- Негізгі бет
- Поэзия
- Тоғыз жүз грамм...
Тоғыз жүз грамм немесе алтынның салмағы
Оқырмандарды жас ақын Жасұлан Серіктің шығармашылығымен таныстырамыз.
Жасұлан Серік Кенжебекұлы – 1992 жылдың 3 қыркүйегінде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1999 – 2010 жылдар аралығында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы №123 Т.Жүргенов атындағы дарынды балалар мектебінде оқыды. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті. «Көңіл көзіндегі қарашық» атты жыр жинағының авторы. Бірнеше Республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Өлеңдері баспасөз беттерінде жарияланған. Сайттар мен Ұлттық порталдарда жеке блогтар жүргізеді.
Тоғыз жүз грамм немесе алтынның салмағы
Күз. Қыркүйек. Сары дала. Суық күн,
Ата жолын, әке жолын қуыппын.
Құрсағына сыймаған соң анамның,
Жеті жарым айлығымда туыппын.
Қодарынан шипа тауып тағдырлар,
Жүкті анаға көмек етіп сан жылдар.
Мені көріп естен тана жаздапты,
Менің кіндік шешем болған доғдырлар.
Күн кешуім доқтырларға күмән боп,
Мен туыппын шырылдап та жылау жоқ.
Естен танбай қайтсін енді көрмеген,
Туған жанды тоғыз жүз-ақ грамм боп.
Анашымның жанарына мұң қадап,
Үн шықпаған маған бәрі мың қарап.
Әкешімнің қанын әкеп құйғанда,
Шар – шар етіп жылаппын кеп іңгәләп.
Жаялыққа құндақтапты мені орап,
Анам мені жыласам да аялап.
Туған-туыс күрсініпті мамасын,
Еме алмаған байғұс-ай деп мені аяп.
Сүтін беріп, деп жалынып: "Емші енді!", -
Анам үзбей үміттерін ең соңғы.
Туғандардың айтуынша ас қасық,
Көлеміндей болыппын ғой мен сорлы.
Елі атап жас болса да ақын дүр,
Баққа балап көрген барлық сәтін нұр.
Сөйткен бала мектебін де бітіріп,
Еуразияда бірінші курс оқып жүр.
Поэзияға кішкентайдан құмар мен,
Шабыт алып жүрегіне жыр - әннен.
Ал доқтырлар білмеген- ау салмағы,
Саф алтынның өлшенерін граммен.
Өмірінің жырдан іздеп жамалын,
Тіпті таудан биік болып талабым.
Абай менен Мұхтарлардай халқымның,
Саф алтындай ұлы болсам жарадым.
Үлкен жігіт – жылауық ұл кешегі,
Ақылы бар аз да болса көшелі.
Алтын ұлды дүниеге әкелген,
Анашымның маңдай бағы бес елі!
23.11.2010 жыл
Туған тіл
Анамның сүтінен,
Әкемнің қанынан дарыған.
Ұл едім ана тіл – уызға жарыған.
Әлдиін есітіп шешемнің,
Жөргекте-ақ өз ділім танығам!
Кей біреу өз тілін табалап,
Қор қылды-ау,
Өз - өзін темірге,
Өзгені алтынға бағалап.
Қаймана қазақтың әз тілі,
Біздерге,
Майқы мен Аяздан аманат!
Жыраулар толғаған,
Ақындар шалқытып сезімді.
Өзіңнен үйреніп,
Қиынға қалайша төзуді.
Аналар тербетіп бесігін,
Сәбилер сенімен көз ілді!
Туған тіл!
Жауларым бостырып,
Көш қылып Ақтабан.
Арманда ерлерім,
Елі үшін опат боп жоқ бо(л)ған.
Келіншек өз жарын,
Анасы құлынын сенімен жоқтаған!
Туған тіл!
Кей кезде өз мұңым, сырыма тұншығам,
Өрмелеп өрлерге шығуға ұмсынам.
Жар – жар қып бозбала – бойжеткен,
Кетер қыз сенімен сыңсыған!
Туған тіл!
Сенімен көз жасын,
Жан жасын құрғаттым.
Замана әлдиін тыңдаттың,
Туған тіл!
Дәл біздей ұрпаққа,
Тарих боп шежіре тіл қаттың!
Туған тіл!
Нәр беріп санама,
Айналған рухани панама.
Мәңгілік ғұмыр бер,
Тіліне қазақтың!
Көктегі, е, Алла Тағала!!!
15.09.2010 жыл
сурет: womenslife.info