- Негізгі бет
- Поэзия
- Шуаққа толы жыр...
Шуаққа толы жыр ғұмыр
Біздің жақтың таулары қырқы дөңді, көкіргі толған боз-бетегелі келеді. Мінезі де табиғатынан тым асқақ. Бойыңды ұмсынып, басыңды имесең пақыр пендеге паң күліп, жатырқана қарап көзіңді заңғарына оңай шалдырмайды. Ал өзені сол таулардың мәрт тасқынын танытып, ақша көбігін ақ шаңқай далаға қашан қарасаң жыр қылып төгіп жатқаны... Көпке танымал ақын Қанипа Бұғыбаева да өз болмысына сай келетін осындай ортада өсті. Жастайынан үміт күттірген, жалауы «жігер» аталатын самалға желбіреген Бұғыбаеваны аз уақыттың ішінде одақ көлеміне танылатын ақын болатынын алғашында ешкім ойлаған емес. Кішкене ақын жастайынан тағдырдың таңған тауқыметін аянбай тартып, жетімдік зарына сәбилік көңілмен сызылтып үн қосатын. Алтыншы сыныпты аяқтауға таяу қалғандағы ақынның мертігіп, төсекке таңылуына барша жұрт қатты аяныш танытқанымен, бойын билеген мүгедектік Қанипаның жаңа өмір есігін ашатын кілті болғанын аңдап ойлаған да жоқ. Аяғына бұғау болған аурудан орта мектепті толық бітіре алмаған ол - өз колхозының радиоторабында қызметші болып орналасқанында бәрі таңданысқан. Содан да болар, Қанипа жырларында өз басының мұңын шертетін алпауыт стихиялы драма жатыр. Ашығында, Қанипа ақынның жырларының ерекшелігі – тағдырына мойымайтын өзі секілді қайсарлығында еді. Ақын денсаулығына байланысты білімнен қол үзгенімен, ұдайы түрде ізденіспен шыңдалды. Оның өлеңдеріне баға берушілердің көбі: «Қанипа Бұғыбаеваның жырларында жасу жоқ, жалын мол. Ол қарысып, қатаң тағдырды келеке етпек болады. Анасын еске түсірсе де егілмейді. Мен бүгін бүршік атсам, гүлдеп, ана, ол сенің ұлылығың, даналығың деген сәтті жолдар арқылы өзін – сол абзал ананың жалғасы екендігін айтады » деп таңданатын. Тіпті, кесек – кесек орам, ақиқатқа жапсарланған түйін, көңіл шатырына сәуле сыйлайтын иірімге толы өлеңдерін оқығанда да ағалары: Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов те өз таңданыстарын жасырған жоқ... Жылдар ағымында Қанипа ақын толысу үстіне тасқындай берді. Жанын өртеген нәзік сезім мен мамық сыршылдықтан аттап, дәуір пафосына руханы құндылығымен шапағын шашты. Заман ағымына қатысты оның тура сөзге төрелік қылып жазған жырлары кез-елген оқырманды риясыз сүйсіндіретін. Қанипаның бойында жағыну, жалбарыну мінездері болған емес. Әбу Сәрсенбаевтың: «жас ақынсың, сен үшін шығатын жинақтарыңның таралымы өте маңызды» деп сол кездегі Баспа және полиграфия жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы (қазіргіше министр) Шериаздан Елеукеновпен ақынды таныстырғанда да, «танысып не істеймін, кітабым бір-ақ дана болып шықса да маған жетеді» деп жеңіл келетін атақ-даңқты құп көрмеді. Дастархан басында аталған әңгімеге байланысты кикілжің туындағандықтан көп уақытқа шейін Әбу аға мен Бұғыбаеваның мінездері жараспады. Бірақ өзін ауылында арнау өлең оқып тұрған жерінен танып, Алматыға шақырып, сал болып қалған аяғын емдеткен қазақ әдебиетінің «Абыз» ақындары Тұманбай Молдағалиев пен Әбу Серсенбаев болғанын ақын бір сәтке ұмытқан жоқ. Қанипаның өр мінезі көп жерде өзіне қарсы оқ болып атылды. Көңілін қар басқан түндерде де ақын: «Маған келгенде күннің көзін бұлт бүркеп алады» деп толғанғанында оның бәрі өзінің әділетке жұғымды мінезінен болатынын еш байқаған емес. Оның жырлары оқырман қауымның жүрегінде жылы орын алғанымен, ақынның тағдыры сәтсіздікті көп сүйді. Қанипа - тағдыр мен пенденің тікелей алдаспан айқасында шыңдалды. Одан «нағыз ақынды» да өмірдің өзі жасап шығарды. Тіпті, мектепке алғаш барған баласы Талап та өзін көрген ұстаздарының «ақынның баласы келді!» деген сөзіне қарсылық танытпайтын. Мойнымда азаматтық парыз, перзенттік міндет-борыш бар ақын кез-келген адамның сырласу сезімін оятып публицистикалық туындыларымен де көпке танылды. Қанипа ақын ҚазМу – дың журналистика факультетінде оқыған студент шағында да «ақын қыз», «журналист қыз» атанып жүрді. Алғаш болып желтоқсан оқиғасына да:
Ерте танып, дұшпанының түр-түсін, Қазағым деп қиған ұйқы, күлкісін. Ахмет, Ілияс, Міржақып пен Мағжандай, Құрбан болып кетті Қайрат ұлты үшін, – деп жырлаған Қанипа Бұғыбаева екенін әдеби орта танып жарытпады. Ақсу – Сарқан өңірінде ғұмыр кешкен Сара ақынның болғандығын, «Біржан – Сара » айтысының қолдан жазылмағандығының Қанипа ақын айғақты- дәлелі болды. Себебі жоғарыда аталған тұмса табиғат Ілияс, Жұматай, Сара,Сәкен, Қанипадай ақындарды әлі талай қазаққа сыйлай алады. Оған қауқарлы. Бір ғана сөзбен: Қанипа – қазақ қоғамындағы ашық демократия мен мөлдір лириканың жасаушысы. Оған ешкімнің таласы жоқ.
Қастай Дастан
Ә. Жутаева