Талапбек Тынысбекұлы: "Алтайымда аспан жылап тұрады..."

Талапбек Тынысбекұлы: "Алтайымда аспан жылап тұрады..."

Талапбек Тынысбекұлы. 1983 жылы қазанның 17-ші жұлдызында Алтай аймағы Қаба ауданында туылған. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің магистранты.
Шығармалары «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Егіз арна», «Гүл көктем», “Алатау жырлайды» қатарлы жыр жинақтарына енгізілген.

Республикалық мерзімді басылымдарда өлең, әңгімелерімен қоса, сын-ғылыми мақалалары да үзбей жарияланып келеді. Халықаралық, Республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әдебиет айдарының оқырмандарына ақынның бір топ өлеңдерін "Мінезіміз ұқсайды табиғатқа" атты топтамамен ұсынған болатынбыз. Бүгін тағы да бір туған жер туралы өлеңдер топтамасы өздеріңізге жол тартқалы отыр...

Тағзым
Басқаға бодан пақыр емеспін,
Баспанам болған тыңдашы дала.
Жолдары тарам жатыр елестің,
Арманның алыс сұлбасы ғана.


Көрем мен елден керемет үлгі,
Өлеңмен өмір өрнегін өрген.
Кеудемнен мұңы неге кетеді,
Бабамның жауға кезеніп өлген?


Қорқам ба, сірә, қамалым барда,
Ортаңда жүрсем жүрек басылмай.
Болғаны менің жазарым ғана,
Ордалы елдің клеткасындай.


Сөздерім сіңсе зердеңе елім,
өз жөнім мүлде басқаша.
Көнбесін алыс көздеген ерің,
Көрінер шалыс баспаса.


Айтамын мүмкін ашынып әлі,
Қайтамын бір күн тірліктен.
Өзіңе елім осының бәрі,
Сөзімнен менің сыр күткен.


Өзектегі у
Жасадым қоғамда мен ұлы,
Тасағып шындықты келгемін.
Миллиард масаның ызыңы,
Миымды улаған пендемін.


Қазағым– жыр-әнім, ұраным,
Тұмарым-туған жер төсімде.
Жұртында ғұндардың жыладым,
Мәңгілік керуеннің көшінде.


Пір тұтып міскінге табынғам,
Үркітіп ойымнан Алланы.
«Ағажай-Алтайлап» аңырғам,
«Елім-ай» елімнің салғаны.


Бостандық ауасын аңсадым,
Жаратқан жолымды жалғадың.
Білмеймін шырқалар қанша әнім,
Арнадым өмірдің қалғанын.


Алашпен тамырлас тынысым,
Тарихым,
               тағдырым,
                                 тілім де.
Обалдан безінген туысым,
Оралман атайды бүгінде.


Таныдым тәңірім иемді
Маймылдан азбаған екенмін.
Есімім еншімде біл оны,
Бәріміз иесі мекеннің!

Сакура көктемі
Күрсінтіп көңлімізді күндер біздің,
Сүрлеуі сан соқпаққа сүйрейді іздің.
Көлбеңдеп көз алдыма көркі келед,
Серуендеп Сакураны жүрген қыздың.


Бір мекен жөргегінде тербеткенмен,
Өмірге бағыт алдық өзге өткелден.
Ақтарып айта алмадым алты ауыз сөз,
Аттанып Сакураға сен кеткенмен,
Бақ тауып Алматыға мен жеткенмен.


Үкілім үндемейсің, ұяң жансың,
Қайғымды қамсыз күлген кім аңғарсын?.
Сакура санадағы бір армансың,
Құшарым құшағыңда тұмарлансын.


Келеді Алматыда алма бүрлеп,
Самал леп сыбырлайды қайдан үрлеп?
Сонда да Сакураға елеңдеймін,
Бақтары бірге аралар барма әлі деп.


Тобылғы бүрлеп келеді
Тобылғы бүрлеп келеді Толдеуліктегі,
Тербеліп тегі тәйірдің көзді еліткені.
Өкініп тұрған кезімде есіме алған,
Кекілік қуған күндерім кезбелік пе еді?!


Күйбеңі болған төрт түлік күн көріс деген,
Өзгеше баққа жұрт едік үйреніспеген.
Жамырап жетер кешкілік көген басына,
Қозы лақпенен қыратта бірге өрістегем.


Бал ғұмыр өткен ақшағыл жаңбыр аптаған,
Өзіңдей құшақ ашады қай жұмақ маған?!
Шоғырлы жұрттың шулатып аламойнағын,
У тақым ұлды ұнатпас тай құлақтаған.


Әкемнің жортқан жонында айтөбел кері,
Тұратын аңсап секілді әр төбе мені.
Жеңгелер барған бастаудан шоқыраңдатып,
Атамның атын суару мәртебе еді.


Атасыз жүрмін алақан айға көтермей,
Ертегі күннен не қалды айғақ етердей.
Құрық түспеген құлындай кекілді шағым,
Тобылғы сайда адасып қалған екен ғой.

Туған жер
Туған жер қойны дара бақ қандай,
Жүруші ем күнде аралап қанбай.
Жүдедім налып, аттанар шақта,
Жүрегім қалып бара жатқандай.


Ауылым көшер атанын қомдап,
Бауырым көшер сапарын оңдап.
Тауларым қалды, бау-бағым қалды-ау,
Жолдарым сені қапамын ойлап.


Бұлбұлың едім орманыңдағы,
Әуені бөлек өз бағындағы.
Молалар үнсіз мұңға батады,
Бөрілер жортқан жондарыңдағы.


Қиялда кезіп аралап бәрін,
Құрандай ұйып жазам аттарын.
Қытайға қалған құйқалы мекенім,
Құдайға ғана аманаттадым.


Мұңымды қуып тәтті ойлар бүгін,
Ағылды асау аққайнар жырым.
Асыға күтем, атағашыңа
Айналып алаш ат байлар күнін.


Інім

Мен көрдім дүние деген иттің көтін.
                     Абай Құнанбайұлы

Інім,
Сені ертіп әкелдім қалаға,
Сенер түк жоқ мұнда серігің.
Көнертіп көңілін налаға,
Кезертіп қалды ағаң ерінін.


Інім,
Тынысың басталар осында,
Күн үшін кімдер мұң көрмеген.
Ырысын досың да, қасың да,
Құрысын,
 біз үшін бермеген.


Інім,
Сырды ұғар жоқ мұнда ел, көршің,
Құрбылар қайдасың, кел дейсің.
Жыр қылар жусанға шөлдейсің,
Қыз қуар, көкпарды көрмейсің.


Інім,
Тағдырың терідей илейді,
Ән-жырың ауылға сүйрейді.
Жол биін моторлар билейді,
Тор құлын тақымға тимейді.


Інім,
Несіне қалаға қызықтың,
Есіңе салады-ау үзік мұң.
Жан аға-ау,
 демегін ұмыттың,
Далама үміт мың, үзіппін,
Қаладан үріктім. Інім.


Інім ,
Өкінбе осыған шүкірлік,
Есіңе ертеңді түсір де ұқ.
Бетінде біз жүрген бұ тірлік,
Көтінде боғы бар, түкірдік. Інім!

Қарашоқы
Тамыздың желі бетіме өбетін,
Таң ата анам мосы керетін.
Бишігін әкем беліне алғанда,
Саркідір саулық мекіренетін,
Қоралы отар сосын өретін.


Шатқалда өскен шұғынығыңнан,
Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.
Суырлы сайдың самалы желпіп,
Сезбедім қырдың суығын ұрған.


Жылқылы жұртқа ұнағасын ба?
Арсылдайды арлан түн арасында.
Тұсамысымен тықыршып тұрар,
Тұмарлы торым тұма басында.


Тылсымы сан мың таудың ұқтыратын,
Ұларлар салған ән құнықтыратын.
Сары қымыз бөккен сабаның даусын,
Сабаудың үні жаңғырықтыратын.


Төрт түлік түгіл ғашық аңдар да.
Күреңше күлген жасыл аңғарға,
Қоснауа басын қорыс қылатын,
Бұғы бейбақтар ашылағанда.


Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,
Асырған шыңы арманыңды айдан.
Жеңгелер алған бармағы балдан,
Сарыатан шөккен сарықарын майдан.
Айраның қайран, қаймағың қайран.


Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,
Әз жанын өтер ақын жүдетіп.
Шекілдеуікшіл шау қарғалардан,
Балқарағайдың басын күзетіп.

Алтай мұңы
Төрт бөлінген Тұранымның тұрағы,
Алтайымда аспан жылап тұрады.
Кең далаңды кернейлетсе көк бөрі,
Ер бабамның естілгендей ұраны.


Тәңірімдей тәу ететін текті ием,
Жасыныңдай жарқылдасам көк тілем.
Асан жортқан алып құрлық төсінде,
Алтайымдай аңыз мекен жоқ білем.


Жатсынбассың жұмағыма баласам,
Шамырқансам шуағыңа таратам.
«Ағажайды» шырқағым кеп тұрады,
Қарағайлы қойнауына қарасам.


Зарым сіңді самырсынды жотаңа,
Тарихыңды тұмшалама тасаңа.
Сырыңды ұқтыр,  шыныңды ұқтыр ботаңа,
Сақтан қалған сыбағалы босаға.


Селеулі қыр, сенен дүбір естідім,
Жон жараңды жырымменен тепшідім.
Қарақатты,
                    қызылқатты қолаттан,
Қызыл қанның исі аңқиды бек шыным.


Қайыңды өзек,
                      Тобылғы сай,
                                             ұшқатты,
Қиялымды,
                   жыр әнімді ұштапты.
Тау сұңқардың қанатына мінгізіп,
Тал тұлпардың тізгінін де ұстатты.


Көңілімнің айтылғанда бір әні,
Күмбез кеудем күңіреніп тұрады.
Алтай қайғым ортаймасын ойласам,
Ертіс жасым етегімді жуады.


Мұнарыңдай мұң арылмай жүрген ем,
Бұлағыңдай сыңғырласын сырлы өлең.
Шынарыңдай жақпар жарып шыңда өнем,
Қыраныңдай құзда туғам, құзда өлем.

 

Күлтелі күрең кісінемейді


Күлтелі күрең кісінемейді,
Үкілемейді жұрт оны.
Шағыр арманым тісін егейді,
     Түсіме енеді жылқы елі.


Бесімде міндім бекініп ерге,
Асаудың жалы жастығым.
Есімде бәрі осы күндері,
Ат жалын тарту жақсы ырым.


Қыз қуар, көкпар, бәйгеден,
Әй, менен ешкім озбады.
Төрімдегі әбзел сәндеген,
Көңілдің шерін қозғады.


Жалғаннан бүгін жылқы ығысады,
Қамыс құлағын қайшылап.
Балақтың шаңы басыма ұшады,
Сауырдан терім тамшылап.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: басты сурет ақының mail.ru-дағы парақшасынан,vk.com