- Негізгі бет
- Поэзия
- Сұлтанқожа Айжарықтың "Телеграмма...
Сұлтанқожа Айжарықтың "Телеграмма қабылдап алыңызшы" атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді
Сұлтанқожа Айжарық Ақылбекұлы – 1994 жылы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Сүлеймен Демирел атындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған.
Ақынның "Телеграмма қабылдап алыңызшы" атты алғашқы өлеңдер жинағының тұсаукесері 14-қараша күні Алматыдағы Жамбыл жастар кітапханасында өтті. Кешті жазушы Алишер Рахат пен Берікбол Батан жүргізді. Ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Сұлтанқожа Айжарық
***
Түнде
бұзылған шамның кекеш жарығы
ретсіз.
Таулардың қалаға сәлемі – ызғар.
Ғалым мен жазушы
қиылысына келіппіз,
Әлі де жарты минутымыз бар.
Төрт есікті қараның
қарынында – діріл,
алқымында – тоқ.
Күндізгі ойлардың ендігі бірі
сатылымда жоқ.
***
Көктемге бір қадам –
бір күн,
таң ерте.
Аспан мен құстардың қолқасы –
күлкің.
Ас бөлме.
Шуаққа шомылған дастархан.
Үстінде – бес дүркін тыныштық,
Үш дүркін шаттықтың жеңісін тойлаған
шынылар.
Шәугімге оралған олардың
әрқайсы ішінде тиісті сыры бар...
Біреуі үнемі қоп-қою мінезді,
Бірінің ап-ашық аспаны,
Бірінің тәп-тәтті сенбілік таңғы асы.
Бірі үшін бұл мезет ып-ыстық демалыс бастауы,
Бірі үшін... жәй ғана жұманың жалғасы.
***
Ауаның бояуы,
көшеде көліктер жүрісі,
ағаштың діңдері,
Терезе алдында жайылған кірлердің
желменен тынысы.
Бұлттардың астында ғимарат –
маңдайы жағылған күнменен.
Аспанның көршісі – таулардың
етегін шимақтап, –
көшелер,
Қаланың
танитын әр құсы...
Алматы сырының аудармашысы –
сен.
***
Мен ешнәрсе сезбегенге
ұқсадым,
Сен қарадың жанарыңды құлыптап.
Жолаушы ғып есімімді ерініңе...
Енді ұсынған құшағың
қай уақытта үлгерді екен суып қап.
Түсініксіз белгілер мен көшелер
мазам кетіп адастым.
Әлдебіреу ұқсамайды өзіне,
Бөтен қала,
Оғаш тым.
Бұл қалада
Ай сыйқырсыз аспанда.
Ауасында еріген сөз – сүйкімсіз.
Өзіңізді танымайтын секілдімін,
Сіз кімсіз?
***
Қаңтардың уәдесін ұмыт.
Сенімен бірге
ақпанға аттанатын
бір ғана есім.
Шынында,
сөздеріңнің жеңін қанша түрсең де
бұл сезім
саған шақ емес,
Оны өзің де білесің.
Айтшы
қандай болып көрінгің келетінін?
Үлкен бе, әлде алыс па?
Мүмкін терең,
секілді ойларың
ғарышта
жасырын... беймаза...
Түсінбейтінің тек
кім ұтты деген жарыста
ол сені –
теріс болсаң да киюге дайын.
Сол үшін...
Сол үшін...
Сөздеріңнің көлеңкесін өлшеу
оның сеніміне
еш қатысы жоқ шығар.
***
Бұл жерде
көктемнің дауысынан басқа,
сенің жабық көздерің...
Және мен
жалғызаяқ түстерден оралғанша –
қасыңдамын.
Күтіп көзеріңнің ашылғанын,
толқынды тынысың
қанатты жолсеріктердің
тағатын тауысқанша,
мен әлі де қасыңдамын.
***
Менің еркем, бірінші өзіңді,
сосын, қаласаң, мені де
бақытты болуға қарға.
Міне,
маужырап өткізген баяу күз де бітіп,
қыста да
ақша ұлпаның
бөлмедегі сергек жарығынан ұялмай,
жылы көрпенің әрбір қиырына сіңген
мәнсіз тыныштығымызды
игерумен болармыз.
Терезеден
кептерлерден ақылдырақ көрінетін
қарғаларға қарап,
әлдебір ойларыңды
ішіңнен, білем,
сен де
түйесің.
***
Қол сағатымды саттым да,
сен ұнататын гүлдерді алдым,
Ал сен тіпті жымиған да жоқсың.
Байқұс гүлдер,
сағаттарым мен минуттарымды
сенің күлкіңе айырбастап берер деп едім...
Аманатын
сенің көздеріңе тапсыра алмай
солды.