Тәуелсіздік
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалқаман Сарин
Заңдылық
Бар әлемге сәуле шашса ғажап Күн,
Жаңа тыныс алып келер таң күліп.
Олай болса, алтын жүрек Қазақтың,
Таңбасынан Күн шығуы заңдылық!
Жарып шығып тас түнегін азаптың,
Шаңырақтан нұр сауласа, таң болып.
Әз-дүниеге ғашық болған Қазақтың,
Киіз үйді сүюі де заңдылық!
Арасынан соғыс пенен таластың,
Жеңімпаз боп шығатұғын паң болып.
Тұлпармінез, сұңқар болмыс, Алаштың,
Пырақтарын пір тұтуы заңдылық!
Ой найзасын жарқылдатса жасын қып,
Бір түйір сөз жарқырайтын шам болып.
Үйлесімді табиғатқа ғашық ұлт,
Гүлді өрнекті сүюі де заңдылық!
Киесіндей бақыт пенен азаттың,
Төбесінде жайнап тұрса сам тұнып.
Тәңірісін сүйетұғын қазақтың,
Зеңгір көкті сүюі де заңдылық!
Күнді күткен мекен етіп таң астын,
Көкейінде «дербес!» сөзі жаңғырып.
Періштеге ғашық болған Алаштың,
Қыран құсты сүюі де заңдылық!
Шаһарларын абат қылып, жасыл қып,
Келешекке көш түзеген мәңгілік.
Көктегенді көксеп жүрген асыл ұлт,
Аспан түсін таңдағаны заңдылық!
Құрсауында мың бұлқынып тозақтың,
Бас алаңды желтоқсанда қан қылып.
Жамандыққа жаны бөтен қазақтың,
Аман қалып, өсуі де заңдылық!
Алты құрлық, сан көршіммен жарастым,
Бәрі маған бас шайқайды таң қалып.
Жеңімпаздық тарихы да Алаштың,
Қайталанып келуі де заңдылық!
Ақберен Елгезек
Алаш
Олар...
Сонау қария ғасырда
Күмбезді көк етіп,
Төсекті жер етіп жаратқан даланың,
Көкпеңбек көліне шомылып,
Көгілдір тауына сүйенген.
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.
Құлжадай қыздары
Тобықтай төгілген шаштарын,
Семсердің жүзімен тарған.
Алаштың оғылан ұлдары
Осындай тамырдан қан алып.
Осындай құрсақта жаралған.
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп,
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.
Найзасы жасындай жарқылдап,
Жаңбырдай сіркіреп жебесі
Жауына тіл қатқан
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,
Бабасы тәрізді,
Даласы секілді аумаған.
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ,
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ,
Арманы –
Алатау құзындай талықсып көз ұшта,
Ажалы –
Керілген киіктей тым сұлу, тыс қысқа
Алаштың аймандай ұлдары!
Кеш түссе күңіреніп
Боздайды бұл дала
Боздақтар үнімен,
Білмейді-ау осы үнді
Бозөкпе ұлдарың,
Кіндігін кірлеткен,
Желетек қыздарың,
Білмейді-ау сол үшін
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын.
Тәуелді рухты
Тәңір де кешірмес,
Кешірмес жер басып жүруді,
Алланың әр күні "Азат" деп зарланар,
Алаштың оғылан ұлдары
Сол үшін мерт болып,
Сол үшін шәһит боп өлді олар.
Өлерміз ол рас,
Қабірден жолданған
Құдайдың хаты бар,
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар.
Атылған хаттар-ай
Қанаты тым ыстық,
Кімдерге жетті екен нүкте боп?!
Бес күндік бұл фәни
Бес құлаш матамен оралып,
Тым алыс қашыққа жолданар,
Өйткені біздегі
Өмірдің мазмұны
Өлімнің тілімен оқылар
Олар...
Алқымды сабадай
Ажалдың пырағын кісінетіп,
Алласын көрмекке
Аспанға аттанған ғайып боп,
Бұл неткен қайсарлық!
Өлсем ғой шіркін-ай,
Осылар секілді шәйіт боп.
Кеше...
Кеңестік бодандық
Менің күп-күрең қаныма суарып,
Қып-қызыл ту ілген
Кермек жасымды
Кекете сімірген.
Мен содан...
Алаш боп үзіліп
Азат боп қайтадан тірілгем,
Тірілгем...
Жусанның бұрқырап бүрінен...
Ықылас Ожайұлы
Менің атым –Тәуелсіздік