- Негізгі бет
- Поэзия
- Тұңғиықгүл сенің ғана...
Тұңғиықгүл сенің ғана жанарыңда өседі...
Соңынан біраз оқырман ерткен Мұрат Шаймаран өлеңдері кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Қазақтың тамырлы, қасиетті өлең өлкесіне шығыс шайырларындай жырлап енген ақын лирикасы жүрегіңді шымырлатып, өз жылымына тартып әкетеді. Енді ақынның сиясы кеппеген, шынайы сезімге толы махаббат жырларынан сусындаңыз.
***
Бейтаныссың және сондай таныссың,
Күндей нұрлы болғаныңмен, алыссың.
Жүрегімді өрттей жаулай береді,
Жанарыңнан шашыраған әр ұшқын.
Сен көктемсің,
Күреңіткен мен күзбін,
Сені іздедім жанарынан әр қыздың.
Жапанда өскен жалқы дарак секілді
Жалғызбын-ау, жалғызбын-ау
Жалғызбын...
Мен кетермін,
Ашар аспан саңылау,
Ақыл – дұспан,
Жұрт табашыл,
(бәрі жау!)
Түпсіз терең көздеріңмен киылып,
Қарамауың керек еді, жаным-ау.
Сенің көзің – менің мұңым көлкөсір,
Әр құрағы айтатұғын желге сыр.
Мен күзбін ғой, өртке оранған өртеңмін,
Жандым, бітті!
Сен себепкер, кел де өшір?!
Ескі дерті, судай жаңа мұңы бар,
Есалаңмын,
жо, жоқ, кел ме! (кім ұғар...)
Мен күзбін ғой,
көктем мен күз тым алыс,
Ақпан келер, бәрі тынар, суынар...
***
Үңіл маған?!
Кектен мейлі...
Үңілме,
Мен өзіңе тәуелсізбін бүгін де!
Бір жұмбақ қыз сыбызғысын сыңсытып
Отырады жүрегімнің түбінде...
Тыңдашы сен,
Үні дерсің бүлбүлдың,
Мұңы дерсің жастық деген құрғырдың...
Гүл ернінен ұшқан лағыл әуендер
Кысқы кеште ай нұрындай сыңғырлы.
...сол аспанды есіңе алшы түн жапқан,
Тыңдашы сен, әуездерді тіл қатқан –
Менің сарсаң сағынышым секілді
және қайғым салмағындай мың батпан...
Тыңдашы сен,
сан бөледі ұйқымды,
(сен де сондай жан едің-ау сүйкімді...)
Тыңдашы сен!
Күймеу,
Сүймеу мүмкін бе
Жүрегімде жүз құбылған сиқырды...
Сол дыбыстар,
сол тағдырлар әр қилы,
У боп тарап шанағымды шарпиды.
Сыбызғышы қыздың балғын демінен
Жасым тамған жусан иісі аңқиды...
Асқақ едім,
Аласардым,
Жеңілдім.
Шайыр едім, шайнап бітті жемір – мұң.
Сол қыз тартқан сыбызғының сазымен
Кетіп барам биін билеп өлімнің...
***
...Өзгеріп сала берді өмір нағып?
Барады үміт билеп,
Көңіл жанып.
Сен маған Муза болып келдің бе рас,
Кіршіксіз қанатыңды жеңіл қағып?!
Кел бері,
Музасың ба?
Сендір мені!
Көп болды көк өзенде сең жүргелі...
Музаның жанары да жақұт па еді,
Сенің мойыл көзіңдей мөлдір ме еді?!
Муза да сендей ерке кекілді ме,
Түр-түсі, күлкісі де өтімді ме,
Шаштары шаштарыңдай қарамақпал
Кешкі теңіз толқыны секілді ме?!
Кел бері,
Жанымнан ал мәңгі мекен,
Музасың!
Сенемін мен енді бекем.
Дауысы сенің сәби дауысыңдай,
Сымбаты сәмбі талдай сәнді ма екен?!
Құлпырған саулесінен гүлдің өңі,
Музаның сендей көркем күн – жүрегі.
Өзінің кірпігінде моншақ бар ма,
Моншағы мұңы ма екен, кім біледі...
О, менің жап-жас арман, махаббатым,
Кел бері,
отырмайсың неге жақын..?
Мәңгілік ештеме жоқ адам үшін,
Музасы қайтқан күні өледі ақын...
***
Жүрек, неге жүдеусің сен, неге сонша наласың?!
Өшкен отты жандырам деп босқа әуіре боласың.
Алсұрып адасасың, көп есікті қағасың,
Байлауы жоқ тіршілігің тірек болар дейсің бе,
Бейнеті мол ақыныңды қайда бастап барасың?!
Аспандағы айға қара, бетінде ұлкен дағы бар,
Көркем күнге колы жетпей, қамығар һәм шағынар.
Күн менен Ай қосылса егер...
Бүкіл ғалам шағылар,
Аңыраған сағыныш та аққан жұлдыз секілді,
Ынтықтарды қоспайтұғын Алланың өз заңы бар.
Соны оқисың махпузыңа нені жазса бұ Шебер,
Жанар таудай жан атылып, өртке толса іш егер,
Көз жасыңмен ашытылған у шарап бар, іше бер!
Махббатқа маужырап бір тұрмас па еді дүние,
Жүрсе мынау пенделерге әміріңнің күші егер...
Дабысыңмен түріп тастап түннің қара түнегін,
Көру қандай бақыт еді жұмақ – аспан реңін.
Жалын сөнер,
жарық бітер, сен де солай...
(білемін)
Сүйе алмасаң дүние – тұл,
сүйер болсаң – мұң екен,
Жырла, жырла,
жыла, жыла, менің Хафиз – жүрегім...
***
...сөз сиқыр жазбайма екен жараны да.
Мағжан
Менен осы не тілейсің?
Сөз бе?
кәні, көрейін,
Сол сөз теңіз түбіндеме, сүңгиін де, терейін.
Інжу сөзді іліп алып қайта саған келейін,
Кірпігіңнің әр талына тізіп-тізіп берейін.
Қандай сөзбен сыилар екем – терең және еңселі,
Өмір деген – қасиетті сөйлемдердің бөлшегі.
Жапырақ та табиғаттың жазып берген сөзі ғой,
Жасыл жібек көйлегіңнен аумайды екен ол сенің.
Ләләгүлі,
Далагүлі – әсемдіктің ұғымы,
Менің сөзім мың бояулы сол гүлдердің шырыны.
Ақжаңбыр да аспан жақтан ағытылған сөздер ғой,
Сыңғыр – сыңғыр бұлақ сөйлер...
Ол да сенің бұрымың.
Көркем тілмен күн сөйлейді, тіршілікке ым қағып,
(дидарың да күн секілді кетуші еді нұрланып)
Ғарыш жақтан құлайды сөз, сәулелермен бірге ағып,
Жүрегіме енеді сөз, өзге жаннан ұрланып...
Ол жұмбақ сөз – сүю деген,
ол қымбат сөз аса бір,
Дерті қалың,
өрті жалын, құпясын аша біл...
Жұрт үшін ол арзан болсын, мен үшін ол ұлы сөз,
Сол сөзді мен саған берем, ару арман, жас өмір!
***
Желтоқсан,
Желің сенің желөкпе ме,
Лашығым болды саған керек неге?!
Жабысып тереземе ызыңдайсың
Ұлыйсың жұртта қалған төбеттердей...
Жатқандай маң далаға сөзің өтіп,
Алғансың бір бәлеге өзің бекіп.
Беймаза дүниенің қыл ішегін,
Тартасың уілдетіп, безілдетіп.
Жалғызбын.
Білтелі шам қарауытып,
Жарықты жалқын ақшам алады ұтып.
Топырақ,
О, топырақ,
Туған топырақ!
Естілмей бара жатыр хабарың түк...
Жанымды менің нәзік қыстай қарып,
Жалған дүние қолымен ұстайды анық.
Кеуде деген қапасты тасталқанғып,
Жүрегім ұшып кетсе құсқа айналып.
Аязың аттан түспей тұрғанда нық,
Желтоқсан, сен билейсің бұлғаң қағып.
Жүрегім құсқа айналып ұшып кетсе,
Кіп- кішкентай қанатын жылдам қағып.
Ғарып қала қарасын қанша аларып,
Қара аспанның кетсе де моншағы ағып,
Жүрек – құс самғай ұшып,
Талмай ұшып,
Бабамның моласына қонса барып...
Жатқандай маң далаға сөзің өтіп,
Алғансың бір бәлеге өзің бекіп.
Санамда сартап болған сағыныштың
Тартасың қыл ішегін безілдетіп...
Желтоқсан, желің сенің желөкпе ме?!
***
Сен мені жібер!
Тұра алмассың, сіра, мені ұстап,
Сен мені жібер!
Қоя бер тауға табыстап.
Көлбеген көкшіл мұнарға сіңем, жоқ болам,
Шақырма қайта дауыстап!
Өзіме қайтар тәңірім берген еркімді,
Көресің сосын қыран қанатындай серпінді.
Байғұзға шағам баянсыз бақыт жәйлі мұң,
Жалбызға орап басамын жанған өртімді.
Сен мені жібер!
(тағдырым солай бұйырды)
Тас болып суып,
Топыраққа ұсап жылимын.
Тұп-тұнық айдың дидарын түртіп тұмсығым,
Ақшуланмен бірге аспанға қарап ұлимын.
Күтеді мені сәбидей аңғал таңдар ақ,
Күтеді мені қыз – қайың ұзақ жол қарап.
Жұлдызға ұшам даланың ыстық демі боп,
Оралам тағы сүт сәуле болып сорғалап.
Сен мені жібер!
Тегіме қайтам әуелгі,
Қайырымсыз қала:
Сұлулық өлді,
Бәрі өлді...
Тұмадай кірсіз, мұхиттай ұлы мұңыммен,
Мен сияр жүрек жоқ енді.
Мүлкіңдей көрме өзіңе ғана бекінген,
Күлкіңдей көрме шаттыққа шып-шып лепірген.
Сен мені жібер!
Ғайыптан келгем мен саған,
Ғайыпқа кетем...
Өкінбен.
***
Қандай әсем гүл едің сен,
Қай топырақтан жаралдың?!
Көңілім – көл,
Жүрегім – сең,
Азабы көп адаммын.
Әр көктемде бүршік атып,
Гүлдейсің сен шоқтана.
Жүрген жырмен жан жұбатып,
Дертім қалың,
Жоқ дауа.
Ернің – роза,
Жаның – ләлә
Демің жұпар еседі.
Тұңғиықгүл сенің ғана
Жанарыңда өседі.
Көзді арбайсың мың түрленіп –
Бәрі ғажап келісім.
Баратқанда жалын сөніп,
Гүлді сүйдім сен үшін.
Гүлдейді де семеді өмір,
Жетер ажал – соңғы сәт.
Қабіріме өнеді гүл,
Тұрады гүл сен құсап...
***
О, махаббат!
Қапа көңілімді қарық қып,
Қап-қара түнді нұрландыр,
Жібер жарық қып.
Өзегі жалын өмірге қайта жетеле
Ақынды мынау аңсап бір жүрген тамұқты.
Тәу етер менің құбылам болып көріндің,
Шуағы күшті шұғылам болып төгілдің.
Қаншама нәзік болсаң сен, сонша батылсың,
Кес-кестеп алдын тұра алатұғын өлімнің.
Гүлдердің тұрдың қауашағында үлбіреп,
Сәуле боп айдан төгіліп жаттың түнде үдеп.
Мың толқын ойнар теңіздей кеудем бар менің,
Мың толқын деген аптығы бөлек мың жүрек.
Дірілдеп тұрдың ғашықтың ынтық сөзінде,
Сыбырлап тұрдың ғаламат үнмен сезімге.
Мөлдіреп тұрдың таңғы бір таза шықтайын,
Мен сүйген сол бір көгілдір қыздың көзінде...
О, махаббат – жанымның оты, өшірмен,
Адам боп онда жер басып жүрем несін мен.
Ермен боп аңқып,
Жусан боп жұпар шаштың сен,
Алыстан сонау – мен туған дала төсінен.
О, махаббат!
Сен тартқан сиқыр күйменен,
Аждаһа сынды ажалдың өзі билеген.
Мұңым да сенсің,
Ғұмыр да сенсің мәңгілік,
Мен кетсем, кеттім,
Өзіңді көрге сүйремен...
***
Аға, сіз ғашықсыз ба?!
Шалқар
Махаббатқа мәжнүн болған, бозбала,
Ағаңдағы ескі дертті қозғама!
Өмір деген таң мен кештің арасы,
Өмір деген қас-қағым сәт аз ғана.
Күйгем, сүйгем,
лапылдағам,
өртенгем,
Мөлдір-мөлдір бақыт күткем ертеңнен.
Жауқазындай жаның нәзік махаббат
Менің көңіл көктемімде ерте өнген.
Сағым күндер...
Саясы мол тұнжыр бақ,
Жұлдыз жапқан жаздың түні тым қымбат.
Ай астында сүйем деген сан ару,
Айсырғасы сыңғыр... сыңғыр... сыңғырлап.
Тәтті түстей көрген таңның алдында,
Сөнді бәрі...
Жанып-жанып алды да.
Кінәсі жоқ, кірсіз таза жастықтың,
Талай тамған көз жасы көк шалғынға.
Ай-хай, жасық қалдырғанмен бізді ұмыт,
Көкірегімде жүрер көркем қыз күліп –
Бұл ғаламды құтқарардай ғашықтық,
Бұл ғаламды құтқарардай ізгілік...
Сен ғашықсың,
Жүдеме һәм тасынба,
(Сенен де әрмен ынтызармын, расында)
Жанар таудай атылғанмен бір кезде,
Алатаудай қарым жатыр басымда.
Күнге қарай талпынатын сен гүлді
Көріп пе едің?
Қараша кеп солдырды.
Сүю деген мұң екен ғой, мұң екен,
Өліп өшіп сүйем әлі мен мұңды.
***
Бозарған Ай
қара аспанда баяғы...
ойсыз, мұңсыз бара жатыр жай ағып.
Мен ояумын,
Әйнегіме асылып,
Сүт сәулесін жаяды.
...өрікпімей өткен емес еш түнім,
Ту алыстан дауысыңды естідім.
Онсегізбен бір қиырда қалса да,
Су жаңа боп оралады ескі мұң.
Өткен өмір, өткен елес,
жоқ өлген!
Ертең қайта бас көтерер тереңнен.
Жаңарған да дәнеңе жоқ мен үшін,
Мен үшін де ештеме жоқ көнерген.
Ескі күннің есігінде – тас тығын,
Тарқамаған бірақ көңіл мастығы.
Баяғыдай терезеңнің алдынан,
Ән сап өтер жастығым.
Әттең, соны сезесің бе,
(ділгірмін)
Сусып түсер алақаннан шылбыр – күн.
Құстөсекте сен жатарсың хұсыни
жамалыңда көлеңкесі бір мұңның.
...кірпігіңе тамшы ілінді,
О, неге?!
Солбір әнді қайталағың келе ме?!
Айдай нұрлы жан едің-ау бір кезде,
Айдай салқын болатынсың және де...
***
Ақында адамзатта дос болмайды...
Мағжан
Салыңдар мұңды бір әнге,
Құйыңдар шарап толтырып!
Сүюден өзге кінам не,
Кететін мені өлтіріп?!
Кірленген өмір, ластанған,
Мен қалар енді жоқ тұрақ.
Жарқ етіп көктен басталған
Жанымды жасын соққылап –
Өлтіріп кетті-ау...
Өлімін,
Жүрегім ұшты аспан жақ.
Көлеңке түстес көңілім –
Көл аңсап ұшқан қасқалдақ.
Суындым,
жандым,
өртендім,
Жазаңды айт, Тәңір, кесікті ет!
Күркесіз қалған көркемдік
Жүрегімде қалды көшіп кеп...
Өлтіріп кетті-ау,
Өлімін,
Шашылып қалды сүйегім.
Жүрегім тірі – өмірім,
Көрдеде де жатып сүйемін.
Тәрк етсем нұрсыз мен күнді,
Айтпаңдар ажал жеңді деп.
Паналар екен ол кімді
Бейнеті қалың сол жүрек?!
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет:hg-wallpapers.ru, baidu.com, win8art.com, poezia.com
Қ. Қауымбек