Құрметті оқырмандар, біз сіздерге жас ақындардың шығармашылығын таныстыруды әлі де жалғастырмақпыз. Сіздер бүгін Бауыржан Мырзақұловтың жыр дәптерінен ескен самалды сезініп, тағы бір ақынның таңы атып келе жатқан сәтіне куә болмақсыздар. Табиғаттан шабыт іздеген жас автор ақындық шабытын шарықтатып мүйізі қарағайдай шайырлардың ізін жалғап келеді.
Алматы. Көкбазар
Алматы...
Көкбазардың ішіндемін,
Таршылықтан тулайды түсімде мін.
Алқынғаны адамның алға қарай,
Қайда басар асығып түсінбедім...
Жығылардай жағасы баспананың,
Аспандап тұр бағасы асхананың.
... Өте шықты ой бөліп анасымен
Жылап-сықтап дауысы жас баланың.
Елжіреді жүрегім, езілді тым,
Сағыныппын балалық кезімді шын.
Жас балаңды, анасы, жұбатсаңшы,
Қандай ғана тасбауыр, төзімдісің!
Жас іркіліп көзіңе құлатайын,
Жаныма кел, жылама, жұбатайын.
Өкпелісің анаңа, қой, жылама,
Аңсарың не, қай затты сұратайын?
Жас балақай шоқтанған ұсақ түсің,
Ана заты қапсыра құшақ бұрсын.
Сағыныштан жанарға жас алғаным –
Алты жасар ініме ұқсап тұрсың...
Таң
Таң атты бозарып...
Ал бірақ,
Көңілім тас түнек, қап-қара.
Қалам тұр, түк сызбай қалжырап,
Тасып жыр кеудемді ақтара.
Өткен күн қылаң бер санамда,
Қатар кел қайғы-мұң, шаттығым.
Айбыным асқар тау алаңда,
Қайсармын, құрыштай қаттымын.
Тамыры тұл терек төзімнің,
Текті түр тереңді бақпадың.
Қанша түн ұйқысыз көзімнің,
Алдыма елестер қаптадың.
Қорқыныш. Қара аспан. Айлы түн,
Келісті көркіңе тамсанам.
Таң атып қанатын жайды күн,
Қайдасың жұлдыздар самсаған?
Жанарым сыр бүгіп жасырын,
Сезімдер толғағы жасындай.
Уақыттың артқа сап ғасырын,
Таңдар ат ентігің басылмай.
Өмірдің оюлы өрнегін,
Кезім бұл кестелер бізбенен.
Мен әлі түкті де көрмедім,
Жарты аяқ соқпақ жол іздеген.
Таң екеш күн шығып ұядан,
Биіктен кетіпті қарыстай.
Мен саған қарауға ұялам,
Тең құрбы қатарлас таныстай...
Алатау бөктеріндегі ой
Құдайдың қадаған қазығы,
Көтеріп әрең тұр жер сені.
Талыққан жанардың азығы,
Алатау, биіксің еңселі!
Құздарың тұралап көк белін,
Күнді алыс жиектен асырды.
Сыр тұнған құлпытас бөктерің,
Жасырып жатқандай асылды.
Жалықтым жасанды көріктен,
Алдыңа келгем жоқ қаңғырып.
Сенің не айырмаң өліктен,
Сұраққа жауабың – жаңғырық.
Биікке құмармын жасымнан,
Абырой мен үшін – пенделік.
Күнәм да көп шығар тасыңнан,
Кетпесем болды енді сенделіп...
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер stihi.ru сайтынан және ақынның жеке мұрағатынан алынды