Ақындарды мен үш топқа бөлемін
Сүйкімді ақын шақтап алған көлемін
Ала көйлек, гүлді көйлек көремін.
Шайырларды «әйел ақын», «жақсы ақын»
Және «өте жақсы ақын» деп бөлемін.
Әйел ақын келген кезде сүйкімді
Ішімізде ойнап кетер күй түрлі.
Бақ пен бақыт бұрқыратып әтірін
Жай кетпейді, бұзып кетер ұйқыңды.
Жақсы ақын мен өте жақсы ақыннан
Мың есе артық әйел ақын аһ ұрған.
Қандай ғажап сүю деген сұлуды
Адамзатты адастырған ақылдан.
Ал мен осы үш топқа да жатпаймын.
Басқаға емес тек өзіме шақ қайғым.
Ақын емес өлеңшімін жай ғана
Менен басқа көтеруге бұл атты
Қарағым-ау, ешбір «ақын» батпайды, - деп жырлаған екен орыстың Юнна Мориц деген ақыны. Бұл менің аударма өлеңім. Менің ойымды Юнна менен бұрын жеткізіпті. Менің өзіме ғана аян әлеміме хош келдіңіздер! Мен ақындықты мінез, ал мінезді тағдыр деп ұғамын. Ақынды мемлекеттен алған қаптаған атақтардың тізімі құтқармайды. Ақынды өзі жазған өлең мен уақыт қана арашалап алады. Дүниедегі ең аяулымды алдарыңызға жайып салдым.
Автор
Осылай да адам сағынады екен
Осылай да адам сағынады екен,
Сағынады екен, Тәңірім!
Жылауға себеп табылады екен
Жүрекке жүрмей әмірің.
Мүмкін екен ғой құлай сүюің
Құлай сүюің абайсыз.
Жүректің Сізді бұлай сүюін
Байқамай жүрсіз, қалай Сіз?
Көңілде неге тұрып алдыңыз
Тұрып алдыңыз мызғымай?
Хатыма, бәлкім, күліп алдыңыз
Күлмейтін шығар Күз бұлай.
Тағдырым осы - шатпақтап шығар
Сөйлесе іште бір өкпе.
Атың аталса атқақтап шығар
Не болған мына жүрекке?
Жынданып адам кетеді екен ғой,
Жұтып алғандай жасынды.
Қас қағым бір сәт жетеді екен ғой,
Жоғалту үшін басыңды.
***
Бәлкім, менің болмысым бөлек шығар?!
Ал, сен қалай ойлайсың, зерек шынар?!
Бар-жоғыңды өмірде білу үшін
Әлдекімді сағыну керек шығар?!
Сыр сақтауға үндемей терек шыдар,
Жан іздедім жанымды ерекше ұғар.
Біз жолықтық. Маңдайға жазғаны – сол.
Өлең байғұс жай ғана себеп шығар.
Көңіліңде бір бейне көлбеңдесе,
Өлең, шіркін, сөйлейді өлген кеше.
Сағынышты мен ойлап тапқан жоқпын
Сенем оны ғарыштан келген десе.
Сүюдің де бар болар заңдылығы.
Еркелесем, оятам таң күдігін.
Бал қылығым сор болды... кешір жырдың
Ешбір заңға бағынбас әңгүдігін.
Жан табылмай өмірде сұңғақ одан,
Қиялымды ақ бұлтқа бұлғап алам.
Алабұртып өмірден өту үшін
Көңіліңде жүрсін бір жұмбақ адам.
Иығыңа сүйеп едім басымды...
Иығыңа сүйеп едім басымды,
Бүлік сезім бұрқ етті де басылды...
Тулатпай-ақ қояйықшы жүректі,
Шулатпай-ақ қояйықшы ғасырды!
Иығыңа сүйеп едім басымды,
Жан сарайым хан сарайдай ашылды!
Жүрек сорлы бұлқынысын жасырды,
Кірпіктерім күрсінісін жасырды.
Тазалықты сенен көріп тосылдым!
Адалдыққа болар едің хас үлгі.
Бар әлемнің сатқындығын кешірдім
Иығыңа сүйеген сәт басымды.
Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй?
Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй?
Үздіктірген бұл неткен еңілік күй?
Еркелеймін. Күлемін. Ынтығамын.
Сүйер болсаң, дәл мендей егіліп сүй!
Өртеніп сүй. Өзіңді жағып жібер!
Тамшы біткен қамығып ағып жүдер.
Бір бума гүл сыйлап кет іңкәрліктен
Тұмар қылып кеудемде тағып жүрер.
Алау жанар жел болып тисең егер,
Арманым не отыңа күйсем егер?
Күлім көкке ұшса да ештеңе етпес,
Таусылып сүй, сен мені сүйсең егер!
***
Сен кетесің. Кетер бірге жел сөз де!
Жалғыз досым жел қалады ел кезбе...
Сен кетесің. Күндеуші де жоғалар...
Күн қалады тек шуағы ғана бар.
Сен кетесің. Өмір кетер ілесіп.
Өлең қалар өмір үшін күресіп...
Сен кетесің. Мән кетеді тағдырдан
Мән кетеді Желден,
Күннен,
Жаңбырдан...
Мені сонша Тәңірге жақындатты...
Ақтар дағы жанымды жайып... түсін...
Толқын – тағдыр сынайды қайық күшін.
Ғайып құсым, сипайын маңдайыңнан
Сипайыншы... сен оған лайықтысың.
Бар екенсің! Мен соған шүкір дегем.
Сезімімді қайтейін шүпірлеген?
Мен – сен үшін Өлеңмін ең әдемі!
Сен – мен үшін Өмірсің лүпілдеген!
Сен де мендей: Жіберме! Алып қал!- де.
Сүйкімді боп көрінер ғаріп хал де...
Мен сен үшін – мәңгілік сағынышпын
Сен – мен үшін ең соңғы жарық сәуле!
Зарықтырды. Күттірді. Лапылдатты.
Өкіндірді... Өксітті... Мақұлдатты...
Сізге қарай ұмтылған әр сезімім
Мені сонша Тәңірге жақындатты...
Мың жылдан соң Өлең жылар солқылдап...
Бір жерлерде, бір сөнбейтін бардай Күн
Елегзимін... Кім бар мені алдайтын?
Сен қайтер ең халге жетсем бір күні
Сенсіз мүлде өмір сүре алмайтын?
Мен қорқамын өртенуден... жанудан...
Шатасудан... Мүлде есімнен танудан...
Сен қорқасың көп өлеңнің біріне
Қысқартылған әріп болып қалудан.
Бізге неге бұлдай берді көркін бақ?
Жатыр бізді ертең жұтар жол тыңдап.
Мен жылаймын...
Менен кейін сені іздеп
Мың жылдан соң Өлең жылар солқылдап...
***
Керегі жоқ жарықтың да, шамның да,
Сен отырсың сол әдептен оза алмай...
Өлең оқып отырмын мен алдыңда,
Жанымды оқып отырсың сен көз алмай.
Мың жүректі өртегенмен күйдіріп,
Бір жүрекке жетпей қалған дауыспын...
Кофе ішіп отырмын мен құйдырып,
Ал сен мені көзбен ішіп тауыстың.
Анау кальян, ал мен азап шекеннен,
Мына ғалам өзгермейді... сіз келіп.
Көше көйлек киіп алды көктемнен
Жақсы еді ғой шешіндірсе күз келіп...
Тағы да сол. Сол жағалау кафесі.
...Шығарып сал, күртешемді кигізіп.
Менікі емес, бұл көктемнің қатесі
Абайсызда алған беттен сүйгізіп...
Бақыт деген...
Сіз жай ғана әлеміме еніңіз,
Дәл мендей боп тарылады деміңіз.
Қайраңдағы қайран балық тұншығып,
-Өлдім!-десе, шын айтады ол, сеніңіз.
Бірінші боп хабарлашы көктемді.
Құтқарып қал ой түбіне шөккенді.
Бірінші боп «Қайырлы таң!» - дей салшы,
Керегі жоқ көп нүкте де, көп белгі.
Қарда өскен бәйшешекті қолда шын,
Ерте оянған, еркелік-ау, тоңбашы.
Бақыт деген таудай шығар деп жүрсем,
Бақыт деген нәрсе екен ғой болмашы.
***
Сен несіне мені сонша әуре еттің?
Әлеміңе мас боп кіріп, сау кеттім...
Сені сүйген мына жүрек жау маған,
Мен өзіме өзім келген нәубетпін.
Бұлтыңменен будандасып ұшқанмын,
Қадалмашы кірпігіме құшқан мұң.
Құстардың да құштарлығы қасірет,
Мен өзіме сенен де өткен дұшпанмын.
Ұшу үшін жаратылған құс едім,
Шырғаңызға өзім келіп түсемін.
Құса емін таба алмадым сондықтан,
Өзіңізді у секілді ішемін...
Мұңды желді босатайын еркіне,
Мұңды жырды босатайын еркіне
Аз ғана сәт аялдай гөр дертіме,
Аялдашы өзің қойған өртіңе...
Кешірдім...
Ту сыртымнан атқандарды кешірдім,
Сырт айналмай сатқандарды кешірдім.
Түнегіңді жарығыммен өшірдім,
Кешірімнен күн сәулесін өсірдім.
Талантымды кешпегенді кешірдім,
Күнге қарап өспегенді кешірдім.
Кешірімнен сағы сынар кесірдің,
Кесірден де көшсін дедім кесір мұң.
Аққа күйе жаққандарды кешірдім,
Күннен де дақ тапқандарды кешірдім.
Қап-қараның салшы десе суретін
Қап-қарадан аппақ сәуле көшірдім.
Өз отына өзі күйген ғаріп көп,
Бәрімізді сыйдырып тұр алып Көк.
Қараңғымен алыспаймын қарайып,
Мына ғалам қалу үшін жарық боп.
***
Қалып қойсын елеусіз қуыста мұң,
Жарықтық Күн! Жалғызым! Туысқаным!
Қанатыңның суырып күміс талын,
Шашып ойнап, сәулеңді уыстадым.
Маң-маң басып, жай ғана момын күліп,
Шуағыңа жібердің шомылдырып.
Мені қалай ояттың көңілді ғып?
Тереземнен жатқандай Өмір кіріп.
Жарықтық күн! Жалғызым еркелеген!
Жылуыңмын мен сенің, желкені- өлең.
Күнде-күнде жазылған әр өлеңмен
Әлеміңе бір шуақ ерте келем,
...және Күндей өзімді өртеп өлем...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Танагөз Толқынқызының жеке мұрағатынан