Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясы әлем назарында

Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясы әлем назарында

Тоқтарәлі Таңжарық есімін қазақ поэзиясында үлкен де, кіші де білері анық. Бүгінге дейін республикалық басылымдарда өлеңдері мен мақалалары үзбей жарияланып келген ақынның осыдан 4 жыл бұрын "Жалын" баспасынан «Түн парақтары» атты шағын топтамасы жарық көрген болатын.

Таяуда ғана бір ағамыздан «Естідің бе, Тоқтарәлінің жинағы Еуропада жарық көретін болыпты» деген хабар естіп, ақын ағамның өзіне хабарласып ем, «Иә, солай боп қалды» деп отыр әзілдеп.

Бұл деген қуаныш қой! Бүкіл қазақ ақындары үшін қуаныш!

Ақын өлеңдері «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында поляк тілінде Польша елінен шығатын болыпты. Кітап алдағы жылдың наурыз айында баспадан шығады екен. Бүкіл Орта Азиядан талданған бір ел, бір ақын. Бір ел – Қазақстан да, бір ақынның топтамасы – Тоқтарәлі Таңжарыққа бұйырыпты. Жазған жырың әлем тілдерінде сөйлеп тұрса, ақын үшін мұндай қуаныштың шегі жоқ әрине.

Алғашында ақынның «Өртелген мешіт», «Орман», «Гүл», «Иек сүйеу» қатарлы жырлары аударылып, әлдебір басылымнан жарық көрсе керек. Сосын ақынның өзіне хабарласып, жинағын жолдап беруін өтініпті.

Бұл конкурс аясында Эстония, Венгрия, Швеция, Болгариялардан да бір-бір ақынның жинағы баспадан шығу алдында.

Еуропа елдерінің Түркі тану орталығының жауаптысы Генрих Янковский хабарласып, ақынды 2014 жылы Польшада өтетін ақындар фестиваліне құрметті қонақ ретінде шақырып отыр екен.

Жортқанда жолың болсын, Қазақтың аймаңдай азаматы, ақын ұлы!

Өртелген мешіт

Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?

Үйі өртелді Алланың.

(Түсім емес, өңім бұл).

Жанарымда боталап жазулардың елесі,

Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.

...Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,

Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.

 

Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,

Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.

Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,

Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.

Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,

Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.

Өртке сүңгіп барамын...

 

...Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,

Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.

Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,

Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл...

Гүл-І

Түн. 
Балауыз шамның әлсіз жарығы
Жалауын жел жыққан кемедей
Қиялымызды иенге сүйреген.
Ұмыта алмайтындығымыз бен
ұмытуға болмайтындығын да елемей,
санамызды мағынасыз әуендер билеген...

 

Әйтсе де бір буда қызыл гүл
ұсынар едім мен саған,
Бірақ, сен таңырқамайсың
дала гүлінің иісіне.
Иә, біздің сезім
Өзіміз ойлағаннан да «сараң»,
Тіпті оны қуат та қалмаған түйсінер.

 

Біздің бұл ауыр да азапты халімізді ұғар кім?
Сен нені аңсайсың, жаным,
көзіңді үн-түнсіз әйнекке қадап.
Бәлкім, біз бір күні ұмыта алмайтындығымыз бен
ұмытуға болмайтындығы үшін егіліп жылармыз...
Бірақ, ол кезде тым кеш болар!
Жасымыз көкірегімізде бүр жарған
қауашақ гүлдің жапырағына
аппақ қырау боп қонар...
Сосын, ол да солар!

 

Гүл-ІІ

...Солады сыйлауға жаралған гүлдер.
Дәл осы гүлдердей
қарашығымызда қуарып, солар күз.
Әрине, тым қиын өткенді ұмыту мүлдем...
Бізде
ағыстар шайқаған
Мұзтаудай мүжілген болармыз...
...Қиялды тоғытып түнге,
Елесін іздейміз солардың.

 

Ал қазір іңір ғой қарс түйген қабағын,
Ынтық пен өксіктің қауышқан сәті
Немесе қураған гүлдердің сабағы,
Бояуы қалмаған жасыл...

 

Аппақ сүңгіден тамған мөлдір тамшыдай
Сенің жасың...
Көкірегіме шым-шымдап сіңген.
Сен енді қайтесің бұл түнге жылап.
...Қайтадан қауашақ жаяды гүлдер...
Бірақ,...
Бірақ,...
Бірақ,...

Теңіз. Ай. Елес

Көгілдір ай сәулесі астында буырқанып жатқан теңіз...

Толқындар сапырылыса шайқаған айдың «өлі» денесін.

Бәлкім, сол Ай - біздің ғұмырмен егіз,

Бәріміз шарқ ұра аңсаймыз өткеннің елесін.

Көкірегімізді қан-жоса ғып қадалған

Тіпті де ұмыта алмаймыз уақыттың улы жебесін.

 

Ай мен сол Елес.

Жылымға шөккен кеме.

Су бетіне шықпайды енді олар қалқып.

Сұңқылдап жалғыз ұшқан аққуды көрсең сен, егер,

Қанатын көгілдір сәулелерге шарпып;

Ол да біздей күңіреніп Елес дүниесін кезер,

Аласұрған сезімнің құшағында малтып.

 

...Бүгін теңіздің демі салқын.

Үн-түнсіз барамыз қайтып...

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: proza.ru мен жеке мұрағаттан.

Қ. Қауымбек