"Сұлуым, сырлы сезім қайда нағыз?!"

"Сұлуым, сырлы сезім қайда нағыз?!"

Еламанның өлеңдері елден бөлек бақытқа бөлейді. "ХХІ ғасырды бақытсыз санайтын" жас тарланның жырына құлақ түре отырыңыз.

Еламан Хасенұлы - 1993 жылы Кереку облысы, Баянауыл ауданы, Лекер қажы ауылында дүниеге келген. Баянауылдағы Ш.Айманов атындағы №1 қазақ гимназия-мектебінің түлегі. Қазіргі уақытта Орталық Азия Университетінің (Алматы) студенті.

Қарағанды облыстық «Қазына», «Жыр-Жауһар» поэзия клубтарының мүшесі. Баянауыл аудандық түрлі көлемдегі жыр мүшәйраларының жүлдегері. Оқушылардың Кереку облыстық «ХІІ Абай оқуларының» ІІІ орын, Қарағанды қалалық студенттердің «Махаббат көктемі» мүшәйрасының ІІ орын иегері.

       ЕСЕНИН    

Өлең теріп шерлі аспанның қойнынан,

Сергей, саған ойым менен бойды ұрам.

Сен асылып өлген арқан «бақытты»:

ең соңғы рет қатты «құшқан» мойныңнан.

 

Іңкәр қылып жүрген күнде бізді әлгі,

Сезіміңнен өлең болып із қалды.

Сол бір арқан күлер, бәлкім, кекетіп,

Саған қолы жете алмаған қыздарды.

 

Сұм сойқанның запыранды заңына әр,

Сендік Рух осал емес бағынар.

Өзің сүйген арулардың ернінде,

Әлі күнге сағыныштың табы бар.

 

Еліктірген, желіктірген Түн әні,

Сендік жүрек кінәсіз һәм күнәлі.        

Сұлулардың құшағыңа тұншыққан,

Жалыныңа жаны өртеніп жүр әлі.

 

Өкініштің басып ауыр салмағы,

Россия емес, күллі Адамзат зарлы әлі.

Өміріңді жалмағанмен сол арқан,

өлеңіңді буындыра алмады.

 

Таңданады таңдай қағып паң дүние,

Сендік Рух маған көшсе мәңгіге.

Айдан анық ақиқатқа айналды,

Дәуітәлі көкем айтқан әңгіме.

 

Сары шайырды кім айтады: «өлген»,- деп,

Орын алған Жүрек дейтін төрден кеп.

ХХІ ғасыр неткен бақытсыз:

Есенинді көрген жоқ!

 

 КҮНӘҺАР

Тарта бергенде енді алға қарай жыр-көшім,

«Өлең жазғаның күнә ғой»,- дейді бір досым.

Серік көріп ем жаныма жырды. Бұл қалай?

Еліріп сонда тұрды есім.

 

Өлеңшіл өрен айықпас дертке ұрынды,

Күнәлі болсам кешіргін, Аллам, құлыңды!..

Ораған шығар жанын Жұмақтың гүл өрті,

«Күнәһарлардың» «Алаш!»,- деп өткен бұрынғы.

 

«Күнәһарлардың» соңынан қалмай мен де ердім,

Шындығым осы: Өмір мен Жырды тең көрдім.

«Жын суын» ішіп адасқан жоқпын жолымнан,

«Жыр уын» татып сенделдім.

 

Мен нәр ап бойға өлеңмен өмір сүремін,

Көрермін талай тағдырдың соқпақ, сүреңін.

Қолыма қалам ұстатты Ұлы жыр күші,

Тылсымы терең өлеңім менің - жүрегім.

 

«Сайтан бала» боп Абайдың ізін басып ем,

Жазамын өлең Періште-көздің жасымен...

Өлең - отына өртеніп кетем Тозақта,

Ақындық деген күнә болса егер расымен!

 

САҒАН (3)

Көңіл бағына алты гүл ектім,

Есіміңе басқа телемін нені?

Ұйқасы болшы жарты жүректің,

Өмірім дейтін өлеңімдегі.

 

Жанымды сенсіз тұсады бір мұң,

(Жаймастай болды Төре- Күн құшақ.)

Құлазып жүрек, құсалы жүрмін,

аяқсыз қалған өлеңім құсап.

 

Сезімім - сенсің.

Көңіл бір сенде,

Түсімде ғана тілдесе аламын.

Өзіңсіз шалқып өмір сүрсем де,

сезімсіз қайтіп күн кеше аламын?

 

Мас қылып бітті тәтті мұң деген,

Жүрегің сенің - Жырдың Пейіші.

Жанарыңдағы пәктігің менен

тамағыңдағы нұрдың иісі,

Аңсатты, еркем.

Сағындым сені,

Жүрегімдегі күй мәлім саған.

Періште ораған жаным - гүлшоғы,

аяла мәңгі, сыйладым саған.

 

Сен тарту етші сезімді балдай,

Алдында ешкімнің төмендемейін.

Қарашы маған көзіңді алмай,

Қарашығыңнан өлең көрейін.

 

Жаныма келші, ойға жат күдік,

Махаббатымның әні құт дерсің.

Бақыттан басым айналмақ түгіл,

жүрегім, мейлі, жарылып кетсін...

 

Жүзіңнен нәзік сыр көрем жүзген,

Кездестің күліп, жүр едім жасып.

Көңілім ынтық Гүл менен Күзге,

Өлең мен Саған жүрегім ғашық.

 

 БИ КЕШІНДЕГІ БОЙЖЕТКЕН

Көңілдің биік құзынан жыр құлатылып,

Жүрегімдегі ағылды сыр тұма, тұнық.

Ойымды билеп әкеттің биіңмен әсем,

Бойымды билеп әкеттің мың бұратылып.

 

Керілген кербез кермарал, би кешіндегі,

Биің мен бейнең недеген үйлесімді еді?!

Жүрегің сенің ерніңе әмір берсін де

тербеліп вальс сазымен «сүй!» десін мені,

 

Даламнан ескен самалдай аймала мені.

Құшағыңменен беліңе байла да мені,

Жүрегімді де әкетші гүлдерге орап,

құлпырып, қалқам, көктемдей жайнаған өңі.

 

Сезімім үшін өзгеден ұяламын ба?

Бұл сезіміммен кеудеңе сыя аламын ба?

Меруерттермен мойыныңа өлең жазайын,

Екеуміз ғана қалайық би алаңында.

 

Ерініңдегі еркелік өртеді мені,

Көздегіңдегі құпия елітеді мені...

Есіміңді де айтпастан ғайып боп кеттің,

Күлше қызға ұқсап сол әйбат ертегідегі.

 

Мен сені: «көркі Ғаламнан асқан Ай»,- деппін,

Өзіңді көріп жүректен шашты арай бек Күн.

Ақбоз атыма мініп ап іздеп шығар ем,

Туфлиіңнің сыңарын тастамай кеттің.

Шалдыққан дертке, білемін,

Қалайды жаным ем-домды.

Өлең оқиды жүрегім,

Дамылсыз ұрып кеудемді.

 

Лүпілі әрбір өзің дер,

Тыншымай тіпті бір рет.

Мендегі үнсіз сезімдер -

сендегі тілсіз құдірет.

 

Сезім боп тербеп күй, тынды іш,

Бақыт пен Нұрға бөлендім.

Сендегі тылсым сиқыр күш -

қуаты мендік өлеңнің.

 

Өмірдің мәнін ұқтырып,

Кеткен- ді сендік ән арбай.

Жазамын өлең тұп-тұнық,

Сендегі мөлдір жанардай.

 

Сергітер жырым ұдайы,

Шашыңнан аңқыған иістей.

Мендік өлеңдер шынайы -

Алғашқы біздің сүйістей.

 

Жанымның шертіп ғазалын,

Жүрегіңе жайып гүлді көп,

Ерніммен өлең жазамын,

ерніңе тұрған үлбіреп.

 

Құшақтап, сүйдім, мың өптім,

Жанымыз тауып үйлесім.

Естілсін жыры жүректің,

Ағытшы көйлек түймесін!!!

АҚ ЖАУЫН- АҚ СЕЗІМ

Жыр-жүрегім, жырлайсың тағы нені?

Бір қыз көрдім, баурады сәні мені.

Екеумізді тербеген әткеншек те,

табыстырған біздерді жауын еді.

 

Әсемдікті жырлаудан жерінбегем,

Сұлулыққа ынтықпын тегінде мен.

«Тоңдың ба?»,- деп сұрадың.

Қайдан тоңам,

жылытып тұрдың оттай деміңменен.

 

Осылайша ұрладың сен есімді,

Сағым боп бейнең мұңға неге сіңді?

Бүгін жауған нөсердің арасынан,

көргендеймін, көріктім, елесіңді.

 

Ақынмын, енді өзіңе сыйым - ӨЛЕҢ,

Біз танысқан аулаға жиі келем.

Әткеншек бізді тағы тербесе екен,

бұл жолы махаббаттың күйіменен.

 

Келші, қалқам, музамдай пәк қасыма,

Сезімімді осындай шақта сына.

Жүрегімнің жұмағын аралайық -

жауын жауды көңілімнің бақшасына.

 

Сезімнің сыймайды екен төсіне адам,

Көктемнің мұң сыйлады кеші маған.

Қуатбек досым сынды «Ақ жауынның»

астында тұрып сені есіме алам.

 

Мәңгілік қоштастық па жай ғана біз,

Сұлуым, сырлы сезім қайда нағыз?!

Ақ жауын.

Тамшы тамып тереземе

атыңды жазып жатыр, Айдана қыз!!!

Еламан Хасенұлы

суреттер:liveinternet.ru; vk.com; fotokanal.com;it.paperblog.comdesktopwallpapers.org.ua

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига