Тәуелсіздікті жырлаған жас ақындар

Тәуелсіз елдің ұрпағы өз елін, азаттығын мәңгі жырлап өтеді. Олар тәуелсіздікті тәу етер жалғыз кием деп ұғады. Әр қазақстандықтың жүрегіне патриоттық сезім ұялатар мейрам қарсаңында сіздерді назарларыңызға жас ақындардың жалынды жырларын ұсынамыз. 

Қазақтың азаттығы мәңгі дастан 

Құдайдың құдіреті жаратқан жер, 
Көк майса періштеге жалатқан жер. 
Арылып сала берді пәк күйінен, 
Тарыдай тар әлемге таратқанда ел. 

Бөлісті бастарына, бөлшектеді, 
Жұлымдап жыртылуда жер шекпені. 
Бәріде еркіндікке таласуда, 
Баласын тастай салып емшектегі. 

Ауысып қанша ғасыр өткенімен, 
Таластың өте алмай жүр өткелінен. 
Қара жер кіндігіне бабам келді, 
Көк байрақ, көк тәңірі –көк бөрімен. 

Мыңдықтың мысын басып үркітіпті, 
Жонын да көрсетпепті түлкі тіпті. 
Қазығын қазақтықтың, азаттықтың, 
Ту етіп бал-бал тасқа түркі тікті. 

Төгіліп уақыт дейтін уыс құмда, 
Жатып жеп жатырыңды жымысқыңда. 
Ішіне құрт боп біткен сатқындықтан, 
Бір тыныш жата алмапты қылыш қында. 

Ботадай боздап жатыр дала біткен, 
Қара жер боздау үшін жаралып па ең?! 
Құдайдан басқасына бас имеген, 
Бабамның басын буды бұғалықпен. 

Ананың қан боп көзде жасы кепкен, 
Ханның да, хас батырдың басы кеткен. 
Шекесін қара жерге бір тигзібей, 
Бабамның домалаған басы неткен! 

Топырақ қан ішпеген бұлай қанып, 
Көрінде жатқан жандар шулайды анық. 
Көруге төсіндегін шыдамаған, 
Көк аспан жерге түсті шыр айналып. 

Көкке алып ханыменен, батырын да, 
Тыншыды сары дала ақырында. 
Азаттың алмасынан тамған қандар, 
Жетілді Жер-ананың жатырында. 

Сүйретіп қан қылышын қыс та келді, 
Жер-Ана толғатсын деп қыстап елді. 
Кетпек қой ұлын құлғып еркіндіктің, 
Мұзына отырғызып қыпша белді. 

Анамыз жан берісіп төзді бекем, 
Ессіздер кеудесінен езді ме екен... 
Мына қыс мың ғасырдың қанын жұтқан, 
Қайратты ала алмасын сезді ме екен?! 

Қайтадан бозінгендей боздап жерім, 
Баяғы шерін қайта қозғады өлім. 
Тарихтың тақтасына тас боп қалған, 
Тарихын мәңгі қанмен жазбақ елім. 

Желтоқсан әкелгенде қысы мұңды, 
Азатқа аққан қанның күші сіңді. 
Анасын еркіндіктің қорғап жатқан, 
Сары шұнақ аяздың тісі сынды. 

Гүлдеді гүлі қайта көп қабірдің, 
Жібіді кепкен қаны көк тамырдың. 
Жау біткен жер жастанды өйткені олар, 
Ұмытты бар екенін Көк тәңірдің. 

Көк бесті мініп сені өңгерем мен, 
Жүзіңе тамып көктен оң берем мен. 
Қазақтың азаттығы мәңгі дастан, 
Дүние есіңде тұт дөңгеленген!

Марғұлан Ақан

Қазақ 

Мен деген – 
Сырты сарғайған кітаппын. 
Мен деген – 
Жапырағы сарғаймас бұтақпын. 
Мен деген – 
Жүзі кетілген қылышпын, 
Мен деген – 
Жақын тартсаң туыспын! 

Мен деген – 
Сақ сілтеген семсермін, 
(Бес ғасыр мұңды, 
Бес-ақ жылда еңсердім) 
Мен деген – 
Батысқа тартқан ұлы көшпін, 
Мен деген – 
Көк Тәңірге ұлып өстім. 

Мен деген – 
Тереңнен де тереңмін, 
Салмағы – 
Ғарыштан ауыр өлеңмін. 
Мен деген – 
Толғамалы балта қолға алып, 
Топ бастаған батырмын. 

Мен деген – 
Боз жусанның бүріндей, 
Жаны жұпар ақынмын! 
Мен деген – 
Жауға атылған жебемін. 
Мен деген – 
Тәні болат, жаны қайыс көбемін! 

Мен деген – 
Ғасырлардың жүрегіндегі сызатпын! 
Мен деген – 
Бұғауға басы көнбеген – 
ҚАЗАҚПЫН! 
Ол аз десең... 
Азатпын!!! 
Иә, Әруақ!!! 

Тұрсынбек Башар

Дала 

Табы қалмай көңілде мұң-наланың, 
Құстарымның сызылған тыңдап әнін. 
Тартатындай еріксіз құшағына, 
Құдіреті бар нендей бұл даланың?! 

Кербез далам сырыңды шертесің көп, 
Желің – жібек, самала ерке есілген. 
Кезіп келем көк майса шалғыныңды, 
Тектілікті көшіріп кең төсіңнен. 

Сұлу таңмен алқызыл бірге ентелеп, 
Сәуле төгіп шығыпты Күн де ертерек. 
Адыр-қырлы даланың мөлдір сырын, 
Жел жымия жеткізді гүлге еркелеп. 

Кеудемде жоқ мұңменен кірбіңге орын, 
Сенен ыстық жоқ құшақ бір білгенім. 
Кермиығым көркіңнің дәлеліндей, 
Мына жатқан жайқалған қыр гүлдерің. 

Қаңқылдайды әуелеп қаздар ана, 
Аңқамды ашып салады сазға жаңа. 
Көдесіне күй тұнған, жусанға – жыр, 
Көзім тоймай қараймын әз-далама. 

Сазға толды тұп-тұнық өлең кеудем, 
Қасиетіңді айнымас көрем белден. 
Туған дала ұлыңа құт дарыса, 
Сол бір бақыт... білемін, сенен келген.

Жандарбек Жұмағұлов