Сырғып түсем бір тамшы жасқа айналып...

Құрметті жырсүйер қауым, бүгін сіздер Мақпал Мыса атты ақын қыздың шығармашылығымен таныс болмақсыздар. Мақпалдай жырларымен қазақ поэзиясына жаңа леппен келген оның алған асуы аз емес. Талай жыр мүшәйраларында бас бәйгелермен ғана қанжығасын майлап жүрген ол бүгінде өз тыңдарманын жинап та үлгерді. Ендеше, сіз де оқып көріңіз!

Мөлдір шық   

- 1 -         

Маусым кеші...

              Қайта оралмас кез бе едің,

Сенің нұрлы көздерің­­­­-ай, көздерің.

Өлең жазғым келіп тұрды сол сәтте,

Өлеңіне ұқсамайтын өзгенің.

 

Белден асса белес, белес, белес күн,

Елесіңе еріп кеткен емеспін.

Бір ән салғым келіп тұрды алдыңда,

Дүниеде шырқамаған әлі ешкім.

 

Көңілімнің  ұқпай жүрмін күйін кей,

Ақ қайыңдай тұрдым білем иілмей.

Би билегім келді шіркін...

                                        ырғалып,

Айдындағы аққулардың биіндей.

 

Ақ самалым желікпе деп желге ұрсып,

Көкжиекке күн де батты көлгірсіп.

Сол бір сезім жанбай қалған жанартау,

Жанарымнан тамбай қалған мөлдір шық...

- 2 -

  Маусым  кеші

     мазасыздау  бұл маусым,

         Мендік  көңіл  мейір  толы  жырға аусын!

         Аққуларым ақ сағымда адасып,

         Ақша бұлттар арасында жүр  даусым.

 

        Жастығымның   жалт  еткнде  жанары ,

        Құралайдың   лағындаймын жаралы.

        Жер бетінде жалғызсырап мен қалдым,

        Көл бетінде көктем қалып барады...

 

         Сәуір кетті, мамыр кетті  не дейін,    

         Ерке күннің елесіне ерейін.         

                           Көк өрімін  көгертуге көгімнің,                             

         Өлеңімнің  бұрымдарын өрейін.

 

Жақұт- жауһар жаумаса да төбемнен,

Өміріме өрнек салдым өлеңмен.

Көз алдымнан көгілдір тау  көрем мен,

Көк жиегі көктем болып  көгерген.

 

Сол  маусыммен ұнатамын жазды мен,

Айдынымды аялайтын азды-кем.

Елесіңмен ғұмыр кешіп келемін,

           Сағыныш боп саздан ұшса наз кілең...           

         - 3 -

Аспантауға асылған ақ таң келіп,

       Маусым түнін мап-мамық мақпал делік.

Құсни жырым өзіңе ұшқан қашан,

Ақ қанатын сабыла қаққан керіп.

 

Маусым кеші кездерім жанатын да,

Содан бері қаншама таң атуда.

Ақша бұлттар аманат, өздеріңе,

Сезімдерім сол құстың қанатында.

 

Ымырттан соң ататын жаздың таңы ай,

Қанатымды көгіңде жаздым талай.

Арайлысы айдынның аппақ өлең

Ақыныңның арманын аздырмағай!..

 

Жаздың  таңы жадырап белден асқан,

Мен сұлулық көрмедім көлден асқан!

Көктеменің көгіндей көгілдір маң

Көктем болып көрінді сендегі аспан.

 

Мақпал түнде мамық жыр жастай қалып,

Ұшам шіркін!

                          Арманға бастай ма анық?!

Көл бетінде қалқимын содан кейін,

Сырғып түсем бір тамшы жасқа айналып... 

       - 4 -                       

Жырларымен жұбататын сол ақын,

Жалғыз жарым қалған кезде құса түн.

Өмір кейде жел секілді соғатын,

Өмір кейде құс секілді ұшатын.

 

Бұл болмыстың бөлекшелеу бітімі,

Сағыныштың сарғайғанда сағымы.

Біздің үйдің мұржасының түтіні,

Біздің ауыл жұлдызының жарығы.

 

Тірлігімнің шырқалған жоқ бар әні,

Аспантаудың асқарынан самғау шың.

Бұрымымнан сипап өтіп барады,

Мамырдан мамырланған сол маусым...

 

Айдынымды аймалайды ай жарық,

Аппақ, аппақ армандардың досымын.

Кірпіктерім жұлдыздарға байланып,

Жанарыма жас сыйлады осы күн.

 

Жел құрғатар жанарымның шықтарын,

Не құдірет қара түннің көзінде?

Өлеңдерім өзің екен ұққаным,

Өлең болып кеттім, жаным, өзім де...

Айдынымды аялар армандар көп...

Екіндіге таянып түс бекінді,

Жаным менің сол сұлу құс секілді.

Керуені күндердің өмір емес,

Ұйқтап жатып көретін түс секілді.

 

Жарығымның жасылы көзімдесің,

Көктем барда көңілім көз ілмесін.

Қанаттылар тобымен ұшқым келді,

Өзімді де қанатты сезінгесін.

 

Керуен уақыт, несіне асықтырдың,

Торықтырма, тағдырым,                       

                                 тасып тұрмын.

Ақ дүниенің арайы аңсағаным,

Мені мәңгі өзіңе ғашық қылдым.

 

Сұлуына аққудың іштен құмар,

Түсінетін жан болса түстен де ұғар,

Аққу тектес ғұмырым ақ  дүниенің

Қанатынан сусылдап түскен жырлар...

 

           Сезінгенім, сезгенім жайт сенбеген,

Жұмбағын білсең сырдың

                                      айт, сен көкем...

Айдынымды аялар армандар көп,

Дәриға-ай, қайтсем екен, қайтсем екен?!

    Суреттер Мақпал Мысаның жеке мұрағатынан алынды