- Негізгі бет
- Поэзия
- Тұрсын Жұмаш: "Қорланым-ау,...
Тұрсын Жұмаш: "Қорланым-ау, арман құсым көктегі"
Киелі Егіндібұлақ өңірінің тумасы, Балқантаудың ерке ақыны Тұрсын Жұмаш небәрі 36 жасында өмірден өткен. Өлмес жырлары жүйрік уақытпен бірге жасап келеді.
«Жыр-Жауһар» поэзия клубының жас ақындары Е. Қуатбек, Е.Елеусізұлы бірігіп Балқандауда арнайы іссапармен болдық. Н.В. Гоголь кітапханасында кешін өткізіп, шағын кітабын шығарып, алғашқы мүшәйрасын да өткіздік. Егіндібұлақтың бір көшесін Тұрсын ақын атына сұрадық. Қазірде көше атын рәсімдеу жұмыстары жүруде. Оңайгүл Тұржан апайдың көмегімен «Тұмар» журналына шығардық. Фариза апайдың пікірін сұраған едік. Өкінішке орай ауырып жатыр екен. Фариза ақынның пікірі бұйырмады.
Ақынның жары Айнагүл, балалары Медет пен Ләйлә Астана қаласында тұрады. Бар ғұмырын Балқантауда өткізген ақынның өлмес жырларымен республика оқырмандары бұрыннан таныс. Е. Раушанов, Ж.Нәжімеденов, С.Ақсұңқарұлы ақын шығармаларын жоғары бағалаған. Ақын рухына тағзым болсын деген ниетпен Тұрсынның қаламының қарымын танытатын, ерекше қырынан көрсете алатын «Қорлан» атты циклдік топтамасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Жәлел Шалқар
Қорлан
(Циклдық топтама)
"Миымдағы қиялымның қолымен"(Ж. Жақыпбаев) мен Сені осынау жарық дүниеге өткен жылдың алтын күзінде тудырған едім, аяулы Қыз-Қорлан... Зымырап күндер, жылжып айлар өткен сайын Сен мен үшін қыбырлаған пенде баласының көзбен ішіп-жеп, қолмен ұстаптамсанып - тамашалауына көнбейтін Музадан он сегіз мың ғаламның ең бір сырлы да назды жұмбағына айналып барасың... Бір қызығы осы топтама жазылып біткен өткен күздің жаңбырлы бір түнінде Сен түсіме кіріп едің-ау.. "Қош бол" дедің маған "Мен енді өз ел-жұртыма – АСПАНҒА қайтамын, жабырқама" деп ғайып болып бара жаттың... Оянып кетсем, жанарым жасқа толып, кеудемді өксік буып жатыр екем... Арамыз тым алшақтап кеткендіктен болар, көп ұзамай қатты ауырып, ауруханадан бір-ақ шықтым...
Автор
Қатып қалған қағиданың қалпын бұз,
Махаббаттың кереметін бол, ұқтыр!
Қорланыма жолықтырсаң, Алтын Күз,
Мына жарық дүниеде жолықтыр!
Мені іздеп жүрген шығар Ол - дағы,
Сағынышы түнде қірпік ілдірмей.
Қолдарыма тиіп кетсе қолдары,
Жылар едім тірі жанға білдірмей...
* * *
Ойлар келіп мазалайды не түрлі,
Жапырақтар сырғаларың секілді...
Күздің суық тамшылары сүйеді,
Көптен бері Қыз сүймеген бетімді!
Жаздан шығып, жеттім Күзге мен есен,
Саған арнап жыр маржанын көп тердім.
Көзіме бір көрінбейсің Неге сен,
Төлегенсіз Қыз-Жібекті көп көрдім...
***
Қорлан менің оқыдың ба, Хатымды,
Өлеңдерім көзіңе оттай басылып.
Қорланым-ай, Сендей қыз жоқ ақылды,
Асықпайсың, ал мен жүрмін асығып.
***
Қорлан, Қорлан, Қорланым-ай,
Қорланым,
Сенсіз алға баспай қойды ісім бір.
Рас болса бұл дүниеде болғаның -
Маған қалай жолықпадың түсіндір?!
***
Аспанымды шарлап қайттым мен кеше,
Түні бойы көше кездім тынымсыз.
Көрінбедің... Жоқ болғаның ендеше -
Ирангүлдер арасында бұрымсыз...
Саған арнап Өлең жазып, айтам Ән,
Тауға кетем таң алдында оянып,
Қазір Күз ғой, Көктемде де байқағам,
Табиғат та тұрады екен боянып!
***
Шықтым бүгін Балқантаудың басына,
Сенсіз өмір бара жатыр бүлініп,
Көрінбейтін Құдай келіп қасыма,
көп қарады жанарыма үңіліп...
Қайда жүрсің, адамым-ай, ең ізгі,
Жұдырықтай ақын жүрек ат ұрып...
Мен де жақсы көруші едім Теңізді -
Мүмкін Сені Нұх пайғамбар шақырып...
***
Біз туралы ғажап аңыз тарайды,
Біз туралы айтады Олар асырып...
Көрінбеші... көрінбеші... жарайды,
Ақ жүзіңді жүре берші жасырып.
Осы Сенен неге бір Хат алмаймын?
Бір хат жазшы мына мені түсініп.
Мен Сені емес. Мен өзімді алдаймын,,
Көрінбейтін... Сені есіме түсіріп!
***
Сені ойласам кетем мүлде өзгеріп,
Аспандағы Алламен де тілдесем.
Жылдам естіп. Қатты күліп, тез көріп
Отыратын көріпкелмін, білмесең...
Махаббатқа сенбейсің бе, сенбесең -
Жүрегімнің ішіндесің - бөліп көр!
Сені ғана емдей алам, емдесем,
Сені ғана көретін мен Көріпкел...
***
Орындаймын мейлі менен не тіле,
Көрейінші Отқа, Суға түсіп бір!
Ай сәулесін түсірмейін бетіңе,
Жанып кетпе, алақаным ысып тұр!
Мен қандаймын, көзіме бір қарап қал
Сеніп қалма, Менен басқа пендеге.
Біз ішпеген неке суы - Шарап бар,
Мені Хафиз, Хаямдардан кем деме...
***
Құдай Сені көрсетпесе көзіме,
Көрсете ме қанатына Құс іліп?
Қорланым-ай, жылап өлең-сөзіме,
Жүрсең болды мені есіңе түсіріп.
Уақыт өтеді, өтеді-ау тоқтамай,
Үлгерсем болды тек айтуға...
Өмірден өтермін. Өмірден өтті Абай,
Ол жақтан болмайды қайтуға...
***
Жылағаның жүрегіме тұр батып,
Аспан жаққа кетейікші, асып Қыр.
Көз жасыңды қолдарыммен құрғатып,
Кең кеудеме тұрайыншы басып бір!
Қара көйлек ақ жүзіңе жарасып,
Көлеңкеңнен көрінеді пәктігің.
Аспаннан да кетейікші әрі асып,
Сәрсенбінің күні бүгін - Сәтті күн!
Жұлдыздарды шашайықшы уыстап,
Айды да бір таңдырайық есінен -
Ойланбайық, ойнайықшы қуыспақ
Махаббатсыз қызық Өмір несімен?!
***
Жаным, Сені сүйе алмаймын Пендеше,
тиын санап, гүлін бұлдап сыйлаған...
Адам-Ата, Хауа-Анамыз еңдеше,
Қайта кетіп қалсақ екен, қиналам...
Білем Сенің көңілінде бір мұң бар,
Маған ба, әлде, жүрсің кімге өкпелеп?!
Бізді қалай, қайдан ұқсын тұрғындар -
Біздің ойлау жүйеміз де көп бөлек...
***
Мен бір апта азап шектім, аз күлдім,
Қоштасарда мені бекер жазғырдың.
Мені тірі жүрсін десең, түсінсең -
Маған лайық бір ауыз сөз, жаз құрбым!
Ақындарға жарасады ірілік,
Қандай бақыт жүрсе бірін-бірі ұғып.
"Ұмыта алмай жүрмін Сені" деп жазсаң -
О дүниеден оралар ем тіріліп.
Сен мен үшін айналдың ба елеске,
Қорланы жоқ мына Тұрсын - серінің!
Бұйра толқын бұрымдарың емес пе,
Тұзға айналып бал татыған ерінің...
* * *
Сырымды айтып жатыр өлең ашып бар
Тәтті сезім жүрек қылын шертеді.
Бір-біріне қосылмайды ғашықтар,
Шын махаббат болса да Ол - ертегі.
Төлеген жоқ, Қыз-Жібектің бары анық
Қорлан, менің құлақ қойшы сөзіме.
Аққу-қыздай сыланып бір таранып,
Көрінбейсің неге менің көзіме?
Балқантауға қайта оралып Күз келді,
Қол ұстасып кетейікші асып қыр.
Ақ қайыңдар көріп мына біздерді,
Қуаныштан теңгелерін шашып тұр!
Жапыраққа айналыпты теңгелер,
Алла демін сіңіріпті Ауаға.
...Бізді неге ұнатпайды пенделер,
Айтыңдаршы, Адам-Ата, Хауа-Ана!
Аспан жаққа серуендеп қайтайық,
Қарағым-ай, қабағымыз ашылсын.
Армандайық, Әдемі әндер айтайық -
Бұлт ішінен күміс күлкің шашылсын!
Көз жасымыз көзімізден бұршақтап,
Ғалам бізді ғажап ойға қалдырсын.
Бұл Әлемді бір құдырет тұр сақтап,
Біз кетейік, ол ұйқысын қандырсын...
***
Көгілдір тауларды көрдің бе, қарашы,
ай жақын, Айнам-ау, алыс Күн.
Өрт шығып кетпесін... ақырын тарашы,
Шашыңның ұшында бар ұшқын...
***
Сеніменен аталмай қатар атым,
Қор болдым-ау, Қорланым, махаббатым,
Халықтың аузында бір аңыз бар -
Екеуміздің атымызбен аталатын.
Түсіріп бір ғажайып күйге мені,
Күйдіріп қиын болды-ау, сүймегені.
Жұлдыз шығар, қолыңда жүзік болса,
Күміс шығар, болса егер түймелері.
***
Қорланым-ау, арман құсым көктегі,
Қол созып ем, қолым саған жетпеді.
... Біз екеуміз жүрген жерге шөп шығып,
Сенің қолың тиген ағаш көктеді.
Сен туралы сенемін бар Аңызға,
Тазалық пен Адалдық арамызда.
Біз Олардың қателігін кешірсек -
Олар біздің тұз сеуіп жарамызға...
***
Махаббатты түсіріп сергелдеңге,
Кетіп, қайта оралдым Елге менде...
Мен Ақын болмас едім, дүниеде -
Қыз-Қорланның барына сенбегенде.
Өтіп жатыр... бұл өмір тоқтасын ба?!
Ойран болған ойларым көп басымда.
Әйтеуір, жүрмегенің анық Сенің -
Көп әйелдің бірі боп От басында.
Көрсетпей... көзден жас ағызғанда,
Болжаусыз ұрынып тағы ызғарға...
Мен кетсем де, Өмірде сен қаласың -
Сен туралы мен жазған аңыз барда!