын ғып бермей ме екен!
Алматының аспаны бұлайды екен,
Тәңір жақтан мөлдір мұң құлайды екен.
Мөлдір мұңға балконнан бетің тоссаң,
Көңіліңде бір сезім тулайды екен.
Алматының аспаны себелейді,
Мұны бірақ тұрғындар елемейді.
Адамдарды аяймын қолшатырлы,
Мендік сезім оларды бөлемейді.
Көктен жауған жаңбыр ма, сезім бе екен,
(Еске түсті еліктей кезің көкем)
...Алматының аспаны жылап тұрды,
Алматы ма, жылаған өзім бе екен!!!