Қазақ поэзиясының алтын қақпасынан өзіне ғана тәуелді мінезімен аттап, соңынан санаулы һәм саналы оқырман ерткен ақынның бірі Ырысбек Дәбей. Санаулы дейтініміз сансыз оқырман ерткен ақын бұл буында әлі жоқ, әр кім ауыл-аймағы, бота-тайлағы бар өз көшін бастап келеді. Саналы дейтініміз даңғаза даңққа бой алдырмайтын ақынның өлеңдерін тереңіне бойлап, иіріміне сүңгіген шынайы, бүкпесіз оқырман. Ырысбек өлеңдерінің мінезі сабырға шақырады. Жасанды сабырлылық емес, алтын жалатқан қорғасындай сұлу салмақтылық. Қара қоста туылып, қара тауға талпынған, алғашқы өлеңдерінде момын елдің қоңыр тірлігін жырлай келгендігін ойласаң, ақынның бүгінгі жырлары бәз-біреулердің өтірік елесімен, лепірік кеңесінен туған тақпағындай емес. Өзіндік тереңімен сүттей тазалыққа, құлынның тостағандай көзіндегі мөлдірлікке, бәйтеректің тамырындай қуаттылыққа, ар мен адалдыққа «бой алдырып» бара жатқандай. Саналы оқырман, ендігі төрелік сіздерден...
Кертолғау
Мәңгілік тоқтап қалған уақыттың демін сезіну –
Қаншалық азап болса да,
Керемет, ғажап!..
Өмір мен өлім үзігіндегі Ұлы сағыныш –
Бәлкім ол біз айтып жүрген
Обал мен сауап.
Қою орманға сүңгіген жалғыз аяқ жолдың,
Жалбызы бұрқырап түйсікке ұратын...
Әттең, сол аумақты қанша шарласам да,
Баяғы таңғы шапақпен жүзіңді жуасың.
Тоқтап қалған. Мәңгілік тоқтап қалғаны рас,
Көзімде ғана сарғыш тартқан жапырақ дірілі.
Өтіп барамыз... кімді, қайда қалдырып...
Қолымда үзіліп түскен уақыттың бұрымы...
Таң бозынан оянып бір шумақ өлең арнадым,
Кірпікке байланған тамшыдай зілмауыр.
Құсы да сайрамас жасыл көшенің,
Еске алып өмір сүретін –
Мәңгілік тоқтап қалған бір дәуір...
Дос
(Тоқтарәлі Таңжарыққа)
Алматы көшелерін кезген жалаңаяқ жастықтың
Ағарған шашы қылаулап...
Қап-қара суреттер мен күрсіністерге толы,
Ғасыр қалтарысында қалған бейбақ Отанның тұрғындары –
Мың бөлшек.
Кісі танымастай өзгерген өңі.
«Қожыр таулардан қошқар мініп келген»
Әй, қайран қауымның соңы.
Бырт-бырт үзілген домбыра ішектері,
Шанағын сары жел – уайым кезіп.
Сазына елітіп мың жылғы...
Сағынышқа айналған...
Алып шаһарда басталған мағынасыз жорық.
Іштік. Жедік. Қалтыраған саусақтарымызбен картаны шашып
Бал ашқан сығандай «ғайыпқа» сеніп...
Ауылда бір дос
«Әулиеге ат, Қорасанға қой айтып»,
Бізді еске алыпты көз жасын төгіп...
Ұмыт болған-ды әлдеқашан,
Жанашырлықтың соңғы тамшысы...
Сол досты еске алдым бүгін
Көшкен жұрттай құлазып,
Жүзімде тұтылып жұқарған Айдың жартысы...
Мұнарлы жаңбыр
Қайдан естілді,
Жүректі тілген құс қанатының суылы?
Жырақта қалған
Орман – күлкінің үздігіп жеткен уілі.
Ұмытуға оңай...
Обалы кімге?
Ойымнан шошып өксідім,
Мұнар қаланың еңсені басып ләйліткен қызыл іңірі.
Саған тартатын сүрлеуді таппай...
Кір басқан жүрек жуынар,
«кел-кел» деп қойып келеке етші...
Есігіңді іштен іліп ал.
Таныс көшеден ән салып өтер сал-сері жігіт шаршаған,
Сұлбасын сүйреп көне көшеден
Ілбиді байғұс ғұмыр – Ар.
Терезең мұнар,
Жаңбыр себелеп...
Көрінбес дала әйнектен,
Еске алуға ауыр...
Биылғы көктем,
Айтшы, сен айтшы, қай көктем?!
Есен болыңыз...
Жым-жылас түнге кіріптар Ұлы сапарлар,
Жанымның жауһар жапырағын дүр-дүр сөйлеткен...
Жалғыздық
Көшелер кірлеген,
Шаршаған көшелер...
Маңдайдың сорындай ауыр
Бұтақ та бүрлеген, қиялшаң үміттей
Саусағын созады сәуір.
Сен мені қай жаққа апара жатырсың,
Жұтылған соқпақ?
Күңгірт түн ішінен бөрі боп ұлиды...
Жоғалған ауыл.
Түнімен түс көрем, түйсігім байланған...
Құм басқан даланың есірік желі...
Біреуге жолықтым,
Дүдәмал тілімде күмілжіп сұрадым сені.
Ұмыт боп барамыз...
Айтпайды олар да тебіреніп
Екеуміз жайлы,
Адасқан ақылдың біз емес соңы.
Жаныммен жүдедім, мәңгілік махаббатымды
Санамнан қуып,
Соңымнан ергені сормаңдай күдік.
Есен бол енді!!
Ертеңгі аманатыңды кеудеме сақтап,
Жалғызға айналған жақындарымның соңынан
барамын қуып, барамын қуып…
Алтай
Алтайдың қысы тым ұзақ,
Алтайдың қысы тым басқа.
Қиялдан тұлпар мініп ап,
Шегесің сапар бір басқа.
Әулие ақпас шоқылар
Қарайды сұсты ғаламға.
Өзінен-өзі оқылар
Бір сыр бар осы заманға.
Аңсайды, бәлкім, алғашқы,
Аңқау да адал тұрғынын.
Сағынған шығар зар жақты,
Зарлығы менен мұңлығын.
Буазып бұлттар, бұйығып,
Тастарға анау жас тамған.
Көк жалқын отқа сиынып,
Алтайда тірлік басталған.
Алтайдың түні тым басқа,
Алтайдың түні кіл ертек.
Ол жерде кешер мұң басқа,
Дәуірді ұмытып тым елпек.
Аңсар
...Жыр жазып отырам кейде,
Мәңгілік махаббат жайлы.
Қобыздың тілінде сөйлер,
Көкжал жанарындағы қайғы.
...Құстардың қанаты талған,
Сезеді жазира – мезгіл.
Құмдарға көз жасы тамған,
Жаңбырлы маусымдай кез бұл.
Тозақтың отындай шарпып,
Даланы күйдірер аптап.
Толқында қауырсын қалқып,
Жағаны жайлайды батпақ.
...Теңізге көз салып шалқар,
Күтесің...
Телміріп нені?
Жағалау тұңғиық тартар,
...Теңіздің сұп-суық желі.
Терезе сыртындағы көктем
Бүгінгі ояну –
Мың жылғы ұйқыдан тұрғандай зіл батпан.
Алақай!
Көктем тұр терезе сыртында дір қаққан.
Тым жақын арамыз,
Кеңістік қабырғалармен бөлінген,
О, ұлы бостандық,
Шексіздік симфониясын тыңдатқан.
Жұқалтаң әйнек...
Өлім халінен де ауыр сезінген...
Менің сезу түйсігімнің түйісі.
Қол созым жерде
Жұпар әлемнің — раушан гүліне айналған иісі.
Мен сені сүйемін, көктем!!
Алысқа апара жатқан жолдарды құшып,
Жапыраққа айналар жанымның
Алпыс екі тамырын иітіп...
Уағда
Жанарда жасын боп сөнген,
Хұсни дидарың ғайып.
Қабірдей сұп-суық бөлмем,
Түн жылар шаштарын жайып.
Есігі ашылар кімнің,
Бұл жерде жоқсың ба әлде?
Желегі жыртылған жылдың,
Айналдық қуарған тәнге.
Терезе алдында тұрып,
Сары түске боялған шырағдан.
Үзілген тамшыдай тұнық,
Қайда сол айнымас уағдаң?
Елеске айналар бәрі,
Бұл көңіл елікпес әнге.
Тым ұзақ қаңтардың таңы,
Қалғимын естанды халде.
Алматы. Ойынхана
Аспанның ағылған бозқырау тамшысы,
Жапырақ бояуын мезгілге тонатқан.
Жалынсыз жанарлар көшеде шарпысып,
Адамдар осылай өздерін жоғалтқан.
Таппайсың қаланың
Көңілі қай маңда?
Кешқұрым тәкаппар сұлулар жол алар.
Талыққан нәресте саусағын жайғанда,
Дәніккен құмарпаз үйіне оралар.
Оралар үйіне...
Миында көше әні,
Қоп-қою түтінге тұншыққан мас ұлдар.
Кім енді кімдерді қай жақтан тосады?
Рулетка секілді айналған ғасырлар.
...Тағылым қаншама біз оқып бітірер,
Ертең де басылмас шаһардың аптығы.
Сарғайған жүзіңе уақыт түкірер,
Тәніңді ұлы жер қойнына тапсырып.
О, ұлы даланың оғылан ұланы,
Сіз маған өзге елдің қаласын айтасыз.
Ол жерде осылай құбылғыш шырағы...
«Некесіз тойлардан би-билеп қайтасыз».
Алматы – Лас-Вегас – Алматы.
Қаңғыбас жарық
Көзімді сығып күрсінуіме иланды жалған,
Жаңбырын төгіп Жасағанға айтты жалыққанымды.
Қызығы кетіп сайтан сандалған қирандылардан,
Емге іздеп жүрмін іңір боп кеткен жарықтарымды.
Шашылып кеткен шуақтарыма түн келіп тағы,
Аузын ашады арам нәпсісін алдына салып.
Өкініш болды-ау тірілгеніміз бірге өліп барып,
Жек көрем сені тіміскіленген қаңғыбас жарық!
Күзгі күнгі ант
Бұл тұман сейілер,
Зарыққан сапарға сені іздеп шығайын.
Көкжиек сімірген –
Көп тарау, көк иірім жолдарым.
Сыбыры сиқырлы әуеннен сұрайын,
Түнектен жүрекке нота боп жайылар қолдарың.
Жолдарым қуантар,
Уағдалы сағатта.
Ақ қырау жүргінші таңдайын жібітер.
Менің жанымның мәрмәрі шашылған параққа.
Сол кермек тамшыны ақ қайың бүрінен
Кім ішер?
...Күтуге келеді сол ару бүгінде,
Ертерек есейген һам мұңлы дидары.
Сұп-суық жел есер,
Ормандар ән салар уілдеп,
Еске алып антымды
Сертіме иланып...
Шық тұнған жолдар
Сағыныш кейпінде,
Сап-сары тауларды көремін –
түс қой бұл.
Ол енді өлең боп оянар,
Азабын көтерер Жер – ұлы.
Сорым да бес елі арқамнан түспей жүр,
Өңірім ып-ыстық тамшыға боянар.
Обалын көтеріп мойныма,
Бір ұзын жол шұбар, нәресте жетектеп.
Түбінде сұрайды ол расын.
Ауырлық қалпымен түн келер,
Оу, қанша қорғасын кеш өтпек,
Рухым жаза алмай құлашын.
Алланың алдында айтары,
Аузынан ақ моншақ төгіліп бәдәуи пенденің.
Ақ сүттей ар ғана,
Мен соны білмедім.
Сақылдап күлген бір сайқалдың соңынан ергенім...
Енді сен алдама!
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет liveinternet.ru сайты мен ақынның жеке мұрағатынан алынды